19 Қаңтар, 2011

Жеңістің жолашары бол, алау!

412 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Атырау қаласын Жайық өзені қос құрлыққа – Азия мен Еу­ропаға бөліп жатыр. Қос құ­р­лықта тұрамыз дейтін өңір  жұрт­шылығы Қысқы Азиада алауы­ның эстафетасын асыға тосты. Алау эстафетасы арнайы ұшақ­пен бұрнағы кеште Атырауға жетті. Әуежайда Азия ойын­дарын ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары Сәр­сен Құранбек бастаған деле­га­цияны облыс әкімінің орын­ба­сары Серік Аманғалиев, облыс­тық спорт, туризм және дене шынықтыру басқармасының бас­тығы Берік Жанкеев күтіп алып, бұқаралық ақпарат құ­рал­дары өкілдері үшін баспасөз мәслихатын өткізді. Ал кеше қаланың Азия бетінде орна­лас­қан Махамбет атындағы қазақ драма театры алдында алау эс­тафетасының шеруі басталды. Облыс әкімі Бергей Рысқалиев  алау эстафетасының шеруін қы­зықтауға жиналған жұрт­шы­лықты құттықтап, «Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елі­міздің жаһандағы ең әлеуетті ел­дер қатарында болуына ерен еңбек сіңіріп келеді. Ел экономикасына дағдарыс­тың салқыны тимеді. Қазақ­стан­мен ынтымақтасуға, серіктес бо­луға ұмтылып, біздің Елбасының сындарлы саясатына қолдауын көрсетуде. Соның дәлелі былтыр ЕҚЫҰ Саммитін өткіздік, енді міне, Қысқы Азия ойындарын өткіз­гелі отырмыз» деді. Сонан соң алау эстафетасын КСРО-ның 5 дүр­кін, Қазақстанның 7 дүркін чемпионы атанған халықаралық дәрежедегі боксшы Болат Теміровке берді. Болат Теміров Абай көшесінен бастау алған алау шеруін Махамбет көшесінде тосып тұрған келесі алаугер – спорт ардагері Жыл­қыайдар Сұлтановқа жалғады. Әр 200 метр сайын осылайша бірінен біріне жалғасқан алау эстафетасы Азаттық даңғылымен Жайық өзе­ні үстіндегі көпірмен қаланың Еуропа бөлігіне өтті. Көше бойында шеруді қызықтаушы тұрғындар есебінде шек жоқ. Бәрі де – жасы да, қариясы да «Алға, Қазақ­стан!», «Жаса, Қазақстан!», деп ұрандатып тұрды. Тіпті, алаугермен бірге жүгіріп жүрген бала­қай­лардың жүзінен қуаныштың лебі байқалады. Алау эстафета­сы­ның бірінші кезеңі Исатай батыр даңғылындағы Исатай-Махамбет алаңында аялдады. Бұл алаңға алау эстафетасын таэквондодан Белградта өткен бүкіләлемдік универсиада чемпионы Гүлнафис Айтмұхамбетова алып келді. – Азиада ойындарының Қа­зақ­станда өткізілуі ел спортын жаңа деңгейге көтеретіні даусыз, – деді газет тілшісіне боксшы Болат Теміров. – Қазақстан қалала­рын түгел аралап шығатын Азиада алауы біздің спортшы­ла­ры­мыздың жеңісіне жолашар бола­рына сенемін. Ал түстен кейінгі кезеңде алау шерушілері Сәтпаев даңғылымен қазақтың ержүрек ұшқыш қызы, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова атындағы мұз сарайына дейін әкелді. Шеру алаугерлері ара­сында елімізге танымал спорт­шы­лармен бірге, әр саланың өкілдері тартылған. Солардың қатарында белгілі кәсіпкер Өнербек Жан­баланы, мұнайшылар Төлеген Бай­зақовты, Талғат Байтазиев­тар­ды, өнер шеберлері Сембек Жұ­мағалиев пен Гүлмайдан Сүн­де­товаларды атауға болады. Аты­раудағы Азиада алауының эста­фе­тасын Бейжің Олимпиада­сы­ның қола жүлдегері, таэквон­до­шы Арман Шылманов қаһарман ұшқыш Хиуаз Доспанова атын­дағы мұз айдыны сарайына жи­налған жұртшылық алдына алып жетті. Осылайша, алау эстафе­та­сы Азия мен Еуропа құрлығын­дағы Атырау жұртшылығына ер­ек­ше бір серпіліс берді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы. ––––––––––––––––––– Суретті түсірген Темірлан Сұлтанғазиев.