Парламент Мәжілісінде Төрағаның орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исімбаеваның төрайымдығымен «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының алғашқы жиналысы болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Фракция жетекшісі Гүлмира Исімбаева: «Ағымдағы жылдың 24 наурызында Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев Саяси кеңес бюросының отырысында және фракция жиналысында партия мен депутаттар корпусының негізгі міндеттерін атап өтті. Естеріңізге салып өтейін.
Біріншіден, Үкіметпен бірлесе отырып, Бес институттық реформаны іске асыру жөніндегі Ұлт Жоспарын заңнамалық қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыру;
екіншіден, партияның сайлауалды бағдарламасын сапалы және уақтылы іске асыруды қамтамасыз ету;
үшіншіден, «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыруға және мемлекет бөлген қаражаттың тиімді жұмсалуына қатаң партиялық бақылау жасауды күшейту;
төртіншіден; халықтың өзекті мәселелерін анықтауға және шешуге жан-жақты көмек көрсету;
бесіншіден, Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз өзара іс-қимыл жасау;
алтыншыдан, орталықтағы және жергілікті жерлердегі фракциялардың жұмысы халықтың көкейкесті проблемаларын нақты шешуге, кері байланысты нығайтуға бағытталуы қажет», – деген болатын, дей келіп, бұл міндеттерді орындау үшін фракция сапалы заңдар шығару қызметіне баса көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.
Фракция туралы ережеге сәйкес, жиналыста Асқар Базарбаев, Ирина Аронова, Нұртай Сабильянов фракция жетекшісінің орынбасарлары болып сайланды.
Фракция шешімімен фракцияның жанындағы үш консультативтік-кеңесші органдар: Экономикалық саясат жөніндегі кеңес; Әлеуметтік кеңес; Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңестер құрылды.
Экономикалық саясат жөніндегі кеңесті депутат Бейбіт Мамраев, Әлеуметтік кеңесті депутат Шауқат Өтемісов, Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңесті депутат Серік Сейдуманов басқаратын болды.
Сонымен қатар, фракция жиналысы «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының жанындағы «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан бөлінетін қаражаттың және бюджеттік қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуына бақылау жүргізу бойынша комиссияның жеке құрамы бекітілді, сондай-ақ оның келесі бағыттар бойынша басшылары сайланды:
«Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту» комиссиясын депутат Ирина Аронова; «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту» комиссиясын депутат Берік Оспанов; «Индустриялық, энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту, шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау» комиссиясын депутат Нұртай Сабильянов; «Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту» комиссиясын депутат Мұхтар Тінікеев; «Агрөнеркәсіп кешені субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» комиссиясын депутат Жексенбай Дүйсебаев басқаратын болды.
Мәжілістегі фракция мүшелерін «Нұр Отан» партиясының сайлауалды «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» бағдарламасын іске асыру бойынша қабылданып жатқан іс-шаралар жөнінде партия хатшысы Наталья Годунова хабардар етті.
Сонымен қатар, отырыста фракцияның ағымдағы қызметінің мәселелері қаралды.
Жиналыстың жұмысына Президент пен Үкіметтің Қазақстан Республикасының Парламентіндегі өкілдері қатысты.