Қазір жетекші державалар арасындағы қарама-қайшылықтар олардың ұзақ мерзімді қарсы тұрушылығына ұласып кетуі мүмкін бе деген сұрақ алқымнан алып тұрған заманда адамзатқа «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» кең ауқымды бағдарламасы қажет. Елбасы Н.Назарбаев өз манифесінде осы мәселені өте түбегейлі және батыл айта білді.
Жалпы алғанда, біздің елде бейбітшілікті сақтау бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Сондықтан, Елбасының бұл салада кеңінен әңгіме қозғауы өте орынды деп білемін. 1989 жылы 20 қарашада КСРО Жоғарғы Кеңесі Семей полигонын жабу мәселесін қарау туралы қаулы шығарды. Кейін қалыптасқан құбылмалы саяси ахуалға қарамастан, Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы 29 тамызда Семей полигонын жабу туралы атақты Жарлыққа қол қойды. Бұл турасында Олжас Сүлейменов:
«Мен мұны ерлікке бағалаймын. Сол тарихи сәттен бері ядролық сынақтарға қарсы күрес біздің еліміздің сыртқы саясатын айқындап берді. Қазақстан әлемдегі ядроға қарсы күрестің негізін қалаушы мемлекеттердің біріне айналды. «Невада-Семей» қозғалысы әлемдегі бес полигонды жабу туралы миссиясын орындады», – деген болатын.
Семей ядролық полигоны – 40 жылғы азапқа толы халқымыздың қасіреті, басынан кешкен трагедиясы. Тағдырдың жазуымен Семей жері ядролық сынақтарды өткізу алаңы ретінде таңдап алынды. Семей, Павлодар, Қарағанды облыстарының аумағы мұқият зерттеліп, нәтижесінде полигонды Семей қаласынан 130 шақырым қашықтықта салу туралы шешім қабылданды. Осы уақыт ішінде Кеңес Одағы ғалымдары жаңа ядролық қаруды жасап шығару жолында тынбай жұмыс жасап жатты.
Әрине, 40 жыл бойы полигонда жасалған сынақтардың зардабы өте ауыр болды. Жүздеген әуе, жер үсті, жер асты жарылыстарының салдарынан Семей аймағы аса үлкен экологиялық апатқа душар болды. Сынақтардың зардабы тиген территорияның ауданы 304 000 шаршы шақырымға жетті. Радиациялық сәулеленуге ұшыраған халықтың саны 1 миллионнан асты. Соның ішінде аса көп зардап шеккен Абай мен Абыралы аудандарының территориясы болды.
Міне, антиядролық қозғалыс құрылған кезде оның мүшелерінің алдында Семей ядролық полигонын жабу, әлемдегі бес полигондағы сынақтарды тоқтату және кейін оларды жабу сияқты өте үлкен мақсаттар тұрды. Бақытымызға орай, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен Семей ядролық полигоны жабылды. Құрылуы тұтас халықтың серпілуіне септігін тигізген Халықаралық антиядролық қозғалыстың белсенді мүшелері ядролық сынақтарды тоқтатуға өлшеусіз үлес қосты.
Еліміз ядролық қарусыз өмірді таңдады. Міне, Елбасымыз Н.Назарбаевтың адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінен әрқашан арылту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек, біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкейкесті міндет жоқ деуінде үлкен мән бар.
Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат»
ЖШС бас директоры.
Жамбыл облысы.