13 Сәуір, 2016

Футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына қатысады

329 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
13.04.2016 AST-5 АСТАНА. Футзалдан Қазақстанның ұлттық құрама командасы әлем чемпионатына жолдама алды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Алматыда Қазақстан құрамасы іріктеу турнирінің соңғы матчында Польша командасымен кездесіп, қарсыластарын 7:0 есебімен ұтты. Осы жеңіс отандастарымызға әлем чемпионатына жолдама алып берді. Польшамен кездесуде алғашқы голды матчтың екінші минутында Қазақстан құрамасының қақпашысы Игита соқты. Оның алыстан тепкен добы қарсыластар қақпасынан бір-ақ шықты. Одан кейін құрама капитаны Серік Жаманқұлов пен Дуглас дубль жасады.  Екінші таймда Лео мен Арнольд Кнауд бір-бір голдың авторы атанды. Ұлттық құрамада гол соққан футболистер Қазақстанның азаматтығын алған Бразилияның бұрынғы ойыншылары. Енді еліміздің бас командасы әлем чемпионатына дейін тамыз айында Таиландта жаттығып, осы елдің құрамасымен кездеседі. Одан кейін Бразилияға барып, Өзбекстан құрамасымен жолдастық матч өткізеді. Сөйтіп, Қазақстан құрамасы осымен екінші рет арада 16 жыл өткен соң әлемдік додада бақ сынасатын болды. Әлемдік доп бәсекесі 10 қыркүйек пен 10 қазан аралығында Колумбияда өтеді. Оған 24 елдің ұлттық құрамасы қатысады. Алғаш рет Қазақстан командасы 2000 жылы Гватемалада өткен әлем кубогына қатысқан болатын. Сол кезде жарысты ерте аяқтаған отандастарымыз топтық кезеңде Бразилиядан 12:1, Португалиядан 6:2,  Гватемаладан 6:5 есебімен жеңілген. Биыл Қазақстан құрамасы Сербияда өткен Еуропа чемпионатына алғаш рет қатысып, қола медаль жеңіп алды. Тоқетерін айтқанда, Қазақстан футзал құрамасы мен «Қайрат» клубының  Еуропа төріндегі жеңістері қазіргі қазақ футзал жарысының ренесcансы деуге болады. Дастан Кенжалин. Дерек, фото: egemen.kz