13 Сәуір, 2016

Ғарышкер Айдын Айымбетов: «Кішкентай обсерваторияларда үлкен құпиялар ашылады»

364 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
DSCN7826Мәскеуде «Жас ғалымдар» бүкілресейлік клубының бағдарламасы бойынша «Гагарин оқулары» атты халықаралық жастар ғылыми конференциясы өтті. Жан-жақтан келген 120 оқушының арасында біздің қаладағы М.Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайы «Антарес» астрономия клубының мүшелері де қатысып қайтты. Аспан әлеміне көз тігуге бәрі­міз құмармыз. Павлодарлық оқушыларды да астрономия, ға­рыш әлемі қызықтырады. Об­лыс орталығындағы Оқушылар сарайын­да «Антарес» аталатын астрономия орталығы жас астрономдарды, ғарышты зерттеуші болашақ ғалымдарды оқытып-үйретуде. Мақсаты – қала мектептерінде оқитын оқу­шылардың бос уақыт­тарын тиімді пайдалану, астрономия және ғарыш әлемі тұңғиығы қызықтарына баулып, ғылыми-техникалық зерттеулеріне деген қызығушылықтарын арт­тыру. Ол сөйтіп шағын үйір­меден ғажап орталыққа айналды. Инновация, аспан әлемі үйірмелеріне қаты­сушы оқушылар қажет десе, Марсқа да ұшпақшы. Биыл алғаш рет жас астрономдар слеті өтті. Тіпті, жас астрономдарға ар­налған обсерватория былтыр жазда пайдалануға берілді. Облыстық білім беру басқармасының хабарына қарағанда, обсерваторияның бақылау, көру алаңы, астрономия сабағы өтетін бөлмелер жөнделді. Телескоп орнату жұмыстары және заманауи автоматтандырылған басқару жүйесіндегі орталықтың күмбезін алмастыру жұмыстары да жүргізілді. Мұндай ерекше Планетарийді жаңғырту және жабдықтау мақсатында 90 миллион теңге жұмсалған. Қаражат «ENRC Көмек» корпоративтік қоры мен «М.Катаев атындағы оқушылар сарайы» мемлекеттік мекемесі арасындағы келісімшарт негізінде бөлініпті. Обсерватория оқушыларға ас­трономия мен астрофизика ілімдерін үйретумен қатар ғылыми жұмыстар жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл еліміздің жаңа білім беру жүйесінің инновациялық дамуды жүзеге асыратын жаңа мамандарды баулуға бағытталған орталық деуге болады. Қуаттылығы әртүрлі үш телескоп орнатылды. Балалар астрономия және астрофизика ілімдерін зерттеп, білімдерін толықтыра алады. Обсерваторияның бас­ты ерек­шелігі – CORONADO TPSMT90-30 Solar Max1190 атты үлкен күн телескопымен жабдықталған. Күнді бақылайды. Астрономиялық фотосуреттер мен бейнетүсірілім жасап, аспандағы нысандарды да көрсетеді. Meade 16 «LX 600-ASF» телескоптың экваториалдық платформасы бар. Жас астрономдар ғылыми зерттеу жүргізеді. Обсерваториямен бірге тұтас «ға­рыштық» оқу бөлмесі ашылды деген сөз. Яғни, оқу бөлмесінде ғылыми-техникалық бағытта­ғы фотостудия, робототехника үйір­­месі, информатика сыныбы және «Антарес» астрономия клубы орналасқан. Жас астрономдар жетекшілері Виталий Радченко, Гүлнәр Баубековамен бірге бірнеше рет алаңға шығып, түнгі сағат 22.00-ден бастап, екі сағат бойы астрономиялық құбылыстарды бақылайды. Жас астрономдар Новосібір қаласында өткен «Сибастро» халықаралық астрономдар слетінде ресейлік ғалымдардан сыйға телескоп алған болатын. Сондай-ақ, «Бөбек» республикалық орталығында өткен қазақстандық жас астрономдар слетіне қатысты. «Антарес» астрономдар клу­бының мүшелері Мәскеуден шақырту алды. Клуб жетекшісі Гүлнәр Баубекованың айтуынша, «Антарес» клубының жас астрономдары II орын иеленіпті. Клуб мүшесі, №35 мектептің 6-шы сынып оқушысы Еренғайып Қобыланды «Ғарыш аппаратының жиналмалы моделі» атты жобасын таныстырды. Тағы бір жас астроном, №3 дарынды балалар гимназиясының 9-шы сы­нып оқушысы Қажымұқан Мұңайтпасов «Электромагниттік тездеткіш» атты жобасымен қа­тысты. Аты-жөндері де аса ерекше балаларға аталарының өздері көктен дем беріп тұрғандай. Гүлнәр Баубекованың айтуынша, мәскеуліктер қазақстандық оқушылардың дайындығын жо­ғары бағалапты. Орталықтың инновацияшыл ұстаздары жылдар бойы иннова­ция­шыл оқушылар тәрбиелеп келеді. Планетарий күмбезінің түбінде жас астрономдар «3-D» режимінде «Астрономия», «Физика», «Био­­ло­гия» және «Геология» бөлімдерінен ғарыш, галактика туралы танымдық фильмдер көреді. Техникалық шығармашылықпен айналысуға барлық мүмкіндіктері жетеді. – Осындай кішкентай обсерваторияларда үлкен құпиялар ашы­лады, – деген еді облыс орталығына ке­ліп, жас астрономдар алдында сөз сөйлеген ғарышкер Айдын Айым­бетов. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан».  ПАВЛОДАР.