14 Сәуір, 2016

Шиелінің шұбаты мың да бір дертке шипа

440 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ф-3-1Ата қазақ салған жолмен жүрсек, салт-санасын сақтасақ, жөн-жоралғысын ұстансақ, дәстүрін дәріптесек, адаспайтынымыз анық. Әрі-беріден соң бар ғой, сол бабалар ішкен асты тұтынсақ, ешбір аурудың алмайтыны анық. Таза табиғи, экологиялық жағынан қауіпсіз тағамдарды тұтынған ғой біздің аталарымыз. Мысалы, шұбатты алайық. Бүгінде Қызылорда облысының әр ауданында түйе бағып отырған адамдар бар. Енді осы шұбатты сатылымға шығарып, пайда табуға бола ма? Әрине, болады. Дегенмен, оның сақтау мерзімін ұзартып, дүкендерде сату үшін бүгінгі заманға ыңғайлау қажет. Ол үшін арнайы цех керек. Ал мұндай цех жақында Шиелі ауданында ашылды. Кәсіпорынды іске қосқан – Сабыр Ермаханов. Шұбатты өңдеу орнының жобалық құны 45 миллион теңгені құрайды екен. Шиелілік кәсіпкер қажетті қаражатты еш жерден несие алмай, өз қалтасынан шығарған. Цехта алғашқы кезекте тәулігіне 400 литр түйе сүтін өңдеу жоспарланған. Мұнда тұрақты 5 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылды. Арнайы ыдысқа құйылып, өңделіп шұбат әлден-ақ жұртшылықтың сұранысына ие бола бастады. Бұл жобаға қызы­ғушылығым Алматы қаласына жұмыс сапарымен барғанымда Сыдық есімді кәсіп­кердің жұмыс барысымен танысқан кезден басталды. Содан бері, міне, 5 жыл өтті, атакәсіп өнімінің бірі – шұбаттың құ­нар­лылығын арттырып, жаңа деңгейге көтеру, оның сақталу мерзімін арттыру технологиясымен шұғылданып жүрмін. Бизнес-жоспар жасағаныммен, талай кедергілерге кездестім, қанша қиналсам да, өз жобамды жүзеге асырғаныма қуаныштымын, дейді кәсіпкер. Істің жөнін тарата айтар болсақ, оның мәнісі мынандай: бұрыннан келе жатқан қарапайым қазақы тәсіл бойынша ашытқан шұбат әрі кетсе екі-үш күнге ғана шыдайды, ал Сабырдың қазіргі жобасы бойынша арнайы пластмасса шөлмекке құйылған шұбат толық бір ай жарамды болады, айнымайды. Өйткені, түйе сүтін ашытатын ашытқының құрамы ғалымдармен бірлесе жұмыс істеу арқылы жүзеге асырылып отыр. – Биология ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің кафедра мең­герушісі Әсия Серікбаева өз шә­кірттерімен бірге үлкен ізденісті жұмыс жүргізді. Нәтижесінде 5 компоненттен тұратын жаңа ашытқы қолданысқа енді. Алдағы жоспарларымызды сараладық, енді шұбаттың бұзылмай сақ­талу мерзімін 3 айға ұзартуды мақсат етіп қойдық. Сонда өз өнімдерімізді еліміздің түгел аймағына таратумен қатар, шетелдерге жеткізуге мүмкіндік туар еді, – дейді  Сабыр Ермаханов. Өнімнің сапалы да тауарлық сипаты жақсы болуы үшін онда қызмет жасайтын мамандардың да білігі мен тәжірибесі болуы шарт. Бұл орайда кәсіпкердің жас мамандарды тәжірибе алмасудан, арнайы курстардан өтуін қаржыландырып, үлкен мән беріп келе жатқандығы сүйсіндіреді. Мәселен, Мәдина Төребаева мен Баян Дүйсенбек­қызы жоғары білімдерімен қоса арнайы курс­тардан өтіп, шұбат өңдеу ісіне маманданған жастар. Сол секілді оператор Нұрлыбай да оқу-тәжірибесінен өткен азамат. Осында еңбек ететін Бақтыгүл Құрманбаева мен Мақсат есімді жігіт те сапалы қызмет жасауға дайын. Ойға түйгендерін жүзеге асыра бастағандықтары олардың алғашқы еңбек күнінен айқын байқалып, өңделген түйе сүтінен дәм татқан аудан ардагерлері ризашылығын білдірісіп жатты. Шиелі ауданында инду­триялық картаға сай өнім өндіру мен өңдеу орындарын ашатын кәсіпкерлерге аудан орталығы маңынан арнайы индустриялық аймақ ретінде 50 гектар жер бөлінген. Соның алғашқыларының бірі ретінде кәсіпкер Сабыр Ермахановқа 5 гектар жер беріліп, аталған шұбат өңдеу цехы ашылған. Бұл жерде осы секілді әлі де көптеген кәсіпорындар іске қосылады. Шұбат өңдеу цехының екі­қабатты ғимараты жаңадан салынып, оған электр желісі тартылып, бөлек трансформатор орнатылды. Таза ауыз су құбыры да жеткізілген. Шетелдерден алдырылған қондырғылары да сапалы. Нақты айтқанда, сапалы өнім өндіруге барлық жағдайы сақадай сай деуге болады. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы, Шиелі ауданы