08 Сәуір, 2016

Қазақстан саммиті құптарлық идея

289 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ТакебаевЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке орай ҰҒА академигі, теориялық және ядролық физика саласының белгілі маманы Нұрғали ТӘКІБАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік. – Нұрғали Жабағыұлы, халықаралық сарапшылар мен саясаттанушылар Америка сапары Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­­тамашылдық танытқан халық­аралық АТОМ жоба­сының мәртебесін өсіріп, зор қолдауға ие болды деген пікірлер білдіре бастады... – Сөз жоқ, халықаралық қауым­дастық тарапынан дәл сондай қолдау болатынын біз күткен де едік. Нұрсұлтан Әбішұлы аса маңызды бұл сапарында да өзін ежелгі, тіпті, дәстүрлі дейікші, әлем елдері алдындағы танымал саясаткер ретінде ядролық қауіпсіздіктің Жер шарындағы маңыздылығын айқын дәріптеп, ойлы ұсыныстарымен жалпыға бірдей түсінікті мазмұнмен жеткізіп берді. Сонымен бірге, ол күні кешеге дейін ядролық жарылыстардан аяусыз зардап шеккен қазақ жерінің жарасын емдеп-жазу керектігін де алға тартуды ұмытпады. – Соңғы кездері құлақ үйрене бастаған «ядролық терроризм» термині туралы не айтар едіңіз? – Әлемнің 51 елінің басшылары мен дү­ниежүзінің халықаралық беделді ұйым­­дарының жетекшілері қатысқан Вашинг­тондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV cаммитте сөйлеген сөзінде Елбасымыз ХХІ ғасырдағы аса үлкен проблемалардың бірі – ядролық терроризм деп ашық айтты. Ядролық және радиоактивті материалдардың заңсыз айналымға түсіп кетуі қауіпті екені сөз болды. Біз электронды БАҚ арқылы әлем жұртшылығының Президентіміздің бұл айтқан­дарымен толықтай келісіп отырға­нын және байқадық. Бақытымызға орай, біздің еліміз ондай қаскөйлік әре­кет­тер­ден аулақ. Бірақ, күллі әлем оның зор қаупінің барын мойындайды. Бір сөзбен айтқанда, менің өз басым Елбасының саммитке қатысушылардың назарын бұл тақырыпқа зейін аудартуының өзі байсалды саясаттың көрінісі дер едім. – Әлем қауымдастығы алдында Қазақ­стан Республикасы Президенті Ядро­лық қауіпсіздік жөніндегі осындай саммитті Қазақстанда өткізу туралы идея тастады. Сіз бұған қалай қарайсыз? – Өте дұрыс, Қазақстанда дәл сондай саммит өтуі тиіс. Әрине, саяси мәні мен маңызы зор бұл мәселе тұрғысында мен біздің Елбасымызбен ой жарыстыра алмаспын. Дегенмен, осы салада белгілі бір қызметті атқарып жүргендіктен менің өз басым дәл мұндай саммит өткізу біздің жас еліміздің мәртебесін өсірері даусыз дер едім. Әрі мұндай қадам әлемдегі барша халық алдында, көрші мемлекеттер алдында біздің тек қана бейбіт өмірді қалайтынымызды шынайы түрде жариялайды. Шынтуайтында, ондай жиынға келген дүниежүзінің мамандары бір кездегі ядролық жарылыстың зардабын тартқан еліміздің тұтас аумағын өз көзімен көреді. Қандай қиындықтардың аяқтан шалғанына қарамастан, жеделдете даму жолындағы Қазақстанның бүгінгі болмысымен танысу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Дүниенің төрт бұрышын жаулаған дағдарыс Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Бірақ, еліміз ол дағдарысқа төтеп беріп қана қоймай, біртіндеп жеңіп келеді. Сондықтан, Қазақ­стан саммитін өткізу өте құптарлық идея деп санаймын. – Сонымен, күллі әлемнің назарын өзіне бұрып, жеделдетіп өткен осынау ядролық «саяси науқаннан» кейін сіз қандай ой түйдіңіз? – Соңғы аптаның ішінде болған аса маңыз­ды оқиғаға байланысты менің түйгенім – атомды игеру мен бейбіт мақсатта пайдалану бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі болып қала береді. Осы арада айтарым, еліміз нанотехнология, ғарышты зерттеу, интернет желісі, мобильді байланыс сияқты қазіргі заманғы өзге де салаларда шетелдік әріптестерден қалыс қалмай, тез дамып келеді. Қазақстанның саяси бағыттағы бейбіт ұстанымы әлем алдында беделін асырары сөзсіз. Президентіміздің Америка сапары оны тағы да жақсы қырынан дәлелдеді. Осынау мүмкіндікті пайдалана отырып, біздің талантты жас ғалымдарымызға қолдау көрсетіп, қазіргі заманның саяси көшіне икемдеудің де кемдігі болмас еді дер едім. Қазақстанның халықаралық байланыстардағы соңғы кезеңдегі талпынысы біздің жас ұрпаққа сөзсіз рухани күш береді деп сенемін. Әдетте, ғылымның дамуы елдің дамуына себепкер болатыны баршаға аян емес пе... – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан».  АЛМАТЫ.