Дүбірге толы дұние
Өткен жексенбіде Халықаралық журналист-зерттеушілер консорциумы жариялаған көптеген әлемдік лидерлердің, саясаткерлердің, миллиардерлердің қатысы бар офшорлық жанжал туралы баяндама шын мәнінде әлемдік деңгейдегі дауға айналды. Ең қызығы – оны біреулер құптайды, екіншілері саяси ойынға балайды.
Шу болатын да жөні бар. Жай емес, 12 әлемдік кешегі және бүгінгі лидерлер, олардың жақын туыстары мен өзім деген достары, аты белгілі жүздеген саясаткер, 30-ға таяу миллиардер өз активтерін Massak Fonseca заңдық компаниясының көмегімен офшорларда жасырын ұстаған. Демек, салықтан қашқан түрлі заңсыз ақша айналымын жүргізген.
Журналистер, ең алдымен, немістің Sueddeutsche Zeitung газетінің журналистері Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының қатысуымен жоғарыда аталған Массак Фонсек офшорлық заң фирмасының мағлұматтық базасынан 11,5 миллион құжатқа ие болып, жылдан аса уақыт зерттеу жұмыстарын жүргізді. Оған 76 елден 370-тен астам журналист қатысып, бүгінгі күні әлемді шулатқан мәліметтерді алға тартып отыр.
Бір қарағанда, жемқорлықты, салықтан қашқандарды әшкерелеу – жақсылық. Одан елдің қазынасына қаржы қосылады. Көп ел солай қабылдап отыр. Алдымен қолдаған Франция президенті Франсуа Олланд болды. Сол офшорды әшкерелеуді қолға алған журналистерге рахметін жаудырды. Әшкереленгендер арасында мыңнан астам француз бар екен. Салық органдары журналистер ашқан қылмысты одан әрі тексеріп, қорытынды жасамақ.
Офшорға қарсы, ондағы активтердің иелерін анықтау жолындағы күресті алғаш бастаған Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон еді. Ол мұны парламент сайлауы кезінде сөз еткен. Бір қызығы – сол әшкереленгендер тізімінде оның әкесі Йен Кэмерон да бар екен. Бірақ қазір ол дүниеден өткен. Оның есесіне ағылшынның алты лордының есімі бар. Бәрібір Кэмерон бұл іске бел шешіп кірісіп отыр. Сәуірден бастап британиялық компаниялардың барлығы өзінің офшорларын да көрсетуге міндеттелген.
Қарсылар кім? Ең алдымен, сол құпия жемқорлыққа қатысы барлар, әшкереленгендер. Исландияда сол жексенбіден бері «офшорлық» премьер-министр Сигмундур Гюннлейгсонға қарсы митингілер өтіп, ақыры ол кетіп тыңды. Оның әйелі екеуінің офшорлық компаниясында Исландияның жетекші банктерінің 3,6 миллион еуро облигациясы жатқан көрінеді. Пәкістан премьер-министрі Наваз Шарифтің үш баласының Виргин аралдарында кем дегенде төрт офшорлық фирмасы бар көрінеді.
Массак Фонсека көлемі жөнінен әлемдегі тек төртінші офшорлық заңдық фирма екен. Ал одан басқа фирмалардағы құжаттар ашылса, не болмақ? Талай сұмдық әшкереленері даусыз-ау. Және ол талай алаяқтарға соққы болып тиер еді.
Көрші елдегі әңгіме
Алатаудың ар жағынан тағы да бір қатқылдау дауыс естілді. Елдегі билікті күшпен алмақ болған біраз адам ұсталып, қамауға жабылған көрінеді. Сенбейін десең, біраз белгілі адамдардың аты аталған. Шын болса, бұл елде тағы да революция, төңкеріс болмақ па деп, көңілді үрей билейді.
Бұған дейін де олар екі революцияны бастан кешті. Оны дүрілдетіп өткізген. Алғашқысында президент Асқар Ақаевты қуса, екіншісінде оның орнын иеленген Құрманбек Бакиевті қуды. Қалай қуғандарын әлемге жариялап, телеарналардан көрсеткен. Көрсеткен соң, бәріміз де көрдік. 2005 жылы Ақаевты қуғанда, резиденцияға шабуыл жасаған тобырдың ішінен қолында ұзын таяғы бар бір шолжаңның президент креслосына жайғасып, билік енді біздің қолымызда деп айқайлағаны да есте қалған. Билік сендерге тисе, халық оңа қояр ма екен деп, көңілімізді күдік жайлаған. Сол төңкерістен билікке жеткен Бакиев халықты оңдыра қоймағаны да белгілі.
Қырғыз ағайындардың революциядан көңілдері шайлығатындай да болған еді, бірақ одан кейін де бұл елден талай айқай естіліп жатады. Бірде жолдарын жауып, ешкімді өткізбей, өздері де зардабын шегеді. Митингілер өткізу де қиын емес. Дауға ілік іздейтіндер көп. Сондай дау күні кеше болды. Қырғыз-өзбек шекарасындағы азын-аулақ келіспеушілік үшін аттандап талай адам атқа мінді. Оппозициясы бар, ұлтшылдары бар, біраз даңғаза көтерді. Тіпті, оларға билік те қосылып, дауыстары сонау Мәскеуге, Ташкентке дейін жетіп, басылды.
Тағы да айқай. Бұл айқайды билік көтерді. Оппозицияның тағы да революция жасамақ екенін біліпті. Білгенде, олар бас қосып билікті бөлісе бастаса керек. Олардың сондай басқосуындағы әңгіменің жазбасы биліктің қолына түскен. Қарапайым қисын мынадай: лауазым бөліссе, сол билікке қол жеткізбек болғаны. Ол революция, төңкеріс жолымен ғана жүзеге асады. Демек, ниеттері белгілі. Лауазым үлестіру жиынына қатысқандар қамауға алынады.
Төңкеріс жасамақ болғандар кімдер? Басты тұлға энергетика жөніндегі сарапшы, «Қырғызстан-ХХІ» деп аталатын тазару және жаңару халық құрылтайы қозғалысының белсендісі Эрнест Қарыбеков көрінеді. Екінші адам – бұрынғы мемлекеттік хатшы Дастан Сарықұлов. Алғашқысын бірден ұстап, ҰҚК қамағына кіргізсе, екіншісін жасын ескеріп, үй қамағына отырғызыпты. Оларға ұлттық оппозициялық қозғалыс көсемдері Қуанышбек Қадыров пен Бектөре Асанов қосылған. Алғашқысы бұдан біраз бұрын президент Атамбаевтың партияласы болса, екіншісі Жалалабад облысының губернаторы болған. Өңкей шортандар.
Биліктің ойы белгілі – оппозицияны әшкерелеу, олардан халықтың ықыласын аудару. Жөнді-жөнсіз биліктің аяғынан шалып, елді бүлдіруді мақсат еткен оппозицияның әрекеттерін шектеген де жөн шығар, бірақ оны бүкілелдік науқан деңгейіне көтеру қажет пе еді дейсің. Шудан не шығады? Күні кеше шекара шуы халықты орынсыз дүрліктірді емес пе?
Мына шу немен бітеді? Қырғыз елінде революция бола қоймас. Оның неге соқтыратынын жұрт көрген. Жүректері шайлыққан. Халықты саяси ойынға араластыра бергеннен мән шықпаса керек. Одан әлдеқайда маңызды шаруалар бар. Алдымен бала-шаға қамын ойлаған жөн шығар.
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.