05 Сәуір, 2016

Жаһандық жиында абыройымыз асқақтады

338 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
КарипХалықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының белсендісі, суретші Кәріпбек КҮЙІКОВТІҢ есімі көзіқарақты оқырманға  жақсы таныс. Полигон зардабын тумай жатып тартқан, кемтар болып туса да өмірге деген құштарлығын жоғалтпаған жанның қайсар рухына бүгінде көп жұрт тәнті болған. Екі қолдың жоқтығынан аузымен және аяғымен сурет салып, ядролық жарылыстардың қасіретін өнерімен айыптап жүрген азаматтың ісіне қалайша сүйсінбейсің?! Жақында оған хабарласып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте сөйлеген сөзіне қатысты пікірін сұрап-білген едік. – Жалпы, бұл мәселе маған мейлінше таныс болғандықтан да саммит барысын теледидар және газет арқылы бастан-аяқ қадағалап отырдым, – деп бас­тады ол әңгімесін. – Мені, әсіресе, Елбасы ұсынған «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты бағдарлама тәнті етті.  Бұл құжаттың өзегі ретінде «Невада-Семей» қозғалысы көтерген көптеген мәселелердің де көрініс тапқанына қуандым. Бағдарламаның әлемді ядролық қарудан құтқарудың амал-әрекетін жан-жақты қамтығанына және де ол өзінің жемісін беретініне сенімдімін. Бүгінгі күнде бүкіл әлемді терроризм проблемасы қатты алаңдатып отыр. Саммитте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл шетін мәселеге ерекше мән берді. Мысалы,  атом энергиясымен жұмыс істейтін нысандар қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, ядролық материалдардың терроршылар қолына тү­суіне жол бермеу шаралары жөнінде айтқан ойлары көкейкестілігімен ерекшеленді. Елбасының: «Бұл үшін бүкіл халықаралық қоғамдастықтың бірлескен нақты жұмысы қажет. Мен террорлық ұйымдарға қатысы бар әркімді бақылауға алуға болатын бір­ыңғай әлемдік желі құру қажет деп санаймын», дегені оның әлемдік деңгейде ойлап, адамзат баласының қамын жейтін қайраткер тұлға екенін аңғартса керек. Жалпы, өз басым Қазақстанның ядролық қарудан алғашқылардың бірі болып бас тартқанын адамзат баласының бейбіт өмір сүру ісіне қосқан үлкен үлесі ретінде бағалаймын. Бүгінгі күнде біздің еліміздің осынау батыл қадамына әлемдік қоғамдастықтың өзі аса жоғары баға беріп, өз кезегінде бұл  бастама Қазақстанның жағымды имиджінің қалыптасуына зор ықпалын тигізіп жатыр. Мұның өзі Елбасымыздың ұзақ жылдардан бері ядролық жарылыстар мен жаппай қырып-жоятын қаруларға қарсы табанды түрде жүргізіп келе жатқан жұмысының нақты жемісі. – Қазір немен айналысып жүрсіз? Өзіңіздің шығармашылығыңыз туралы айта кетсеңіз. – Қазіргі кезде мен көбіне пейзаж салумен айналысып жүрмін. Әрине, өзімді толғандыратын ядролық жарылыс тақырыбына да әлсін-әлсін оралып отыруыма тура келеді. Ондағы мақсатым – адамдар бұл қасіретті естен шығармаса екен, оның зардаптарының қандай сұрапыл екенін біліп жүрсе  екен деген ой. Мені кейде мектептердегі, тіпті, түрме­лердегі түрлі кездесулерге шақырып жатады. Оларға мен қуана барамын. Мұндай жүздесулер маған күш-қуат және шабыт береді. Өзіңнің қоғамға керектігіңді және титтей де болса пайдаңды тигізе алатыныңды сезінудің өзі адамға керемет әсер етеді. Мұндай кездесулер­де мен ядролық жарылыстардың қазақ жеріне әкелген зардабы туралы айтып, өскелең ұрпақты болашақта ел мен жер­дің тағдырына немқұрайды қарамауға шақырамын. Осының өзін мен ядролық қарусыз әлем құру ісіне қосқан тамшыдай үлесім деп түсінемін. – Дәл қазіргі уақытта сізді өнер адамы және қоғам белсендісі ретінде  тағы қандай мәселелер толғандырады? – Осыдан біраз жыл бұрын АҚШ-тың Невада штатында болғанымда, жерге тізерлей отыра қалып, екі бетін жас жуып, өзінен өзі күбірлеп сөйлеп жатқан адамды байқап қалдым. Аудармашыдан сұрағанымда, ол әлгі адамның адамзат баласының істеген қиянаты үшін Жер-Анадан кешірім сұрап жатқанын айтты. Бұл оқиға маған өте қатты әсер етті. Кеудемде жаным қалғанша ядролық жарылыстарды айыптап, бұл қасіреттен  зардап шеккендердің проблемаларына шығар­маларым арқылы жұртшылықтың назарын аударуға тырысып келемін. Бұл істі жалғастыра беру – менің азамат ретіндегі асқақ миссиям! Елбасының өзі абыройымызды асқақтатқан жаһандық жиын – саммитте сөйлеген сөзінде дәл қазіргі уақытта адамзатты соғыс қаруынан арылтудан өткен көкейкесті міндет жоқ деді емес пе?! – Әңгімеңізге рахмет.  Қайрат Әбілдинов. «Егемен Қазақстан».  ҚАРАҒАНДЫ.