08 Сәуір, 2016

Алға адымдаған Атырау

415 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Ногаев НЖарқын істер жалғасын табады Атырау – тек еліміздің ғана емес, сонымен бірге әлемдегі жетекші компаниялар мен инвесторлар назары ауған қазыналы өңір. Мұнда жеті қат жер астынан мұнай мен газ да өндіріліп, Ақ Жайық пен көгілдір Каспийдей су айдындарынан балықтың алуан түрлері сүзілген көп жылғы іс әлі де жалғасын тауып жатыр. Бұған қоса шағын және орта кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы саласының да көкжиегін кеңейтер жарқын жобалар іске қосылды. Осы және өзге де оңды істер жөнінде облыстың басқару тізгінін қолына алған жаңа әкім Нұрлан НОҒАЕВ тарқатып айтып берді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы 5 инс­титуттық реформаны жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жария еткелі Атырауда жүйелі іс-шаралар іске асырылуда, деп бастады БАҚ өкілдерімен кездесудегі сөзін Нұрлан Асқарұлы. Атап айтқанда, облыстағы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және қайта даярлаудың кесте-жоспары бекітілді. Жыл соңына дейін 346 мемлекеттік қызметшінің біліктілігін арттыру жоспарланып отырса, 49 маманды қайта даярлықтан өткізу жоспарлануда. Ал сот жүйесіне азаматтардың сенімділігін арттыру үшін, сонымен бірге ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында облыстағы 47 сот залына 38 бейнежазу жүйесі орнатылды. Жыл соңына дейін барлық сот залдарын бейнежазу жүйесімен қамту жоспарланып отыр. Құқық қорғау, соның ішінде, жергілікті полицияның әрекетіне көңілі толмаған тұрғындардың шағымдарын тыңдап, халықтың алдында олардың қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін облыс әкімі жанынан консультативтік-кеңесші орган құрылды. Оның құрамына мемлекет және қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен жастардың және журналис­тер қауымының өкілдері енді. Қылмыстық ахуал туралы онлайн режімінде ақпарат алу мақсатымен «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» жасақталып жатыр. Бұл құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігіне қоғамдық қадағалауды күшейтуге мүмкіндік береді. Сол секілді жаза мерзімін өтеу мекемелерінен босап шыққандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету үшін мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлесуімен бірқатар шаралар жүзеге асырылу үстінде. Мәселен, жазасын өтеген 356 азамат тегін дәрігерлік ем алу мақсатымен тұрғылықты мекен-жайларындағы емдеу мекемелеріне жіберілді. Ал 227 азаматқа жұмыспен қамту орталығына жолдама берілсе, олардың арасынан 64-і жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, 93 адам көлік шебері, электрші, ағаш өңдеуші, тігінші және аспаз секілді мамандықтар бойынша қайта даярлау курстарынан өтті. Өңірде мүлікті заңдастыруға ынта танытушылар қатары молая түсті. Мұны биылғы 25 наурызға дейін облыста жалпы құны 10 миллиард теңгеге бағаланған мүлікті заңдастыруға берілген 1 254 арыз қанағаттандырылғанынан аңғаруға болады. Бұдан бөлек, 5,2 миллиард тең­гелік қаржы заңдастырылды. Сонымен бірге, ел аумағынан тысқары жердегі 106,4 мил­лион теңгенің мүлкі де заңды тіркеу­ден өткізілді. Осы кезге дейін жүзеге асырыла бас­таған машина жасау, құрылыс индустрия­сы, мұнай химиясының жаңа бағыттары, фармацевтика, тоқыма өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы өндірісі сияқты салалар да қарқынды даму жалғасын табуда. Нақтылай айтқанда, мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен 101 мил­лиард теңгенің 45 жобасы іске қосылды. Бағдарлама аясында жұмысын бастаған кәсіпорындарда 3 328 жаңа жұмыс орны ашылып, осынша жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Мұндай жобалардың сәтті іске асырылуына өңірдің инвесторлар қызығушылығын тудырған инвестициялық қолайлығы жол ашып отыр. Бұл бағыттағы жарқын жобаларды іске асыру лайықты жалғасын табады, деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. Тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсарту бағытындағы жұмыстардың тиімділігін арттырып, оңтайландыруға да баса мән берілуде. Яғни, әлеуметтік көмек нағыз мұқтаждықты сезінген жандарға ғана көрсетіледі. Осыған байланысты өткен жылдың екінші жартысынан бері Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданында «Өрлеу» қанатқақты жобасы қолға алынды. Бұл жобаны іске асыруға жергілікті бюджеттен 6 миллион теңге қаралып, нәтижесінде құрамында 129 мүшесі бар 22 отбасы тартылды. Олардың ішінде еңбекке жарамды 24 адамның 16-сы тұрақты жұмысқа орналастырылды. Атап айтқанда, біреуі әлеуметтік қызметпен, жетеуі ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылыпты. Олар қазір жан басына шаққанда 14 352 теңгеге дейінгі орташа табыс тауып отыр. Ал биыл аталған жоба өзге аудандарда да қолға алынуда. Қанатқақты жобаға 789 адамды құрайтын 141 аз қамтылған отбасыны қатыстыру жоспарланған. Жобаны қаржыландыруға 49,7 миллион теңге қаралыпты. Сондай-ақ, білім беру, денсаулық сақтау салаларында да Ұлт Жоспарына сәйкес іс-шаралар атқарылуда. Мәселен, өткен оқу жылынан бастап мектеп стандарттарын жаңарту, жетістігі мол білім ұяларын ынталандыру мәселелері қолға алынып, Атырау қаласындағы №17 мектеп-лицей мен Исатай ауданындағы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектепте жаңартылған жүйемен оқытыла бастады. Осынау қанатқақты жоба шеңберінде ұстаздардың еңбекақыларына 20 пайыздық қосымша ақы төленеді. Ал медициналық қызмет көрсетуді дамытуға жекеменшік емдеу мекемелері де тартылыпты. Қазір облыста 37 жекеменшік медициналық мекеме өз жұмысын сапалы жүргізуде. Бұл – өңірдегі дәрігерлік қызмет көрсетудің 17 пайы­зын құрайды. Былтыр міндетті тегін медициналық көмек көрсету шеңберінде 61 медициналық мекеме мемлекеттік тапсырысты орындаған болса, оның ішінде 18 жекеменшік мекеме де осы істің ілгері жылжуына өз үлесін қосыпты. Елбасының Ұлт Жоспарында «Біздің жолымыз – бірлік жолы және азаматтық біртектілік негізінде ұлтты дәйектілікпен қалыптастыру жолы», деп атап өткеніндей, бұл бағытта қоғамның барлық күш-қуаты мен мүмкіндігі жұмылдырылып отыр. Қазір облыстағы ірі кәсіпорындарда 21 қоғамдық келісім кеңесі құрылып, Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында 17 этномәдени бірлестік жұмыс істеуде. Ұлт­тық біртектілікті қалыптастыру жұмыс­тарының негізі – «Мәңгілік Ел» жалпы­ұлттық идеясын іске асыру, деді Нұрлан Асқарұлы. «Мәңгілік Ел» идеясы шеңберіндегі «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы Атырауда да іске асырылып келеді. Былтыр осы жоба бойынша 22 мың адамның қатысуымен қайырымдылық акциялар, концерттер мен семинарлар, дөңгелек үстелдер мен брифингтерден тұратын 117 іс-шара өткізілді. Әсіресе, «Қайырымдылық керуені», «Қайырымды істер эстафетасы» және «Жақсылық жасауға асығыңыз» секілді іс-шаралар жұрт көңілінен шықты деуге болады. Ұлт Жоспарындағы «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» бағытымен облыс әкімі жанынан құрылған қоғамдық кеңесте 14 қоғам өкілі және 7 мемлекеттік органның өкілі бар. Қоғамдық кеңесте экология, ауыл шаруашылығы және индустриялық-инновациялық даму, заңдылықты сақтау, сонымен бірге әлеуметтік-мәдени даму бағытын ұстанатын 4 комиссия жұмыс жасайды. Жыл басынан жұмысын бастаған аталған қоғамдық кеңес бүгінге дейін 47 нормативтік-құқықтық акт жобасын қарап, 10 жоба бойынша нақты ұсыныстарын беріп үлгеріпті. завод АтырауНефтеМаш (апрель) 2Байырғы кәсіпорын қайта түледі Тоқсан жылдық тарихы бар «Атыраумұнаймаш» серіктестігі еліміздің өркендеуіне, сөйтіп, биік белестерді бағындыруына өзіндік үлесін қосып келеді. Байырғы кәсіпорында отандық экономиканың жетекші саласына айналған мұнай-газ өнеркәсібі үшін, соның ішінде, ұңғымаларды жөндеу, мұнай өндіру мен жинақтау және өңдеу саласына қажетті ең күрделі қондырғылар шығарылады. Тіпті, құрылыс және жылу-энергетикалық саласы да осы кәсіпорынның өнімін тұтынуға бет бұрды. Қазір аталған кәсіпорында отандық 260 маман тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Зауыттағы әр маман өз ісін жауапкершілікпен атқарады. Ал бұл біріншіден, өнімнің сапасын арттыруға, екіншіден, тұтынушы сұранысының молаюына ықпал етіп отыр. Кәсіпорынның бас директоры Александр Донсковтың айтуынша, отандық кәсіпорын үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен өнім шығару көлемін ұлғайтуға қадам жасады. Нақтылай айтқанда, мұнда ірі габаритті әрі ең ауыр, яғни салмағы 1 мың тоннадан асатын қондырғылар мен реакторларды шығару цехын іске қосылды. Дәл осы цехта алдағы уақытта диаметрі 9 метрді, ал ұзындығы 110 метрді құрайтын ірі колонналар құрастырылады. Жылына 12 мың тонна өнім шығаратын жаңа жобаға 5,8 млрд. теңге салынып, 250 адамға жұмыс орны ашылды. – Біз еліміздің жарқын келешегіне сенеміз. Өйткені, біздің Отанымыз – тәуелсіз Қазақстан экономикалық өркендеу қарқынымен тек ТМД, не Азия елдерінің аумағына ғана емес, сонымен қатар, жаһан мемлекеттері арасында да лайықты орнын иеленді. Бұған әрине, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алдымен экономика...» қағидасын ұстанып, отандық өндірістің кең қанат жаюына оң ықпал еткен үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы секілді маңызды жобаларды іске асыруды қолға алуының тигізген маңызы зор. Бұл бағдарлама аясында біздің кәсіпорнымызда іске асырылған жоба отандық өнеркәсіптің өркендеуіне тың серпін береді, – дейді «Атыраумұнаймаш» ЖШС бас директоры Александр Донсков. Мұнайлы Атыраудың машина жасау саласындағы бірегей әрі бірден-бір кәсіпорын – «Атыраумұнаймаш» серіктестігі жапониялық «Marubeni» компаниясымен Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жаңғырту жобасына 978 000 000 теңгенің, «Жайықмұнай» кәсіпорнымен 98 000 000 теңгенің тапсырысын орындау үшін келісімшартқа қол қойған. Бұған қоса «Теңізшевройлдан» 177 550 000 теңгелік, NCOC компаниясынан 869 373 630 теңгелік, KIOC компания­сынан 24 000 000 теңгелік тапсырыстар түсіпті. «Бұл келісімшарттар еліміздің мұнай-газ өнеркәсібін өркендету үшін әртүрлі жабдықтар дайындауды және жеткізуді көздейді. Біз мұны дер кезінде жасалған келісімшарттар деп есептейміз. Өйткені, біз былтырғы жылдың басында күрделі экономикалық жағдайға байланысты ірі тапсырыстардың болмағанына алаңдап едік. Енді біз ойдағыдай жұмыс жасауды жалғастырамыз. Сонымен бірге, жаңадан 100-ге жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік алдық. Жаңа жұмыс орындарына еңбекке тартылатын адамдар тапсырыс берген компаниялармен жасалған ірі келісімшарттарымызды орындауға атсалысады», – деген «Атыраумұнаймаш» ЖШС бас директоры Александр Донсков бұрын Еуропа және Батыс елдерінен тасымалданған ірі габаритті және аса ауыр жабдықтарды енді мұнайлы өңірде де шығаруға болатынына толық сенімді. Құс фабрикасының қуаты Бұл өңірде тек мұнай-газ саласы ғана емес, агроөнеркәсіп кешені де жаңа жобалармен еңсе тіктей бас­тады. Соның қатарында жұмыртқа шығаратын құс фабрикаларын айтуға болады. Осы кезге дейін Ресейдің Астрахань облысынан және еліміздің өзге де өңірлерінен тасымалданған тауық жұмыртқаларын шығаратын фабриканың алғашқысы Жылыой ауданында ашылды. Оны жаңа индустрияландыру бағдарламасы аясында қолға алған кәсіпкер Әлімжан Балжігітовтің айтуынша, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тан қосымша қаржы ретінде 250 миллион теңге алып, өз қалтасынан 392,5 млн. теңге салыпты. Рас, құс өсіруде оның бабын табу оңай емес. Сол себептен осы іске машықтанған мамандар шақырылып, 2012 жылдың желтоқсанында Свердлов қаласынан алғашқы 53 мың балапан әкелініпті. Арнайы көлікпен жеткізілген балапандар 4 ай бапталып, кейін Германиядан алынған құрал-жабдықтармен, жаңа технологиямен салынған тауықтар корпусына көшіріліпті. Қазір фабрикаға жүзге жуық адам жұмысқа тартылыпты. Бастапқыда кәсіпкер құс жемін өз қаражатына сатып алған болса, енді оған мемлекет тарапынан субсидия алып отыр. «Мемлекеттің қолдауы мақсатты ісімді ілгері жылжытуға, сөйтіп, менің жобамның кластерлік жүйеге айналуына жол ашты», дейді Әлімжан Балжігітов. Қазір оның құс фабрикасы толық қуатында жұмыс жасап тұр. Ал бұл мұнайлы өңір тұрғындарының жұмыртқаға сұранысының 76 пайызға қамтылуына сеп болып отыр. Мұндағы тауық саны жүз мыңға жетіп, жылына 32 млн. дана жұмыртқа өндіруді көздейтін «Атыраусауда» серіктестігінің бұл жобасы «Селолық бизнес» номинациясында үздік деп танылды. Серіктестік басшысы Ә.Балжігітовтің айтуына қарағанда, алғашында 9 млн. жұмыртқа шығарылған болса, 2014 жылы өнім көлемі 21 миллионға жетіпті. Енді биыл жұмыртқа саны бұдан ұлғая түспек. Өйткені, сұраныс молайып отыр. Тұтынушыға дайын өнімнің кате­го­риясына сай сұрыпталып, арнайы қорап­қа салынып жіберіледі. Атырау қала­сындағы және аудан орталығындағы дүкен­дерге тасымалданады. Бағасы тұты­нушы көңілінен шығатындай. Жаңа жылға дейін 2142,4 кило тауық еті сатылса, «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ жылына 1 400 000 жұмыртқа алуға тапсырыс беріпті. Екінші құс фабрикасын «Алмалы құс» серіктестігі ашып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қоса бастады. Бұл жоба да үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде қолға алынып, оған 680 миллион теңгелік инвес­тиция салынған. Жобада «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ пен «Жігер» шаруа қожалығының үлесі бар құс фабрикасына Ресейден 58 мың балапан әкелініпті. «Енді Атырау облысындағы екі құс фабрикасында жылына 100 миллион жұмыртқа шығарылады. Өңір тұрғындарының сұранысы 80 миллион жұмыртқаны құраса, тұтынушы сұранысынан артылған жұмыртқаларды көршілес аймақтарға сау­далаймыз», деген былтыр облыстың бұрынғы әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. «Алмалы құс» серіктестігінің атқарушы директоры Виктор Пацтың айтуынша, биыл 30 миллион жұмыртқаны шығару қуатына жету көзделіпті. Әзірге мұнда тәулігіне 52 мың жұмыртқа шыға­рылады. Бұл фабриканың жұмырт­қалары өзге өңірлерлер мен Қазақстанмен серіктес елдерден тасымалданатын өнім бағасынан әлдеқайда арзан. Сол себептен, сапасы жоғары отандық өнімге сұраныс та бар. Серіктестік басшылары жұмыртқаның тұтынушыға арзан бағамен жетуін қамтамасыз ету үшін «Жігер» шаруа қожалығының арнайы сау­да нүктесін ашуды көздепті. Осылайша, көп салалы шаруашылыққа айналуды жоспарлаған шаруа қожалығы болашақта жылына 10 мың тонна тауық етін саудалау­ды да мақсат етіпті. Бұрын Атырау өңірінде тек өнер­кәсіп кеңінен қанат жайса, енді ауыл шаруашылығының өркендеуінің де басым бағыт ретіндегі маңызы артуда. Оған дәлел ретінде жылына 700 мың бөдене жұмыртқасын шығарып, бұған қоса 2 тонна бөдене етін өңдейтін жобаның қолға алынғанын айта аламыз. Қазір 10 000 бөдене өсіретін ферманың құрылысы аяқталуға таяды. Махамбет ауданындағы бұл жобаның құны 90 миллион теңгені құрайды. Оның 40 миллион теңгесін «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы салса, 50 миллион теңге «Атырау-Бөдене» ЖШС есебінен жаратылып отыр. Бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Атырау облысындағы меншікті тілшісі Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Суреттерді түсірген Рахым Қойлыбаев.