06 Сәуір, 2016

Атың өшсін, сұм соғыс!

463 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Соғыс ардагері.Елбасының мәлімдемесін теледидардан тыңдап, ауыр ойға қалдым. Бір-бірімен асыр салып, алаңсыз ойнап жүрген шөберелеріме қарадым. Тұла бойым шымыр етті. Тіл-ауызды еріксіз байлап тастай­тын әзірейіл келіп қалғандай қор­қы­нышты күй кештім. Бірнеше жыл­ға созылған соғыстағы жауын­гер­­лік жорықтарымды, от пен оқ­тың арасында жүрген күндерімді, ұй­қысыз өткен түндерімді, өмір мен ажал беттескен кездерді, жауға қарсы ержүректікпен шайқасқан қару­ластарымды, ауыр ұрыстарда қаза тапқан есіл ерлерді еске түсірдім. Араларымызда қазақ та, орыс та, еврей де, армян да, әзербайжан да, ондаған ұлттың өкілдері болып еді. Бір анадан, бір әкеден туғандай тату-тәтті, арамыздан қыл өтпейтін сырлас, мұңдас едік. Әзіліміз де, қалжыңымыз да жарасып тұратын. Бізді біріктірген, ел болашағы үшін жан қиярға ұмтылдырған ұлы күш – ортақ Отанымыз, мамыражай жатқан бейбіт еліміз-тұғын. Қазір ше, түсініксіз бір заман... «Бір-біріне би болған өңкей қиқым» (Абай) ұғы­нықты сөзге құлақ асудан қалып барады. «Аталы сөзге ер тоқтар, елдің кегін ер жоқтар» деген қадір-қасиет жоғалды. Адам­гершіліктің құны арзандап, оның орнын арзанның жілігі татымас бір дүниелер басты. Басқаны қайдам, 90-ды еңсерген өзім еңсем езіліп, талай таңды ұйқы­сыз атырып жүрмін. Кәріліктен емес! Бір күні Жер-Ананың ауыр қайғыдан көкірегі қарс айырылып, көз жасы қанға айнала ма деген ой маза бермейді. Өйткені, біздің буын бейбіт өмірдің тәтті дәмін айрық­ша сезінеді. Бүгінгі күні адам өлтіру тауық сойғаннан да оңай. Теледидардан небір қатыгездіктерді көрген бала ертең қаруға жүгіретіні, кісі қанын мойнына жүктеуді ар, намыс көрмейтіні айтпаса да түсінікті. Мұхиттың арғы жағынан, Еуро­падан келген «үлгі-өнегелер» төрткіл дүниеге жегіқұрттай таралып, күш­ті мен тістінің дәурені жүріп тұр­ған кез. Олар үшін қан төгу, өзге­нің жерін нақақтан басып алу, дін, ұлтаралық кикілжіңдерді өршіту арқы­лы баюдың жолына түсу түк те емес. Миллиондаған босқындардың тағдырына, қалалардың қирауына, тіпті, тұтас елдер мен халықтардың жойылуына бас ауыртпайды. Ақша да сайтан секілді әзәзіл: азғырады, аздырады, тура жолдан тайдырады. Бағымызға берген Нұрсұлтан қарағым сонау Американың төрі­нен маңдайы жарқырап, қырандай дауысы саңқылдап, алмас қылыш­тай жарқылдап сөйлегенде, қария­лы­ғымды ұмыттым. Жас балаша масай­радым. Бәз біреулер бабы шаппаса да, бағы жанып, ел билеп отырғанда, мың болғыр айналайын, айбынымызды асырды. Қазақстанның, халқының! Бұдан асқан марапат та, абырой да жоқ. «Елдестірмек – елшіден, жау­лас­тырмақ – жаушыдан» деп атамыз қазақ текке айтпаған. Алла тағала дүниенің төрткіл бұрышындағы адам­зат нәсілінің бәрін тең етіп жа­рат­­қан. Халықаралық жағдайды шие­леністіріп. Соғыс өртін тұтан­ды­рып отырған – жетекші державлар! Патшамыз өте дұрыс айтады, өткен ғасырлардың қателіктерін қайталауға жол берілмеуі тиіс. Біз фашизмді ұясында талқан­да­дық. Автомат, винтовка асынып жүріп-ақ жеңдік. Өйткені, рухы­мыз мықты болды. Қазір адам­зат тағдырын жалғыз-жарым адам шешуге қауқарлы. Есепсіз қарулануға жұм­салған теңдессіз қаражат аш­құрсақ балалардың, жетім-жесір­лер­дің мұқтажына, аты жаман ауру­лар­дан емдеуге жұмсалса, тепе-тең­дік, әділеттілік, бауырмалдық, иман­дылық деген осы емес пе? Адамзат үлкен қатердің алдында тұрғанын Басшымыз жеткізе айтып, басқаларға жол нұсқап берді. Атың өшкір сұм соғыстың болма­уын тілейік! Қожатай НЕКІБАЕВ, соғыс және еңбек ардагері. Петропавл.