Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Иран Ислам Республикасына ресми сапары табысты аяқталды
Мемлекет басшысы қазіргі кезде Қазақстанда басымдығы бар бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын, оларға Иран компаниялары қатыса алатынын атап өтті. Бұлар – инфрақұрылымды дамытуға арналған «Нұрлы Жол» бағдарламасы, индустрияландыру бағдарламасының екінші кезеңі және ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасы.
Бұдан басқа, Қазақстан Иранмен ынтымақтастықты медицина, биотехнология, агротехнология, ғарыш технологиясы саласында да белсенді түрде дамытуға мүдделі. Сондай-ақ, өзара іс-қимыл қазіргі кезде елімізде дамытылып жатқан инновациялық кластерлер негізінде жүзеге асырылуы мүмкін.
Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан сындарлы ынтымақтастыққа негізделген ирандық компаниялардың ұмтылысын жоғары бағалайтындығына баса назар аударды және оларға жұмыстарының жемісті болуына тілектестігін білдірді.
Иран жағынан кездесуге қатысушылар Қазақстанмен ынтымақтастық әлеуетінің жоғары екендігін атап өтті. Оның ішінде игерілгені бар, енді ғана келісімге келіп жатқан жаңа бағыттар да бар. Осыған байланысты олар іскерлік байланыстарды орнатуға қызығушылықтарын білдіріп, жүзеге асып жатқан бірлескен жобалар жөнінде өз пікірлерін ортаға салды.
Мемлекет басшысымен кездесуден соң, көкейдегі сауалдарына толыққанды жауап алған ирандық іскерлер Қазақстан нарығына инвестиция салып, жұмыс істеуге мүдделі екендіктерін білдірді.
Біз еліміз делегациясының құрамындағы Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековті әңгімеге тартқан едік. Ол былай деді:
– Иран тарапымен кеше фитосанитарлық саладағы келісімге қол қойдық. Осы келісім арқылы бидай, арпа ғана емес, майлы дақылдарды, басқа да өсімдік дақылдарын экспорттауға мүмкіндік алдық. Енді біздің фитосанитарлық сертификат Иран жерінде 45 күнге дейін өз күшінде болады. Ал бұл өз кезегінде екі жақтың да бизнесінің дамуына, бір-бірімен сауда-саттық жасауға, бизнесті ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, ол қазіргі уақытта экспорт пен импорттың ара-салмағына келгенде, экспорт Қазақстан жағына қарай басым болып тұрғанына назар аударды. Әрі қарай да осындай үрдіс сақталады деген үміттеміз. Өйткені, Иранға ауыл шаруашылығы тауарларын көбірек саудалаймыз. Иранның халқы көп, сондықтан тұтыну қабілеті өте жоғары. Осы себепті жылдан-жылға бидай, арпа, майлы дақылдарды, одан басқа қазір ет өнімдерін де Иранға экспорттауға әзірлік үстіндеміз, деді А.Мамытбеков.
Өз кезегінде Иран іскер топтарының Қазақстан нарығына инвестиция салып, өндірген өнімдерін Ресейге, әрі қарай Қытай нарығына шығармақ ниеті бар. Сондай-ақ, біздің елде өндірген өнімдерін Иран нарығына да шығара алады.
Енді ирандық бизнесмен Арман Джавиданның сөзіне құлақ түрейік:
– Қазақстанда жұмыс істеп жатқанымызға бірнеше жыл болды. 2014 жылы мал бордақылау базасын салдық. Енді Алматы қаласының маңынан ет комбинатын салғалы жатырмыз. Қазақстан тарапынан инвесторларға жасалатын көмекке өте разымыз. Комбинат салу туралы тікелей келісімге қол жеткізген Алматы облысының әкімдігіне, Ауыл шаруашылығы министрлігіне де алғысымды айтқым келеді. Алдағы уақытта өндірісімізді өркендетіп, ынтымақтастығымызды бұдан да кең ауқымда нығайта түсеміз деген ойдамыз, – деді ол.
Қазақстанның Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев бұл сапардың өте сәтті болғанын атап көрсетті. Елбасының ресми сапары барысында 66 құжатқа қол қойылды. Олардың жалпы құны 2 млрд доллардан асады. Иран жағы Қазақстанмен сауда жасауға, елімізге инвестиция салуға мүдделі. Ең алдымен, тау-кен, металлургия өндірісі, өнеркәсіп кешені және көлік логистикасы салаларына үлкен қызығушылық танытып отыр. Машина жасау, жаңа технологиялар саласына да ықыласы жоғары. Алдағы уақытта қол қойылған келісімдердің жүзеге асу барысын қадағалап отыру үшін ирандық әріптестерімізбен ауық-ауық хабарласып отыру жөнінде уағдаластық. Қазақстан мен Иранның басшылары да бизнес бастамалардың жүзеге асуына басымдық беріп, оған баса назар аудару қажеттігі жөнінде уағдаласты. Алдағы бірер жылдың ішінде тағы да оншақты жобаның жүзеге асатыны анық, деді Ә.Исекешев.
Sunir Group компаниясының бас директоры Бахман Салехи өзі басқаратын компанияның халықаралық компаниялардың ішінде 176-орын алатынын айтты. Компания жел стансаларын, күн батареяларын шығарумен айналысады. Атом электр стансаларын салуда әлемде 39-орын алады. Қазақстанның Инвестициялар және даму министрлігімен, «Қазгеологиямен» бірге жұмыс жасап жатырмыз. Тау-кен өндірісі саласында ынтымақтастық орнату мақсатында келісімге қол қойдық. Қазақстанда төрт зауыт салу жоспарланып отыр, оның екеуі жел стансасы, екеуі мұнай өндіру саласына қатысты, деді Б.Салехи.
Сонымен, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Иран Ислам Республикасына ресми сапары екіжақты уағдаластықтарға сәйкес аса табысты аяқталды.
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан» – Тегераннан (Иран).
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.