18 Қаңтар, 2011

Азиада алауы Ақмешітті аралады

416 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Алаш жерін Азиада алауы шарлап жүр. Әл-Кувейтте тұ­та­нып, Алматыны аралап, Жам­былды жағалап, Шымкентте шырағдандай жарқыраған алау Қызылордаға да жетті. Ақ­ме­шіт­тің аспанын арайға тол­тыр­ған айтулы ойынның оты 15 қаңтар күні облыс орталығына жеткізілді. Тәуелсіздіктің жи­ыр­ма жылдық мерейлі тойы­мен тұспа-тұс келіп отырған Қыс­қы Азия ойындарының алауын Сыр жұртшылығы ерек­ше ілтипатпен қарсы алды. Бұған дейін Азия құр­лығының тек үш елінде ғана өтіп келген Азиаданың қа­сиетті қазақ топырағына келгенін қызылордалықтар Қы­дыр­дың батасы қабыл бол­ғандай қабылдады. Қызылорда көшесі адамға лық толы. Жолдың екі жағына жа­ғалай орналасып, Азиада алауы­­ның тұ­та­нуын күтіп тұр. «Алға, Қазақ­стан!», «Жаса, же­ңімпаз­дар!» деген ұраннан құ­лақ тұна­ды. Тап бір Қысқы Азия ойын­дары дәл қазір бас­талып ке­тетін­дей әсерде бола­сың. Ән­шейінде сүйегінің сыр­қыраға­нын айтатын ақсақал­дар мен ақ жаулықты аналар да Азиада алауын тағатсыз­дана күтуде. Бы­лайғы кезде күн­нің суықтығын айтып көшеге шық­қысы келмейтін балалар да мәз-майрам. Атты­лыға жаяу ілесіп, етегіне сүрінген ел үлкен жаңа­лықтың жаршы­сын­­дай бо­лып Қазақстан Рес­публика­сының Тұң­ғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы саябаққа жи­нал­­ды. Сағат тілі түскі он екіні соқ­қанда Азиада алауы тұта­нып, салта­натты түр­де облыс басшысы Болатбек Қуан­дықов­қа тапсырыл­ды. Ең­се­лі елдің мерейін, мей­манасын тасытқан, до­сын сүйін­дірген, дұш­панын кү­йін­­дір­ген, құр­лық­тық деңгейде ғана емес, әлемдік аренада бәсі басым бай­рақты бәсекенің алауы Ақ­мешіт көшелерін ара­лау­ды бас­тады. Облыс әкімі ал­ғаш бо­лып алып жүрген алауды Әсел Дә­лиева жал­ғас­тыр­ды. Әсел – қазақ­тың ұлт­тық ойыны то­ғыз­құма­лақтан рес­публиканың сегіз мәрте чем­пио­ны атанған талдыр­маш қыз. Бұған қоса, былтыр ғана атал­ған ойын түрі­нен әлем чем­пионы ата­нып, ел абыройын асқақтатқан айтулы спортшы. Әдетте ауа райы бұрқасын мен дауылға толы сыр өңірінде бұл күні үп еткен жел бол­мады. Күн төбемізде күліп тұр­ды. Әсі­лінде, алаугерлердің алақанынан тараған жылу жүрек­терге жетіп, одан аймақтың күн райына да әсер еткен шығар-ау. Әйтеуір алаш жеріндегі айтулы ойынның оты Қызыл­орда көше­лерін ара­ла­ғанда табиғат ана бар мейірімін шашып, қам­қорлығын танытып тұрды. Жергілікті жұрт­шылық таби­ғаттың бұл мінезін жақсы­лыққа балап жатты. Азиада алауын алып жүруге алпыс алаугер таңдалып алынған болатын. Олардың қатарында ай­мақ­қа еңбегі сіңген азаматтар, дү­бірлі додаларда топ жарған, об­лыс­тың ғана емес, бүкіл респуб­ликаның даңқын асырған дарабоз спорт­шылар, елге белгілі өнер және мәде­ниет қайрат­кер­лері бар болатын. Ал Азиада алауын алып жүру екі ке­зеңге бөлінді. Алғашқы кезең бо­йын­ша Тұңғыш Президент саябағы­нан басталған алаугерлер салтанаты Мостовая көшесіне ұласып, одан Жібек жолымен Абай даңғылына өтті. Содан Ғани Мұратбаев кө­шесі­мен Орталық стадионға жетті. Ағайынды Сыбайды бүгінде жұрттың бәрі біледі. Руслан Сы­бай бокстан халықаралық шаршы алаң­да елдің намысын қорғап жүр­се, оның інісі Рүстем Сыбай зілтемірді ұршықша иіріп, ертегідегі Толағай­дың жолын жалғап келеді. Айта кетерлігі, Руслан жасөспірімдер ара­сында алғаш рет өткен Олимпиада ойындары­ның жеңімпазы атанған бо­латын. Осы Руслан Азиада алауын қазақ­тың даңқты ұлдары­ның бірі, 1976 жылғы және 1980 жылғы Олимпиада чемпионы, КСРО бі­рінші­лігінің он дүркін же­ңімпазы, екі мәрте әлем чем­пионы, 3 рет Еуропа чемпионы атан­ған сыр­дың сырбаз ұланы Әлжан Жар­мұха­медовке тапсырды. Алау эста­фета­сы­ның алғашқы кезеңі осы­лайша ұрпақтар сабақ­тас­тығын ұлық­т­аған әдемі көрініс­пен аяқталды. Алаугерлердің Ақмешіттегі жо­­ры­ғының екінші кезеңі түс ауа, нақты айтсақ, 15.30-да бас­талды. Тоғыз жолдың торабы – темір жол вокзалының маңын­да халық керуені шұбап жүр. Бұлар да Азиада алауын тама­шалауға келген, ел спортшы­ларына рух беруге атса­лыс­қан, мемлекет мерейін өсір­ген дүбірлі додаға өз үлесін қосуға келген жұртшылық. 2005 жылы біздің грек-рим күресінің балуандары әлем чем­пионатына барды. Дәл сол тұста біздің балуандардың ба­бы бол­ма­ды ма, әлде бағы жанбады ма, белгісіз, жаппай жеңіліске ұшы­рап жатты. Қа­зақ спортын­да ол­жа салатын екі спорт болса, соның бірі еді грек-рим күресі. «Жақ­сылық Үшкемпіров пен Дәулет Тұр­лыхановтың жеңісті жолын жал­ғайтын бір ұлдың болмаға­ны ма?» деп қамықты сонда жұрт. Жеңілістің кермек дәмі тілімізді қуырып, өңеші­мізге өксік ұяла­тып жатқанда Ермек Көкетов деген жігіттің қара­сы көрінді. Сол әлем чем­пио­на­тын­да Ермек елге қола жүл­де­мен оралды. Сол чем­пио­нат­та­ғы Қа­зақ­станның алған жал­ғыз жүлде­сі де осы қола. Кейіннен Азия ойындарына қаты­сып, ол жерден де жүлделі үшін­ші орынды жеңіп қайтты. Алау эстафетасының екін­ші кезеңін осы Ермек бас­тады. Түстен кейінгі кезеңге бөлінген 26 алаугер Әуелбеков көшесімен әуе­ле­тіп келіп, «Тағ­зым» алаңы­нан өтіп Қонаев кө­шесіне ойыс­ты. Қазы­бек, Әйте­ке билер­дің атындағы көшені басып өтіп, Қорқыт ата ескерткішіне табан тіреді. Содан Әбілқайыр хан көшесіне түсіп, Қорқыт ата, Желтоқсан, Жақаев көшелерімен Орталық алаңға жетіп тоқтады. Алаугерлердің Қызыл­орда­да­ғы эстафетасының соңғы нүк­­тесін Бейжің Олимпиа­да­сы­ның чем­пионы, Азия және әлем бірін­ші­лік­терінің бірнеше дүркін же­ңім­пазы, толағай табыстары­мен елімізді тәнті етіп келе жатқан Илья Ильин қойды. Ол Орталық алаңда орна­тылған сахнаға кө­те­рі­ліп, қазан­дық­тағы алауды тұтатты. Азиада алауын тұтатқан Олим­пиада чемпионын сөзге тарттық сосын: – Мұның бәрі ел Тәуелсіз­дігі­нің арқасы. Егеменді елі­міздің намысын қорғайтын спорт­­шылар осы додада мінез таны­тып, қор­жынымызды жүлдеге толтырады деп үміттенемін. Бастысы, тосын жарақаттан аман болсын. Азат Қазақстан жеңістен жеңіске жете берсін, – деді ол. Ресми дерекке сүйенсек, сол күні Азиада алауын тамашалау үшін 40 мыңнан аса халық шығыпты көшеге. Кө­шелі істі үйде емес, көшеде жү­ріп күт­кен, тамашалаған сыр жұрт­шылығы Азиада алауын Қазақ­станның батыс өңіріне шы­ғарып салды. Ержан БАЙТІЛЕС. Қызылорда.