Кеше Ақтауда «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Маңғыстау облыстық филиалының кезектен тыс ХІІ партия конференциясы болып өтті. Оған «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин қатысып сөз сөйледі.
Конференция жұмысына партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшелері, партия активі, жергілікті мәслихаттардағы партия фракциясының депутаттары, партия ардагерлері, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, республикалық, жергілікті ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Алқалы басқосуда «Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Партияның 2020 жылға дейінгі бағдарламасының жобасы және Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары туралы» баяндама жасады.
Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылға дейінгі даму жоспарында және 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасында көрсетілген реформаларды іске асыру – ел экономикасын бәсекеге қабілетті етіп, қоғам өмірін жаңартуға тың серпін, жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Ал «Нұр Отан» ХДП Қазақстан халқын жаңа да жауапты міндеттерді орындауға жұмылдыруда шешуші рөл атқаруда, деп бастады өз сөзін филиал төрағасы. Бағдарлама жобасында көрсетілген негізгі бағыттар мен басты міндеттердің тиімді іске асуы өлкедегі экономиканы үдемелі әртараптандыру, әлеуметтік саланы жаңа сапалық деңгейге көтеру, адами әлеуетті дамыту, жастарды жаңғыртудың қозғаушы күші ретінде жұмылдыру, сондай-ақ инновациялық технологияларды енгізуді нақты жүзеге асырумен байланысты екендігі белгілі. Оны облыс өмірінен анық көруге болады. Оған дәлел бізде өткен жылы да тұрақтылық пен экономикалық ілгерілеу сақталды. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикадағы маңдайалды үш аймақтың қатарындамыз. Жалпы аймақтық өнім адам басына шаққанда 17 мың АҚШ долларын құраса, бұл – еліміздегі екінші көрсеткіш. Ал даму қарқыны жыл қорытындысында 102 %-ды құрады. Өнеркәсіп өнімі соңғы үш жылда екі есе өсті. Өнеркәсіптің өңдеу секторындағы өсу 50 пайызды құрады. Бұл өңірдің экономикасын әртараптандырудың нақты нәтижесі. Өткен жылы еліміздің индустрияландыру картасына жалпы сомасы 38 млрд. теңге болатын 9 жоба іске қосылып, 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Өткен жылы жергілікті бюджет қаражатын пайдалана отырып, 1200 үлескердің мәселесі оң шешілді. Кәсіпкерлік саласы да белсенді дами түсуде. Яғни, бұл сала қызметкерлері саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 16,3 пайызға өсіп, кәсіпкерлік нысандар өндіретін өнім көлемі 2 есе ұлғайтылды.
Қырымбек Елеуұлы осы айтқан мәселелердің ойдағыдай жүзеге асуының ел еңсесін көтере түсудегі рөлін қалың бұқараға түсіндіру мен насихаттауда, сонымен қатар, өндіріс орындарының салыну барысына, мерзімінде іске қосылуына, оларға бөлінген мемлекет қаржысының мақсатты жұмсалуына партияның белсене араласқандығын атап көрсетті.
«Нұр Отан» партиясының басты мақсаттарының бірі халқымыздың әл-ауқатын, әлеуметтік жағдайларын, жалпы өмір сүру сапасын жақсарта беруге барлық саяси-бұқаралық әлеуетті жұмылдыру екендігі сөзсіз, деп жалғады сөзін Қ.Көшербаев. Бұл бағытта Елбасының халыққа Жолдауының «Адам – елдің басты байлығы» атты тарауын басшылыққа алып, көптеген игі шараларға, әлеуметтік маңызы зор акцияларға ұйытқы болдық. Соның нәтижесінде өткен жылы партияның тікелей мұрындық болуымен әлеуметтік акциялар аясында 248 шара өтіп, оған 40 мыңнан астам адам қатысты. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында халық батырлары Иса-Досан көтерілісінің 140 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Оларға еңселі ескерткіш қойылды. Осының бәрі 200-ден астам бастауыш ұйымдары, 30 мыңға тарта мүшесі бар «Нұр Отан» партиясының халықпен біте қайнасып, іс тетігін іскерлікпен шешудегі жұмыстарының бір парасы, деді филиал төрағасы.
Конференцияда сондай-ақ облыстық филиал бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Ә.Сахимовтың есебі тыңдалды. Баяндамаларды талқылауға қатысқан делегаттар, белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Б.Жүсіпов шағын бизнесті дамыту мен қазақстандық үлесті көбейтудің, партияның Жаңаөзен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары К.Қызанбаев Елбасы қамқорлығымен Үкіметтің қаланы көркейтуге арналған үшжылдық бағдарламасының мән-маңызына тоқталса, облыстық халық келісімі бірлестігінің төрағасы Ю.Шахшаев Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің «Нұр Отанмен» бірлесе атқарудағы жұмыстарын жоғары бағалады. Ал басқа сөз алғандар Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, әлем таныған сарабдал саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың ел алдындағы өлшеусіз еңбегі жайлы әсерлі әңгімеледі.
Конференцияда «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин сөз алып, алда тұрған маңызды да жауапты жұмыстарға кеңінен тоқталды және партиялық жұмыстарда іскерлік танытып жүрген бір топ адамға «Белсенді қызметі үшін» омырау белгісін тапсырды.
Конференцияда талқыланған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылданды.
Конференцияда «Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы болып облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сайланды. Сондай-ақ партияның қаңтар айында өтетін кезектен тыс ХІІІ съезіне делегаттар сайланды.
Жоламан БОШАЛАҚ.
Ақтау.