Өскеменде «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасын іске асыру мәселелеріне арналған республикалық кеңес болып өтті
Облысқа келген Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев бірден атбасын «Азия Авто» акционерлік қоғамына бұрды. Мұнда бұл күндері зауыттың технопаркін жаңарту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қазірдің өзінде шетел көліктерінің оннан астам түрі шығарылып жатыр. Е.Орынбаев «Бизнестің жол картасы-2020» бойынша мұнда қосымша қаржы бөлінетінін тілге тиек етті. Бұдан кейін қонақтар «Шығыс» мәшине жасау зауыты, Шығыс Қазақстан жылыжай кешенінде болып, атқарылып жатқан істермен танысты. Одан кейін Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің «Іргетас» инженерлік лабораториясының тұсаукесеріне қатысты.
ШҚМТУ-дің «Алтай» атты технопаркінде өткен еліміздегі іргелі кәсіпорындардың көрмесіне кәсіпорындар шығаратын бұйымдар қойылған. Е.Орынбаев бастаған топ Оңтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Атырау, басқа да өңірлердің шығаратын тауарларын қызыға тамашалады. Көрмені аралап болған соң, вице-премьер, ақпарат құралдарының өкілдеріне сұхбат берді.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыруға арналған республикалық кеңес жұмысына мүдделі министрліктердің, облыстар мен Алматы қалалары әкімдіктерінің, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, «Қазақстан кәсіпкерлері форумы», «Атамекен» одағы» бірлестіктерінің, банктер және басқа да құрылымдарының өкілдері қатысты. Кеңесті Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова ашып, кеңесте талқыланатын мәселелерге тоқтала кетті. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы өткен жылдың сәуір айында басталып, ол жаңа бизнес бастамаларын қолдау, кәсіпкерлік секторын жандандыру, экспортқа бағытталған өндірістерді қолдау үш бағытында жүргізілген. Шығыс Қазақстан облысы бұл бағдарламаны жүзеге асыруда көш бастап келеді. Аталған үш бағыт бойынша Кенді Алтайға 17 тапсырысқа субсидия бөлініп, 18,9 млрд. теңге көлемінде несие берілмек. Ал бұл қаржы мәшине жасау, қағаз өндірісі, электр қондырғылары, денсаулық сақтау және басқа салалар бойынша жүзеге асырылмақ. Бұл жайлы өңір басшысы Бердібек Сапарбаев айта келіп, Елбасы Н.Назарбаевтың қамқорлығы нәтижесінде өткен екі жыл ішінде «Жол картасы» бойынша елімізде мыңдаған жобалар жүзеге асырылып, ондаған мың жұмыс орны ашылғаны жайлы хабардар етті.
Премьер-Министрдің орынбасары Е.Орынбаев аталмыш бағдарламаның болашағы зор екеніне тоқталды. Еліміздің экономикасын өрге бастырар он жылда барлық аймақтарда күшті кәсіпорындар мен қуаттардың іске қосылатыны, оларда ондаған мың жұмыс орындарының ашылатыны назарда болды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы.