18 Қаңтар, 2011

Қамданған қапы қалмайды

376 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Әлемде табиғат тепе-теңді­гі­нің бұ­зылуы жиі байқалуда. Осындай жағдай елімізде де кездесуде десек, кейде жеке адам­дардың өз міндеттеріне салғырт қарауы да оған негізгі себеп болуда. Жетісу жұртшылығы өткен жыл­ғы көктемдегі Қызылағаш оқиға­сы­нан кейін су қоймалары мен су ша­руа­шы­лы­ғына қатысты мәселелерге жіті назар ауда­рып, облыста осы мә­селеге байла­нысты байыпты көзқа­рас қалып­тастыру қолға алынған. Облыс әкімі Серік Үмбетов аудан, қала әкімдерімен осы мәсе­леге орай жи­ын өткізіп, су қойма­ла­ры­ның, су ша­руа­шылығына қа­тысты мекемелерге көк­темнің жақын қал­ғандығын ескертіп, су тасқынының алдын алу және бол­дырмау мәселесі тағы бір сөз бол­ды. Әңгіме сөзбен ғана емес, өңір­дегі аса қауіпті су шаруашылығы нысанда­рын және гидромелиоративтік жүйе­лер­ді жөндеу­ге бюджеттен 148 млн. теңге бөлініп, жұмыс арқауы ширатылды. Өңірдегі кейбір су қой­малары әлі де иесіз. Бірқатарын ком­му­нал­дық меншікке қайтаруға  қа­­тыс­ты сот процестері жүруде. Сон­дық­тан бөлінген қаржыны әзірге мақсатты жұмсауға мүм­кін­дік болмай отыр­ға­нын айтқан жөн. Осындай су қойма­ларын­дағы суды ағызып, басқалары­на жіберуді қамтамасыз ететін элек­тр­лі құ­рылғыларды қал­пы­на келтіру бағытын­дағы жұмыстар жалғасуда. Қолмен ат­қарылатын және шлюзі жөндеусіз бірде-бір су қойма бол­мауын басшы қатаң ескертті. Төтенше жағдайлардың ал­дын алуға облыстық бюджеттен 1 млрд. теңгеге жуық, ал аудан бюджетінен қосымша 72 млн. теңге қаржы қарастырылғаны да апаттың алдын алудағы нақты жұмыс деуге болады. Ұйғыр ауданындағы Шарын ауы­лындағы жағдайға байла­нысты азамат­тық қорғаныс және авариялар мен табиғи апаттардың алдын алуды және жоюды ұйым­дастыру басқармасының хабар­лау­ынша елді мекенде 1070 тұр­ғын үй бар. Қызыл су 9 көшеге, жалпы саны 243 аулаға жайылып, 16 үйдің ішіне кіргендігі сөз болды. Шарын­дағы142 отбасына 1 млн. 136 мың теңгенің көмегі – азық-түлік, жылы сырт киім, аяқ киім тауар түрінде көрсетілген. Бұған қоса кәсіпкерлердің және аудан тұрғындарының көмегімен заттай және қаржылай 3 млн. теңгенің ма­териалдық көмегі жиналған. Тұр­ғын­­дар көмір, тағы басқа да тұр­мыс­тық қажеттілік­термен қамтама­сыз етіліп, халық­тың денсаулығы, балалардың оқуы қатаң бақылануда. Жалпы, ауылда тасқын сал­дарын жою жұмыстарына 37 техника мен 3 мыңға жуық адам жұмылдырылып, халықты қиын­дықта қалдырмау мақсатындағы жұмыс жалғасуда. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.