Басқа-басқа емес, қақаған қаңтарда шағын шаһарлардың қапелімде жылусыз қалуы Қарағанды аймағында бірінші рет ұшырасып жүрген жай емес. Мәселен, бұдан төрт-бес жыл бұрын Шахтинск қаласы бастан кешкен тосын жағдай ұмытыла қойған жоқ. Соның сабағы тиерліктей-ақ болса да, өкінішке қарай, әлі олай бола қоймаған екен. Енді, мінеки, Приозерскде дәлме-дәл сол қалпында қайталанған оқиға 13 мың тұрғыны бар қалаға жаңа жылдан бері екі аяқты бір етікке тықтырып келді. Рас, шұғыл шаралар қолданудың арқасында кенеттен киліккен қиындықтың бастапқы күндеріндегі мүлдем мүшкіл күйдің қазір беті қайтқан. Алайда, жылумен қамтамасыз ету толық қалпына келді деу де қиын. Осы айдың аяғына дейін жағдайды түзеуге күш салынып жатыр.
Бүгінде анықталып отырғандай, қыс ортасында үйлердің адам тұрғысыз болып қалуы бұл іске жауаптылардың өз міндеттеріне салдыр-салақ, немқұрайды қарауы салдарынан орын алған. Қысқа дайындық кезінде қалалық әкімдік бәрін ойдағыдай санап, бітпеген жұмыстардың бетін жауып, мәселелердің біразына жете мән бермеген. Басқасын былай қойғанда, өткен жылдың соңғы күндерінде, дәлірек айтқанда, 29 желтоқсанда жылу тарату қондырғыларында апатты ақау пайда болып, ертеңінде ондаған тұрғын үй жылусыз қалғанның өзінде де 4 қаңтарға дейін облысқа алаңдарлық ештеңе жоқтай хабарлар жөнелтіліп тұрған. Соның салдарынан облыстық әкімдіктегілер Приозерск қаласындағы қазандықтың «шықпа, жаным, шықпамен» жұмыс істеп тұрғанынан хабарсыз болған. Кейін жағдай одан сайын күрделеніп, оны түзеуге жергілікті күш жетімсіз болғанда ғана оқиғаның анығы амалсыздан мәлім етіледі. Ал бұл аралықта жылу қазандықтары бірінен соң бірі тоқтап, барлық дерлік үйлерді азынаған суық жайлап шыға келген еді.
Қазандықтардың аяқ астынан қауқарсыз қалатын реті болыпты. Алдын ала жеткілікті жөндеуден өтіп, қалыпты жұмыс істеуге дайындалмаған. Мұның ақыры істен шығуларына әкеліп соққан.
Приозерскдегі жағдайға байланысты Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев бастаған үкіметтік комиссия апаттың себептерін толық анықтады. Үкімет басшысының тапсырмасына орай апатқа жол берген адамдарға облыстық әкімдік тарапынан жазалау шаралары қолданылды. Жылумен қамтамасыз ету маусымына жауапсыз қарағаны үшін қала әкімі Қайрат Смағұлов қызметінен босатылып, облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Смағұлов пен энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Марат Мадиевке қатаң сөгіс жарияланды.
Сонымен бірге, экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі облыстық департамент Приозерск қалалық әкімдігі аппараты мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі лауазымды қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғады. Қаржы полицейлері былтыр қазандықтар мен жылу жүйелерін жөндеу үшін бюджеттен бөлінген 400 миллион теңгенің қалайша жұмсалғанын тексереді. Мұның сыртында тексеру істерін қоса қолға алған облыстық прокуратураның да анықтайтын жайлары бар тәрізді.
Бүгінде қаланы жылумен қамту мәселесі біртіндеп жолға қойылып келеді.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды облысы.