Елбасының ІV Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте сөйлеген сөзі туралы пікірлер тасқыны толастар емес. Олардың бәрі де дүниежүзілік деңгейдегі танымал тұлғаның озық ойы мен берік ұстанымы, батыл ұсынысы мен
байыпты саясаты ядролық қарудан ада әлем орнату ісінің іргетасын одан әрі бекіте түскенін айтады.
Осы орайда, әлемдік деңгейде әңгіме қозғаған саммит жайындағы өзінің ой-пікірімен «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша ОСПАНОВА былайша бөлісті.
– Америкада өткен ІV Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттен қандай сабақ алу керек деп ойлайсыз және бұл жиынның аталған мәселе түйінін шешудегі ықпалы туралы не айтуға болады?
– АҚШ-тың астанасында өткен бұл саммит, сөз жоқ, әлемдік деңгейдегі маңызы аса зор жиынның бірі болды. Дәл қазіргі уақытта жер бетін ядролық және жаппай қырып-жоятын қару түрлерінен тазарту үшін бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығаратын бірлік керек. Бұл шетін мәселе турасында әлем жұртшылығының қатты алаңдап отырғаны тегін емес. Уақыт өткен сайын бейбіт өмірге қауіп төндірген қақтығыстар, қырғи-қабақ соғыстар бүгінгі таңда жер бетіндегі мамыражай тіршіліктің жар қабағында тұрғанын аңғартып келеді. Ал саммитке келсек, бұл жиын – осы қауіп-қатердің алдын алуда алғы шепте тұрған бірден-бір тас қамал және ол зор саяси күшке ие қорғаныс.
АҚШ президенті Барак Обаманың осы саммитте «Біз ядролық қауіпсіздік бойынша жаңа байланыс тобын құрамыз, бұл 30-дан астам елдердің жоғары деңгейдегі сарапшылар тобы, олар біздер қол жеткізген өзара іс-қимылды ұстап тұру, бұл жұмысты жүзеге асыру және алдағы жылдардағы ілгерілеуді ұстап тұру үшін тұрақты негізде кездесіп тұрады», – деуі жаһандық бұл жиынның қаншалықты ықпалға ие екенін байқатады.
– Ядролық қауіпсіздік жөніндегі келесі саммиттің Қазақстанда өту мүмкіндігі қаншалықты ықтимал деп ойлайсыз?
– Ядролық қауіпсіздік жөніндегі бұл саммит Қазақстанның және де оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік қоғамдастық алдында аса зор абырой-беделге ие екенін көрсетті. Елбасының жаһандық жиында баяндама жасап, «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесін жариялауы – адамзат баласын алапат қырғындардан арашалап қалудан туған ізгі ниеттің жемісі екендігі рас.
Әлбетте, ядролық қарудан бас тартқан тұңғыш мемлекет ретінде біздің еліміздің әлемді жаппай қырып-жоятын қарулардан ада ету саясатына қосқан үлесі сүбелі. 2010 жылы өткен алғашқы саммиттің өзінде әлем елдерінің көшбасшылары Қазақстанның ядролық қауіпсіздік саласындағы жетекші рөлін айрықша атап өткен болатын. Демек, ядролық таратпау ісінде біз әлі де көшбасшы мемлекеттер қатарындамыз.
Енді сұрағыңызға нақты жауап ретінде Елбасының Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында қазақстандық БАҚ өкілдерімен болған брифингте айтқан сөзін келтірсем де жеткілікті болар еді. «Мұндай келіссөздер қорытындысы бойынша БҰҰ аясында шешімдер қабылданады. Әрбір мемлекеттің бұл бағытта қабылданып жатқан шаралар жөнінде айтуға мүмкіндігі бар. Мәселен, атом энергиясымен жұмыс істейтін нысандар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ядролық материалдардың терроршылар қолына түсуіне жол бермеу шаралары жөнінде айта алады. Біздің ел полигонды жауып, аса ірі ядролық арсеналдан бас тартқанын ескерсек, осындай келесі кездесу Қазақстанда өтуі мүмкін», – деген болатын онда Нұрсұлтан Назарбаев.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саммитте сөйлеген сөзі, яғни «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» бағдарламасы ядролық қарудан ада қоғам қалыптастыру ісіне қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз?
– Жалпы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған Ядролық қарудан ада әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияны сарапшылардың 95 пайыздан астамы Қазақстанның халықаралық аренадағы шешуші жетістіктерінің бірі ретінде қарастырғаны да көп нәрсені аңғартса керек.
Ал саммит жиынына келсек, Мемлекет басшысы төрткіл дүниеге адастырмайтын тура жолды нұсқай білді. Елбасы: «ХХІ ғасырда адамзатқа өзін өзі демилитаризациялау жағына қарай шешімді қадам жасауы қажет. Бізде мұндай басқа мүмкіндік болмайды. Бұлай жасамаған жағдайда планета радиоактивті материалдардың орасан зор тіршіліксіз үйіндісіне айналады. Біздің планетамыз бірегей, бізде басқа ондай планета жоқ және болмайды да», деп әлем халықтарының жүрегіне жететіндей етіп айтты.
Жалпы, Мемлекет басшысының ядролық қарусыз әлем орнату ісіне қосып келе жатқан орасан зор үлесі әлемдік қоғамдастық тарапынан лайықты бағасын алады деп нық сеніммен айта аламын.
Әңгімелескен
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.