АЛМАТЫ. 13 сәуір. Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау күні кең ауқымда аталып өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Осы аптада Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы қалалық әкімдіктің қолдауымен Алматы қалалық салауатты өмір салты орталығымен біріге отырып, Дүниежүзілік денсаулық күніне арналған ауқымды акция өткізді.
Биылғы акция әр адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыруды насихаттай отырып, тұрғындар арасында зика вирусы туралы ақпараттандыруды көздеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, зика безгегін тудыратын вирусты халықаралық деңгейдегі қатер деп тауып отырғаны белгілі. Бұл туралы Женевадағы төтенше жағдайлар комитетінің жиынында хабарланған.
Бұл бастаманың жастар үшін де, қалалықтар үшін де пайдасы көп болды. Әдеттегідей тегін қызмет көрсететін, үздік дәрігерлерден тұратын «Денсаулық қалашығы» жұмыс істеді. Қажет деп тапқандарға кардиолог, эндокринолог, пульманолог, аллерголог, гериатр, гастроэнтеролог, невропатолог, дерматолог, ревматолог, фтизиатр, нефролог, онколог, терапевт, психиатор, қандағы қант және холестерин белгілеу сынды мамандардың қызметі тегін ұсынылды.
Сондай-ақ, акцияда танымал спортшылар сөз алып, жастарды спортқа үндеп, эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.
Айнаш Есали.
Дерек, сурет: egemen.kz.