13 Сәуір, 2016

Толағай

608 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Султан РахмановЕстелік – адамзаттың ең үлкен байлығы. Бұл байлықтың басқалардан ерекшелігі, оны ешкім тартып ала алмайды. Аспан төріндегі сан мыңдаған жұлдыздар қара түннің бауырын тілгілеп, бүкіл әлемге жарық тарататыны сияқты, тұлғалар туралы әдемі естеліктер де адам өміріне шуағын шашады. Сол сияқты менің осыдан 22 жыл бұрын Олимпиада чемпионы Сұлтан Рахмановпен кездесуім  де үнемі жадымда жаңғырып тұрады. Ол кезде Қарақалпақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі мен Министрлер Кеңесінің басылымы саналатын «Әму таңы» газетінде бөлім меңгерушісімін. 1994 жылдың сәуір айы. Кіндік қаны тамған жерге келген Сұлтан Рахмановты Бируни, Төрткүл қалаларына апарып, үш күн бірге жүрудің сәті түсті. Сонда байқағаным, Сұлтан соншалықты әлемдік атақ-даңққа ие болғанына қарамастан өте қарапайым екен. Тіпті, Төрткүл қаласына келген соң, кездесулер аралығында көрші  аудан аумағындағы Нарымжан баба қорымына зияраттап та үлгердік. Онда спортшы әкесі Сабырдың бейітінің басына барып, рухына бағыштап құран оқытты. Саналы ғұмыры шалғайдағы Украина жерінде өтсе де, мұсылмандықты, аруақтарды қадірлеуді ұмытпапты. Таулар алыстаған сайын биіктей түседі емес пе. Сұлтан Рахманов тұлғасына деген қызығушылық әлі төмендеген емес. Сондықтан, толағай спортшы туралы ойымды оқырманмен бөлісіп, тағы бір мәрте еске алуды жөн санадым. ...Сұлтанның әкесі Сабыр 1920 жылы Төрткүл қаласында туған. 1975 жылы өмірден озғанша жүргізуші боп еңбек етіпті. Ал шешесі Татьяна Васильевна Коваленко 1920 жылы Украинада дүниеге келген. Медициналық училищені аяқтап Ташкент госпиталінде мейірбике болып жұмыс істеп жүрген Татьянамен Сабыр сол жерде танысып, 1945 жылы отау құрған екен. Содан соң кіндік қаны тамған жері Төрткүлге қайта оралып, Заводская көшесіндегі 14-үйде тұрды. Екі жас адал еңбектерінің арқасында өнегелі отбасына айналды. Отағасы жүргізуші болумен қатар, тойларда күреске түсіп, белдескенін алып ұрып, «Сабыр балуан» деген атқа да ие болды. Әйелі де елге қалтқысыз қызмет етіп, тез танылып үлгерді. Өмірінің негізгі бөлігі Ташкентте өткендіктен бе, ол өзбекшені судай білетін. Күйеуі өмірден озған соң Украинаға кетуге жиналған Татьянаны Төрткүл тұрғындары ағыл-тегіл жылап, қимай шығарып салған деседі. Ол кісі Днепропетровск қаласында 1986 жылы бақиға сапар шегіп, Сурск-Литовск қорымына жерленді. Жақсы ата-анадан жақсы перзенттер өрбиді. Өз кезегінде сол перзенттер арқылы ата-ананың да беделі асқақтай түседі. Сабыр мен Татьяна 5 ұл, 1 қызды өмірге әкеліп, үлкен азаматтар етіп өсіріп, елдің құрметіне бөлене білді. Тұла бойы тұңғышы, 1946 жылы 3 мамырда дүниеге келген Рустам әскери саланы таңдап, майор шенімен зейнеткерлікке шықты. Әзім әке жолын қуып жүргізуші болды. Тахир авиацияға ден қойып, ұшқыш мамандығын меңгерді. Рахым ауыр атлетикамен айналысты. Ағасы сияқты Олимп шыңына шықпаса да, өз ортасында беделге ие болды. Зухра халықаралық Сұлтан Рахманов қайырымдылық қорының президенті, Украинаның Өзбекстандағы құрметті консулы. 1950 жылы 6 маусымда өмірге келген отбасындағы үшінші перзенттің жөні басқа. Әрине, балпанақтай ұлдың күндердің күнінде әулет атын әлемге танытарын ол кезде ешкім білген жоқ. Сондықтан, ол да басқа балалар қатарлы өсіп, барша бауырлары білім алған Төрткүлдегі №2 Луначарский атындағы мектепте оқыды. 8-сыныпты бітірген соң Сұлтан арман қуып Днепропетровскіге, нағашы апасының үйіне жол тартты... Мен Сұлтан Сабырұлымен кездескен кезімде аяғын сылтып басатынын байқадым. Жарыс кезінде болған жағдай шығар деп сұрауға ыңғайсыздандым. Кеміс жеріне назарым түсіп, үндемегенімді сезген Сұлтан аға: «Бала кезімде мәшиненің астына түсіп, жарақат алғанмын. Содан оң аяғым сол аяғымнан 3 сантиметр кіші, бірақ бұл ештеңеге кедергі келтірмейді», деді. Өмірімде кездестірген алып адамым Сұлтан Рахманов болды. Сол кезде ол өзінің айтуынша 175 келі салмаққа ие екен. Менің одан сұраған алғашқы сұрағым: «Сіз Төрткүлде өткен балалық шағыңыздан бастап зілтемір көтерумен шұғылдандыңыз ба?» болды. – Жоқ, – деген болатын ол күліп. – Мен балуан болам деп ойлағам. Алғаш Днепропетровскідегі дене шынықтыру техникумының күрес бөліміне оқуға түскем. Зілтемірші болам деген ой түсіме де кірген емес. Бірде жағажайда шомылып жүрген балалармен әңгімелесіп қалдым. Кейін өмірлік досыма айналып кеткен Володя есімді бала (Владимир Устич ) денеме қарап: «Сенен жақсы ауыр атлет шығады», деді. Қызды-қыздымен техникумға барып, балалардың көзінше зілтемір көтердім. Бірақ, бұл арнайы шұғылданбаған адамға қиын шаруа екен, 50 килодан артық салмақты еңсере алмадым. Күрескен балаларды алып ұра беретіндіктен мықтымын деп ойлайтынмын. Ұялғанымнан үнім шықпай қалды. Содан балалардан жасырына жүріп бір апта шұғылдандым. Өзімді аямадым. Тәуір нәтижеге қол жеткізуге тырыс­тым. Сегізінші күні балалар 110 кило көтергенімнің куәсі болды. Сұлтан осы оқиғадан соң біржолата зілтемір көтеруге ден қойды. Ал­ға­шында Иван Григорьевич Погоре­лый­дың қолында жаттықты. Сосын әйгілі бапкер Эдуард Павлович Бров­ко­­ның үйірмесіне қатыса бастады. Ол өмір­ін­дегі бүкіл жетістікке осы Бров­комен шұғылданған жылдарында жетті. Украина чемпионатында бірнеше рет жеңіске жеткен Сұлтан КСРО чемпионатында да өзінің мықтылығын көрсете білді. 1972 жылы КСРО құрама командасы сапына қабылданды. 1976-1978 жылдары Балтық кубогында жеңімпаз атанып, Одақ біріншілігінде КСРО-ның екі рекордын жаңартты. Атап айтқанда, жұлқа көтеруден ешкім 190 кило нәтижеге қол жеткізбеген еді. Оның Монреаль Олимпиадасына қатысуға мүмкіндігі болды. Алайда, Мәскеудегі федерация басшылығы В.Алексеевтің екінші рет Олимпиада чемпионы болуына мүдделілік танытып, Сұлтан Рахмановтың жолын бөгеді. Спортшылар төзімнен жаратылған халық қой, Сұлтан әділетсіздікті көре-біле тұра өзінің бағы жанар сәтін асықпай күтті. 1978 жылы Лас-Вегаста өткен Әлем жұлдыздары кубогында, 1979 жылы Токиода өткен ауыр салмақтылар кубогында тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. 1978 жылы Геттисбергтегі Әлем біріншілігінде күміс, 1979 жылы Салоникидегі, 1980 жылы Мәскеудегі Әлем біріншілігінде алтын медальды жеңіп алды. 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасы... Тағы да сол Василий Алексеев... Ол ауыр атлетиканың бүкіл бір дәуірін бейнелейтін тұлға. Оның еншісінде қатарынан 2 Олимпиаданың, бірнеше дүркін Әлем, Еуропа, КСРО чемпиондығы бар. 80-ге тарта рекорд иесі. Сұлтан Рахманов аса ауыр салмақта екінші нөмірлі спортшы ретінде Олимпиадаға қатысу құқығын иеленді. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген сөз бекер айтылмаған болса керек. Аты аңызға айналған Василий Алексеевтің басынан бақ тайды бұл жолы. Жұлқа көтеруде 180 килоны көтермек болған ол үш мүмкіндігін де пайдалана алмай, жарыстан шығып қалды. Нағыз намыс сыналар сәт енді келді. Теледидарға телмірген бүкіл Кеңес Одағы халқының үміті Сұлтан Рахмановқа ауды. Өзіне артылған сенім жүгін сезіне білген мұсылман перзенті жұлқа көтеруде үш мүмкіндігін де жақсы пайдаланып, 185,190, 195 килоны еңсерді. Бұл көрсеткіш Олимпиаданың жаңа рекорды саналатын. Ал серпе көтеруде 245 килоны көтеріп, қарсыластары Юр­ген Хойзер (ГДР) мен Тадеуш Рут­ков­скийден (Польша) 30 кило озып кетті. Мәскеу Олимпиадасының чемпионы қандай сыйлыққа ие болды дейсіз ғой. Жаңа Олимпиада чемпионы Сұлтан Рахманов алтын жүлдеге қоса, 3000 сом алып, жора-жолдастарынан алған қарызын қайтарып, қалған ақшаға  жан жары Галина Федоровнаға алтын сырға әперген көрінеді. Олар 1967 жылы тұрмыс құрған-тын. Татьяна есімді қызы мен Тайыр атты ұлы бар болатын. Олимпиадада көрсеткен нәтижесі үшін Сұлтан Рахманов 1981 жылы «Жер жүзінің ең күшті адамы» ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді. 1981 жылы ол КСРО біріншілігінде жеңімпаз атанды. Алайда, оны орнынан ығыстыру үшін астыртын күрес басталған-тұғын. Әлем біріншілігіне бапкерлер А.Писаренконы қатыстырды. Бұл қитұрқы әрекет жүйкесіне тиген Сұлтан спорттық ғұмырын ерте аяқтауға мәжбүр болды. Сұлтан Рахманов 9 жыл КСРО құ­рамасы сапында өнер көрсетіп, 14 рет рекорд орнатты. Соның екеуі әлемдік, бесеуі бүкілодақтық рекордтар еді. Мен кездесу кезінде одан: «Писа­рен­коны жек көрген шығарсыз?» деп сұра­дым. «Оның не жазығы бар? Бұл бапкерлердің тірлігі ғой, мен біреудің бағын байлаған адамның жолы болмайтынын сездім. Қолдаушылары даңғыл жол ашқанымен, Анатолий Писаренко Олимпиадаға қатыса алмады», деді. Сұлтан Рахманов үлкен спорттан кет­кен соң ардагер және мүгедек спорт­шылардың халықаралық қауымдастығын құрып, қайырымдылық жұмыстарымен айналысты. Қазір аталмыш қауым­дас­тыққа оның әйелі Г.Рахманова басшылық жасайды. Өмірінің соңғы жылдарында 210 ки­лоға дейін семіріп кеткен чемпионның жүріп-тұруы қиындап кетті. Ауыр сал­мақтың асқынғаны соншалық, 2003 жылы 5 мамыр күні әлемдегі ең күшті адамның жүрегі тоқтады. Украинада әйгілі спортшының есімін есте қалдыру жұмыстары қолға алынған. 2009 жылы оған «Днепропетровск қала­сының құрметті азаматы» атағы берілсе, 2010 жылы спортшы тұрған Карл Маркс даңғылы, 45 «б» үйге ескерткіш тақта орнатылды. Чемпионның туған қарындасы Зухра Рахманова халықаралық Сұлтан Рахманов қайырымдылық қорын басқарады. Мақалаға осы жерде нүкте қоюға болар еді. Алайда, таяуда қазақ баспасөзінде орын алған күмәнді ақпаратты анықтау мақ­сатында оның жақындарымен хабар­ласқан болатынбыз. Сол сұхбаттан үзінді­лерді назарларыңызға ұсынуды жөн санадық. Зухра Рахманов, чемпионның қарын­дасы, Украинаның Өзбекстандағы құр­мет­ті консулы, халықаралық Сұлтан Рах­­­ма­нов қайырымдылық қорының пре­зиденті: – Қазақстанның Alaman.kz спорт порталында 2016 жылдың 18 қаң­тарында жарық көрген «Олимпиада чем­пионы Сұлтан Рахманов қазақ па?» деген мақаланы қарап шықтым. Мақала авторы ғаламтордағы қауесетті тексерместен, жаңалық ретінде жариялап жіберіпті. Бұлай жасауға болмайды ғой. Мен Сұлтан Рахмановтың қарындасы ретінде мынаны айта аламын: әкеміз – өзбек, шешеміз – украин қызы. Бұл бар­ша ресми деректерде бар. Әкеміз Са­быр Төрткүлдің тұрғыны болғанымен, ата­мыз Рахман, бабамыз Эшимбет Әму­да­рияның сол жағалауынан, яғни Хиуаның тұрғындары. Біз, Хорезм өзбектері, ұзын бойлы, алып денелі, қоңыр көзді боп ке­ле­міз. Аталмыш белгілер әулетімізде толық сақталған. Сондай-ақ, әулет­тегі ұлдардың барлығы сүндетке отыр­ғы­зылған. Ислам дінін ұстанамыз. Днепропетровскіде тұрғанымызбен, баршамыз есейген шақта кеттік қой, ана тілімізді жақсы білеміз. Тайыр Рахманов, чемпионның ұлы: – Негізгі мәселе әкемнің Олимпиада чемпионы болған сәтін бейнелеген ютубтағы видеоға әлдекімнің жалған ақпарат орналастырғанынан туындаған көрінеді. Әрине, оны кім жасағанын білмеймін. Әкем туралы мақалалардың астына әлдебіреулер қарақалпақ деп те жазып қойған. Бұлар енді ресми мәліметтер емес қой. Таңғалатын несі бар? Ұлы адамдарды әркім өзінің туысы ретінде көргісі келетіні де заңдылық. Иә, Тайырдың пікірімен толықтай келі­семін. Сұлтан Рахмановтың ұлты­ның кім екендігінде тұрған ештеңе жоқ. Ол спортсүйер қауымның жүрегінде ұлы чемпион ретінде қала бермек. Әлі талай ұрпақ одан өнеге алып, Олимп шыңы­на қарай ұмтылады. Тола­ғай тұлға­лардың ерлігі – өзгелердің жүрегіне үміт ұшқындарын шашуда емес пе! Бегабат ҰЗАҚОВ, журналист.