Кеше Ішкі істер министрлігінде 2010 жылғы атқарылған жұмыс нәтижелерін қорытындылаған алқа мәжілісі болып өтті. Оған Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Ішкі істер ғимаратына келісімен Президент еліміздегі ішкі істер органдары жарақтандырылған қазіргі таңдағы сарапшы-криминалдық, байланыс және басқа да арнаулы техниканы қарады.
Елбасы өз сөзін: «Бүгін мен Ішкі істер министрлігінің қорытынды алқасында арнайы сіздермен кездесіп, ішкі істер органдарының алдында тұрған міндеттерді айқындап, маңызды мәселелерді тағы бір пысықтап алуды жөн көрдім», деп бастады. Одан әрі Нұрсұлтан Назарбаев полицейлердің қызметін жоғары бағалайтынын айтты. Өйткені, қашанда қылмыспен күресте алдыңғы шепте полиция қызметкерлері тұрады. Олар өз өмірлерін қатерге тіге отырып, біздің азаматтардың құқын қорғайды. Ішкі істер министрлігі еліміздегі ең ірі құқық қорғау органы болып табылады және оларға қоғамдық тәртіпті қорғаудан бастап көші-қон және жол қозғалысы қылмыстарымен күресу міндеті жүктелген. Сондықтан, деді Мемлекет басшысы, мен сіздердің ведомстволарыңызға үнемі назар аударып отырамын. Бұл орайда ІІМ өзіне тапсырылған міндеттерді атқарып келеді. Соңғы бес жыл ішінде ІІМ қаржыландыру бір жарым есеге ұлғайтылды.
Өткен жылы ІІМ бюджеті бір жарым миллиард теңгені құрады. Бұл полицияның техникалық қамтамасыз етілуіне үлкен көмек болды. Басқарудың автоматтық және бейнебақылау жүйесі енгізілуде. Бірақ, кез келген істе өзіндік проблема бар дегендей, кемшіліктер де жоқ емес, деді бұдан әрі Президент. Өткен жылы құқыққорғау органдары жұмысының кейбір бағыттары бойынша реформалар жүргізілген еді. Енді оның нәтижесі қандай? Қандай мәселелер шешімін тапқан жоқ, ІІМ бойынша қандай бағыттарды жүзеге асыру қажет? Бүгінгі талқыланатын мәселе осы, деген Елбасы өткен жиырма жылдың ішінде экономика, саясат, мәдениет және халықаралық жағдай түгел өзгерді, деп атап өтті.Әрине, бұл кезеңде құқық қорғау органдары да өзгермеді деп айтуға болмас. Жаңа маңызды заңдар қабылданып, бағалы басқару тәжірибесі қалыптасты. Дегенмен, оның экономикамен салыстырғанда артта қалушылығы айқын байқалады. Сондықтан да Елбасы барлық құқық қорғау жүйесін реформалау қажеттігін айтты. Соның арқасында біз өткен жылы бірқатар маңызды жетістіктерге қол жеткіздік. Біріншіден, деді Президент, қылмыстық заңнаманы ізгілендіру арқылы мыңдаған адам түрмеге түсуден аман қалады. Өйткені, жеңіл және орта ауырлықтағы құқық бұзушылықтар үшін қазір бас бостандығынан айырмайды. Екіншіден, тергеу баламаларын біршама қысқартып, күш құрылымдары арасындағы ведомствоаралық жүйені оңтайландырдық. Бүгінде есірткі қылмысымен ІІМ айналысады, ал экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен қаржы полициясы шұғылданады. Үшіншіден, бас ауыртатын бір мәселе сонау кеңестік кезеңнен бізге мұра болып қалған тергеу жүйесі еді. Реформа арқасында сотқа дейінгі өндірісті қарапайымдыландыруға қол жетті. Қазір жеңіл және орта қылмыстар оңтайландырылған сызба бойынша қаралғандықтан тергеу мерзімі бірден қысқарды. Соған орай бүгінде тергеу үдерісінде процессуалдық жағдайды жеңілдету үшін сынақ өтіп жатыр. Оның қорытындысы 2011 жылы белгілі болмақ. Төртіншіден, құқық қорғау органдары оңтайландырылды. Кейбір құрылымдық бөлімшелерді нығайту, кейбір орталық аппаратты қысқарту арқылы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жалпы саны 15 пайызға азайды. Сонымен қатар, мыңдаған адам погондарын шешті. Погонды қылмыспен күресетін, қоғамдық тәртіпті сақтау міндетімен нақты айналысатын адамдар ғана тағуы керек. Қалған саладағы адамдарға погон тағудың қажеті шамалы. Бесіншіден, ІІМ кейбір қызмет түрлерін нарықтық ортаға беру тек ведомстволық міндеттермен айналысуға мүмкіндік берді. Соның ішінде кейбір қызметтер Білім, Денсаулық сақтау, Көлік және коммуникация министрліктеріне өтті.
Сөйтіп, бірқатар маңызды құрылымдық-басқару шешімдері қабылданды. Бүгінде Қазақстан үлкен көші-қон жолында тұр. Заңсыз көші-қон көлемі күннен күнге артып келеді. Сондықтан көші-қон полициясы комитетін құру туралы шешім дұрыс болды, деп атап өтті Елбасы. Бұған қоса есірткі саудасымен күрес жөніндегі аймақтық бөлімшелердің комитетке бағынышты болуы да көңілге қонады.
Міне, осы жағдайларға байланысты белгілі бір нәтижелер бар, деді бұдан әрі Президент. Бірақ мұнымен тоқмейілсуге болмайды. Алдымызда әлі ірі міндеттер тұр және олардың көпшілігі ІІМ тығыз байланысты. Қоғамдық тәртіпті күзету мен қылмыспен күрес министрлік қызметіндегі басымдық болып табылады. Осыған орай алда тұрған міндеттерге басқа қырынан қарап, жаңа бағыттардың тиімді жақтарын айқындау қажет. Бұл бағыттарда не істеу қажет екендігін түсіндіру үшін Елбасы сегіз мәселеге тоқталып өтті.
Бірінші. «Ішкі істер органдары туралы» Заңның қабылданғанына 15 жыл өтті. Ол заң басқа тарихи жағдайда қабылданды, ал біз қазір мүлде басқа жағдайда өмір сүрудеміз. Сондықтан үстіміздегі жылы «Ішкі істер органдары туралы» жаңа заңның мазмұнын қарап және оны 2012 жылдан қалдырмай қабылдау қажет.
Екінші. Құқық қорғау органдарын одан әрі реформалау аясында әлемнің көптеген елдеріндегі секілді полицей мен тергеушінің қызметін ажырататын сызба жобасын жан-жақты дайындау қажет. Болашақта полиция міндеті іздеу, қылмыскерді ұстау және қылмысты тіркеу болады. Одан арғы дәлелдерді жинақтап сотқа жолдау тергеушінің міндеті болуға тиіс. Бұл сотқа дейінгі тергеу үрдісінің тиімділігін арттырады. Бұл орайда біз қазір Тергеу комитетін реформалауға кірістік, деді Мемлекет басшысы. Тергеу мен криминалдық полиция қызметін біріктіру бойынша Астанадағы және Алматы облысындағы қанатқақты жобаның жүзеге асуына аса мән берілуі керек.
Үшінші. Сотқа дейінгі өндірісті оңтайландырудың бір жолы мәмілеге келу институтын дамыту болып табылады. Ол екі тарапты татуластыруда өте қажет. Сол сияқты жазалаудың балама, мәселен, айыппұл, үйқамақ, түзету жұмыстары деген секілді түрлерін көбейту керек. Бұл бір жағынан қылмыстық-атқару жүйесінің жүктемесін азайтып, екінші жағынан бюджетке тиімді болмақ.
Төртінші. Құқық қорғау органдарының, оның ішінде ІІМ қызметін бағалау белгілерін өзгерту қажет. Құқық қорғау органдарының қызметін бағалағанда ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылу белгілерін сақтаған дұрыс. Ал уақ және орта құқық бұзушылықтарға келсек олар жұмыстың негізгі баға белгілері болып табылады.
Бесінші. Жол қауіпсіздігі саласында тәртіп орнататын уақыт жетті. Ең алдымен жолдағы коррупцияны құрықтауға күш салған дұрыс. Сондықтан жол полициясы қызметін ұйымдастыру мен мәртебесін өзгерту қажет. Жол полициясы мен жол қозғалысы мүшелерінің қарым-қатынасын барынша азайту жемқорлықты тоқтатуға әсер етеді.
Келесі кезекте Елбасы есірткі саудасы мен есірткі қылмысымен күрестің маңызына тоқталып өтті. Сондықтан мұның нәтижесі бойынша сұрау да қатаң болатынын ескертті.
Жетінші. Көші-қон полициясы біздің барлық көші-қон саясатымыздың жанды құралы болуға тиіс. Қазақстан қазіргі уақытта заңды және заңсыз мигранттардың алаңына айналды. Өйткені, еліміздегі жоғары өмір сүру деңгейі басқа шет жұрттарды өзіне тартуда. Ал заңсыз көші-қон көбіне қылмыспен байланысты болады. Демек, заңсыз келген шетелдіктерді елден шығарудың қатаң тетігі жасалғаны жөн. Бізге ең алдымен ел азаматтарының мүддесі қымбат.
Сегізінші мәселеге тоқталған Мемлекет басшысы соңғы бес-алты жылда атқарылған, дайындық жүргізілген кадрлық жұмыстарға сараптама жасап, баға беру қажеттігін айтты. Құқық қорғау саласындағы қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу нормасын қарап, сонымен қатар қызметкерлердің құқық бұзушылығы үшін басшылардың жауапкершілігін арттыруды ойлаған жөн.
Ішкі істер органдарының өткен жылғы жұмыс нәтижесі бойынша баяндама жасаған министр Серік Баймағанбетов Мемлекет басшысының алға қойған тапсырмаларын орындау арқасында елдегі қылмыстық ахуал тұрақты, деді. Ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасау 12 пайызға төмендеді. Оның ішінде кісі өлтіру 13 пайызға, денсаулыққа зиян келтіру 6 пайызға азайып отыр. Мұның бәрі полиция қызметін алдын-ала анықтаудың арқасында қол жеткен табыстар. Еліміз егемендігін алғалы бері мемлекет тарапынан ішкі істер органдарына аса мән беріліп келеді. Әр қызметкердің әлеуметтік жағдайы, бөліністерді материалдық-техникалық жабдықтау ешқашан назардан тыс қалып көрген емес.
Өткен жылы ІІМ негізгі қызмет басымдықтары ауылдық, аудандық және қалалық жерлердегі қоғамдық тәртіпті қадағалауға аударылды. Күнделікті көшедегі қоғамдық тәртіпті бақылауға шығатын полиция мен ішкі әскер қызметкерлерінің саны 14 мыңнан 19 мыңға дейін жетті. Облыс орталықтары мен ірі қалаларда жүзден аса жылжымалы пункттер жұмыс істейді. Ал қылмыстық ахуал күрделі жерлерде онан да көп полицияның стационарлық бекеттері қызмет көрсетеді. Тұрғын жайлар аумағы мен аса қауіпті деген жерлерге бейнекамералар орнатылуда. Қазір елімізде мұндай бейне бақылау камералардың саны 1300- ден асады.
Бейнебақылау камераларының арқасында 2 мыңның үстінде қылмыс анықталып, 300 мыңнан аса заң бұзушылықтың алды алынды. Жалпы, ауыр қылмыстар саны төмендеп отыр. Прокуратура органдарымен бірлесе барлық жергілікті жерлерде азаматтардың өтініштерін электронды тіркеу жүзеге асырылды. Бұл арызданушылардың шағымдарын дер кезінде қарауға және үш күн ішінде шешім шығаруға мүмкіндік туғызды. Өткен жылы полиция органы 4 млн. аса азаматтардың арызын тіркеп, қарады. Өтініштерді дер кезінде қарап, мәселені оңды шеше білу нәтижесінде ғана халықтың сенімі де арта түсетіні белгілі.
Басқа да құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, Астана Саммиті секілді ірі халықаралық жиындарды өткізуде көптеген оң тәжірибе жинақталды. Осы Саммитте жинаған тәжірибеге қарай енді алда тұрған Азиада ойындарын өткізу қауіпсіздігі сақталады. Онда 9 мыңның үстінде полиция қызметкері Азиада ойындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. Сонымен бірге, алда тұрған ең маңызды міндет, ол ұйымдасқан қылмыспен ымырасыз күрес жүргізу болып табылады. 2010 жылы ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген дерек бойынша 29 қылмыстық іс ашылды. Қылмыстық жауапкершілікке аталған ұйымдардың 55 белсендісі және 265 мүшесі тартылды. Олардан көптеген қару-жарақ пен есірткі тәркіленді. Ақтау қаласында шетелдік кәсіпкерді тапсырыспен өлтіргелі жатқан, Ресей мен Украинада тапсырыспен бірнеше адамды өлтірген халықаралық іздеуде жүрген Украина азаматы Солошенко қолға түсті. Қазіргі күні іс сотқа берілді. Ресейдің ІІМ бірлескен жедел шара кезінде Қазақстанда бірнеше ауыр қылмыс жасаған 17 қылмыскерді Солтүстік Кавказдан іздеп, табуға қол жетті. Олар сол аймақта жасырынып жүрген болатын. Жалпы, министрдің айтуынша, ішкі істер органдары алға қойған міндеттерді орындап отыр және алдағы уақытта сол талап деңгейінен табыла бермек.
Бұдан кейін сөз сөйлеген Астана қалалық ІІД бастығы М.Демеуов, ІІМ Жол полициясы комитетінің төрағасы Қ.Тыныбеков және басқалар өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Александр ТАСБОЛАТОВ.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.