Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонда болған Ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші, қорытынды саммитте сөйлеген сөзі әскери адам ретінде маған да үлкен әсер етті. Шын мәнінде, Президент болашақта өркениетті әлемнің сақталу-сақталмауы туралы Адамзатқа үн қатты емес пе? Өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» деген саммиттегі манифесінде Нұрсұлтан Әбішұлы соңғы 5 мың жылда жер өркениеті 15 мыңнан астам соғысты бастан кешіріп, талай миллиондаған адамды мезгілінен бұрын жер жастандырғанын ауызға алды. Ал қару-жарақтың жаппай қырып-жоятын ең қауіпті түрі – ядролық қарумен болатын ендігі соғыс адамзатты түгел қырып жіберетінін еске салып, әлемді ойлануға шақырды.
Ендігі соғыс бір немесе бірнеше мемлекетті қамтыған майдан емес, барлық құрлықтарға жайылатын соғыс болатындығы сөзсіз. Сондықтан да Елбасы манифест арқылы барлық халықтарға үндеу тастап отыр. Барлық адамзат баласы, бірігіп ойланайық, ғасырлар бойы ата-бабамыз қиын еңбекпен қол жеткізген тамаша өркениетті сақтайық, ұрпақтарымызға бейбіт өмір, соғыссыз әлем қалдырайық дейді біздің басшымыз. Осы қатарда ол адамзат өркениетінде атағы жер жарған Альберт Эйнштейн мен Бертран Рассел сияқты ғалымдардың да сөзін еске салды.
Олар өткен ғасырдың 60-шы жылдарының өзінде адамзаттың қатал, қатерлі және қашып құтыла алмайтын «біз адам баласын жоямыз ба, әлде соғыстан бас тартамыз ба деген екі сұрақтың алдында тұр» дегенін еске салып өтті. Сондай-ақ, осыдан 200 жыл бұрын АҚШ президенті Авраам Линкольннің: «Жауапкершіліктен бүгін жалтару арқылы одан ертең құтыла алмайсың», деген сөзін де еске алып, көпшілікке терең ой салды.
Әрине, Нұрсұлтан Назарбаев сияқты жалпыадамзаттық ауқымда ойлайтын тұлғалар ХХ ғасырда да болды. Соның арқасында ХХ ғасырдың екінші жартысында ядролық қауіпсіздік жөніндегі табысты келіссөздер жасалып, АҚШ пен КСРО-ның ядролық арсеналдары айтарлықтай азайды. Ал бүгінде бес ядролық держава атом қаруын сынауға мараторий жариялап, оны берік ұстанып келеді. Бұл бағытта да атақты Семей ядролық сынақ полигонын КСРО тарамай тұрғанда-ақ жапқан Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі әлемдік ауқымдағы ең маңыздыларының бірі болып саналады. Сонымен қатар, Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан өзінің аумағындағы ядролық қарудың әлемдегі төртінші орындағы арсеналынан да өз еркімен бас тартты.
Елбасы өзінің сөзінде Қазақстан бүгінгі таңда ядролық нысандар мен материалдар қауіпсіздігінің деңгейі ең жоғары жиырма мемлекеттің қатарына енетінін айтты. Біздің елімізде ядролық материалдарды экспорттауға бақылау жасау жүйесі де жоғары дәрежеге жеткізілген. Мәселен, Ядролық физика институтының зерттеу реакторлары төмен байытылған отынға көшірілді. Барлық ядролық нысандарымыз МАГАТЭ-нің жан-жақты бақылауында, деді Президент өзінің сөзінде. Әрине, атом энергиясынан ешкім де бас тарта алмайды. Бірақ, соны дүниежүзілік арнайы ұйымның бақылауымен бейбіт мақсатқа қолданса, жаппай қырып-жою қаруын жасауға жол бермесе – міне, адамзатқа керегі осы ғой.
Ал енді Қазақстанның МАГАТЭ-мен бірлесіп, еліміздің аумағында Төмен байытылған уран банкін құруы – бүкіләлемдік ядролық қауіпсіздікке қосқан зор үлес. Оны адамзаттың ақыл-ойы биік, прогрессивті өкілдерінің бәрі де жоғары бағалауда. Осының бәрі Қазақстанның ядролық қаруды шектеу мен жоюға қосқан әлемдік ауқымдағы зор үлесі болып табылады. 2015 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен «Ядролық қарудан азат әлем құру туралы» бүкіләлемдік декларация да қабылдады. Әлемдік ядролық қауіпсіздікке осындай зор үлес қосып отырған елдің басшысы бүкіл әлемге бейбітшілік үндеуін жариялауға да толық қақысы бар. Нұрсұлтан Әбішұлы осы құқын қолданып, адамзатқа жоғарыда айтылған үндеуін жариялады.
Абай ТАСБОЛАТОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
генерал-лейтенант.