08 Сәуір, 2016

Әлемдік құндылықтарды әйгілеген

872 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Adıl agaБҰҰ-дағы басқосу Жібек жолы бойындағы синергия мәселесін сараптады Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылып, түркі әлемінің ғы­лым мен білім саласындағы үйлес­тіруші орталығына және ин­теллектуалдық платформасына айналған Халықаралық түркі академиясы өзінің миссиясына сай міндеттерді қолға алып, жү­йелі шараларды жүзеге асырып келеді. Штаб-пәтері Астанада, Бей­бітшілік және келісім сарайын­да орналасқан халықаралық ұйым түркі мемлекеттерінің, оның ішінде Қазақстанның әлем­дік қауымдастықтағы орнын айқындауға бағытталған ізгі мақсаттарға іс жүзінде атсалысып отыр. Осы орайдағы ма­ңызды жұмыстардың бір парасы халықаралық беделді ұйым­дармен тұрақты байланыс орнатып, әлемдік биік мінберлердің ықпалына жүгінуді қамтиды. Бұл ретте, жер жүзіндегі 40-қа жуық беделді ғылыми құрылымдармен меморандумға қол қойылғанын сөз етпегеннің өзінде, мысалы, 2015 жылғы 15 сәуірде ЮНЕСКО-ның Париждегі бас кеңсесінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбді­қалықованың қатысуымен Қорқыт мұрасына арналған халықаралық алқалы жиынның өткізілуін, сол жылы ИСЕСКО-да халықаралық ұйымдар арасында бірінші болып бақылаушы мәртебесін иемденуін айтуға болады. Еуропаға және Ислам әле­міне ғылыми ынтымақтастық есігін айқара ашып үлгерген Ха­лықаралық түркі академиясы өрісін одан әрі кеңейтіп, 2016 жылғы 28 наурызда Біріккен Ұлт­тар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде «2030 Жоспары үшін Жібек жолы бойындағы синергия» атты халықаралық симпозиум ұйымдастырды. Осы жиынға қатысқан Ака­демия делегациясының мүшесі әрі баяндамашы ретінде кейбір әсерлеріммен және пікірлеріммен бөліскенді жөн санадым. Ең алдымен атап айтылуы тиіс нәрсе: симпозиумның тақырыбы өте өзекті, атына заты сай, себебі бұл оның мақсат-мүддесі бүгінгі таңдағы әлем өркениетінің алдында тұрған көкейкесті мәселелердің бәрімен де, нақтылай түскенде, адам­заттың өсіп-өркендеуіне ең басты іргетас болып отырған қор­шаған ортаны қорғау, жер бе­тіндегі кедейшілікті түбегейлі жою және әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті көздейтін Бірі­к­­­кен Ұлттар Ұйымының 2015 жы­лы қабылдаған 2030 жыл­ға дейінгі тұрақты даму бағдар­ламасымен сабақтас. Оның үстіне, бұл – бағдарламаға байланыс­ты өткізіліп отырған тұңғыш ауқым­ды жиын. Екінші жағынан, бұл симпо­зиумның Біріккен Ұлттар Ұйы­мының өз штаб-пәтерінде өтуі­нің де ерекше жөні бар. Өйт­кені, Халықаралық түркі ака­демиясының осы симпозиумды бірлесіп өткізу туралы ұсынысына БҰҰ Экономикалық және Әлеу­меттік Кеңесі (ECOSOC) қызы­ғу­шылық танытып қана қоймай, бір­ден қолдау көрсетіп, өз платформасын тегін ұсынған болатын. Үшіншіден, бұл симпозиумға Түркітілдес мемлекеттердің Ын­тымақтастық Кеңесінің Хат­шы­лығы ғана емес, сол Кеңеске мүше Әзербайжан, Қазақстан, Қыр­ғызстан және Түркия мем­лекеттерінің Біріккен Ұлттар Ұйы­мындағы Тұрақты өкілдік­тері тарапынан да толық ын­ты­мақтастық танытылды. Соны­мен қатар, ТҮРКСОЙ, Түркі мәде­ниеті және мирас қоры сияқты әріптес ұйымдар қатысты. Төртінші қырынан қарасақ, адамзаттық мүдделер тоғысқан бұл жиынға Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның жанындағы Өрке­ниеттер Альянсы ыстық ықы­ласпен қол ұшын созды. Сөйтіп, қатысушы тараптар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарудың өзара тиімділігін көрсетті. Тағы бір кереметі, халық­ара­лық симпозиумның жұмыс барысы басынан аяғына дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының телеарнасы арқылы бүкіл әлемге тікелей эфирден таратылып жатты (http://webtv.un.org/watch/synergies-along-the-silk-road-for-agenda-2030/4820404503001). Алқалы жиынға Біріккен Ұлттар Ұйымының жауапты тұл­ғалары, сонымен қатар, халық­аралық ұйым басшылары, Түркі мемлекеттерінің БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдіктерінің мүшелері, дипломаттар мен әйгілі ғалымдар қатысты. Симпозиумның ашылу салтанатында ҚР Сыртқы іс­тер министрінің орынбасары Ер­жан Ашықбаев Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алқалы жи­ын қатысушыларына жолдаған ар­найы құттықтау хатын оқып берді. «Адамзаттың ортақ мүддесі үшін Қазақстан да өзінің сүбелі үлесін қосып келеді. Біз азат­тықтың алғашқы жылдарынан бері ядролық қару-жарақтан бас тартып, қауіпсіздік мәселелері бойынша көптеген бастамалар көтердік. Қазіргі алмағайып ке­зеңде әлемнің кейбір өңірлерінде терроризм мен экстремизмнің белең алғаны баршаға белгілі. Сондықтан, адамзатқа төнген жаңа қауіп-қатерлердің алдын алу, оған бірлесіп қарсы тұру – бар­шаға ортақ міндет. Бұл орайда қоғамдық ұйымдар мен ғалымдар, сарапшылар мен мамандар күш жұмылдыруға тиіс. Осы ретте Бі­ріккен Ұлттар Ұйымында Ха­лықаралық түркі академия­сы ұйымдастырып отырған ал­қалы басқосу өркениеттер мен халықтар арасындағы келісімді, өзара сенімділікті одан әрі арттыра түседі деп сенемін. Симпозиум жұмысына табыс тілеймін!», – делінген Елбасы құттықтауын қатысушылар зор қошеметпен қабыл алды. Cондай-ақ, Түркия Респуб­ликасы Премьер-министрі Ахмет Дауытоғлының, БҰҰ жанындағы Өркениеттер Альянсының басшысы Абдулазиз Әл-Насердің және БҰҰ-дағы ЮНЕСКО-ның арнайы өкілдерінің құттықтау хаттары да жылы лебіздерге толы болды. Салтанатты жиынды ашқан БҰҰ Экономикалық және әлеу­меттік кеңесінің (ECOSOC) пре­зиденті О Джун мырза симпозиум жұ­мысына сәттілік тіледі және Орталық Азия елдерінің мәдени мұрасына тоқтала отырып, тұ­рақты даму үшін экономикалық және мәдени салаларда қатар ынтымақтасу қажеттігін атап өтті. Бұдан кейін Симпозиум жұ­мысы 2 панельді отырыстармен жалғасты. Каспий стратегиялық инс­ти­тутының басқарма төр­ағасы Халил Акынджының мо­дераторлығымен өткен «Жібек жолында және одан тысқары аймақтарда әлемдік бей­бітшілік пен қауіпсіздікті нығайту; трансұлттық қауіп-қатер мен экстремизмге қарсы әрекет ету» атты алғашқы отырыста Каспий стра­тегиялық институтының бас­қарма мүшесі, адмирал Метин Атач, Түркі мәдениеті және мирас қорының президенті Гюнай Эфендиева, Шетелдегі түріктер және туыс халықтар жөніндегі Басқарма басшысының орынбасары Сердар Гүндоған, Висконсин университетінің профессоры, түркітанушы Юлай Шамилоғлы, Ми­чиган университетінің Еу­ропа, Ресей және Еуразия зерт­­теу орталығының директоры Нор­ман Грэм және осы жол­дардың авторы баяндамалар жасады. Норман Грэм өз сөзінде: «Энергия шикізаттары бағасының төмендегеніне қарамастан, Қа­зақстанда білім реформалары мен модернизацияға шынайы және тұрақты түрде назар аударылатыны байқалады. Алдын ала жүргізген зерттеулерімізге сәй­кес, инвестициялар инфра­құ­рылымды, жоғары білім инс­титуттарын және энергетика саласындағы бизнесті дамытуға бөлінген» деп атап өтті. «Жібек жолын қайта жаң­ғырта отырып, мәдениеттерді жақындастыру арқылы тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру» атты екінші панельге моде­ратор болған Нью-Йорктегі Ха­лықаралық дамушы экономикалар академиясының президенті Владимир Квинт Жібек жолын жаңғыртудың Қазақстан үшін маңыздылығына тоқталды. «Жаңа Жібек жолы орналасқан үш жол торабы да Қазақстан арқылы өтеді. Сондықтан, Қазақстанның Жаңа Жібек жолы жобасының дамуына қолдау көрсетіп отырғаны таңғаларлық жайт емес. Бұл жолдардың басым бөлігі қа­зақ жерін кесіп өтетіндіктен, Қазақ­стан өзінің теңіз порттарының, теміржолдарының және көлік жолдарының әлеуетін арттырады. Мысалы, Каспий теңізіндегі Ақтау порты жылына шамамен 13 млн. тонна тауар өткізеді. Бұл көрсеткіш 2020 жылға дейін 25 млн. тоннаға дейін жетеді», – деді ол өз баяндамасында. Бұл панельде ТҮРКСОЙ ұйы­мы­ның Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркі кеңесі бас хат­шы­сының орынбасары Абзал Сапарбекұлы, «Манас» қырғыз-түрік университетінің профессоры Османакын Ибрагимов, Мичиган университетінің профессоры Тимур Кожаоглу, Каспий стратегиялық институтының бас хатшысы Халдун Яваш пен Дамушы мемлекеттерге арналған зерттеу-ақпараттық жүйесінің сарапшысы, үндістандық профессор Рам Упендра Дас баяндама жасады. Халықаралық түркі академия­сы зерттеу жұмысындағы іргелі жетістіктерімен мойындалып, әлемдік ғылымға зор үлес қос­қан түркі әлемі ғалымдарын кө­термелеу үшін өз тарапынан арнайы марапаттар тағайындаған болатын. Осы халықаралық сим­позиум аясында дәстүр жал­ғасын тауып, 2015 жылы Но­бель сый­лығының лауреаты атан­ған түр­киялық биохимик Азиз Санжар және Америкада тұра­тын көрнекті тарихшылар Кемал Карпат пен Эдвард Олуорт Жібек жолы бо­йын­да ор­наласқан мемлекеттер мен Ор­талық Азия елдеріне қа­тысты ғы­лыми-зерттеулерді да­мытуда ерен еңбектері ар­қылы халықтар ара­сындағы ын­тымақтастықты ны­ғайтып, мәдени байланыстарды терең­деткені үшін Академияның ар­найы алтын медальдарымен мара­патталып, өздеріне көрсетілген құр­метке шынайы алғыстарын біл­дірді. Симпозиум аясында Ха­лық­аралық түркі акаде­миясының басшысы Дархан Қыдырәлі БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің (ECOSOC) президенті О Джун мырзамен, Біріккен Ұлттар ұйымы Өркениеттер альянсының кеңсе басшысы және баспасөз хатшысы Нихаль Саад ханыммен кездесулер өткізді. Әңгіме барысында екіжақты ынтымақтастық, бірлескен жобаларды жүзеге асы­ру мәселелері жан-жақты қам­тылды. Симпозиум соңында қаты­су­шылар ТҮРКСОЙ ұйымы өнерпаздарының Наурыз мере­кесіне арналған концертін тамашалады. Сөйтіп, Нью-Йорктің төріндегі халықаралық симпозиум өзінің көздеген мәресіне жетті. Бұл алқалы жиынның өткізілуі әлемде жан түршігерлік оқиғалар болып жатқан қиын-қыстау, қым-қиғаш, қарама-қайшылықты тұсқа қоса-қабат келгенін айтуға тиіспіз. Симпозиумның қарсаңында мазасыз планетаның әр жерінде бомбалар жарылып, лаңкестік қанқұйлы әрекеттер орын алған­дығы туралы ақпараттар легі то­ластамай жатты. Басқосуға қатысушылардың бәрі бірдей осыған алаңдаушылық білдіріп, өздерінің сөйлеген сөздерінде жер жүзіндегі бейбітшілікті сақ­таудың, қауіпсіздікті нығай­тудың өлшеусіз құндылық екен­дігін тілдеріне тиек етті. Сим­позиумның БҰҰ-ның аясында көтерген өзекжарды проблемалары, адамзатқа тығырықтан шығар жолдардың нұсқаларын белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің аузымен ұсынуы әлемдік қоғамдастықтың жарқын болашағы үшін қосқан елеулі үлесін айқындайды. Вашингтонда Елбасының қатысуымен өткен Ядролық қауіп­сіздік жөніндегі жаһандық саммиттің қарсаңында ұйым­дастырылуы да аталмыш симпозиумге айрықша ахуал енгізді. Оған қатысушылар Қазақстанның БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше мәртебесін алуына лайықты екендігін білдіріп жатты. Күллі түркі баласы осындай ең биік мәртебелі мінберден ғылым саласында бір мезгілде пікір бөлісу, ой тарату мүмкіндігіне жұ­бын жазбаған күйде тұңғыш рет ие болды. Бұл – ең алдымен бірқатар түркі халықтарының мемлекеттік тәуелсіздікке қол жет­кізгендігінің нәтижесінде орын алған тарихи оқиға. Оған да, міне, 25 жыл толып отыр. Сон­дық­тан, Жібек жолындағы ынты­мақ­тастық мәселесін жаңғыртқан симпозиумның осындай мерейтойлармен сәйкес келуінде үлкен символикалық мән, айқын бетбұрыс бар деп ойлаймыз. Халықаралық түркі академиясы өз кезегінде БҰҰ-да бақылаушы ұйым мәртебесін алуға ықыласты және әзір екендігін айтқымыз келеді. Жиынға қатысушылар Қа­зақ­­станның бейбітсүйгіш сая­сатына, экономикалық жетіс­тіктеріне, білім саласындағы жаңашыл реформаларына, мә­дениетаралық диалогтағы бел­­сенді рөліне назар аударды. Әсіресе, бүтін түркі әлемі ин­теграциясының ұйытқысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тегеу­рінді тұлғасына деген құрмет ай­рықша сезіліп тұрды. Қыр­ғызстанның белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ос­­ма­накын Ибрагимовтың: «Бүгін Қазақстанның, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күні болды», – деп тебірене сөйлегені жұрт­тың жадында қалды. Бұл БҰҰ биігінен біздің елдігімізге берілген шынайы бағаның бір көрінісі деп қабылдадық. Әділ АХМЕТОВ, Түркітілдес мемлекеттер Ақсақалдар Кеңесінің мүшесі, Халықаралық түркі академиясының профессоры. АСТАНА.