Пьер Буаст,
ХVIII ғасырдағы француз ойшылы.
Елден... Көкшетаудан келдім. Бұл жолы Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің халық алдындағы есебіне қатыстым. Өңірдің жер-жерінен жиналған 700-ден астам халықтың алдында берілген есептен кейін, бірден сұрақ қою басталды. Менің есебім бойынша әкімге 35 сұрақ қойылды. Бәрі де маңызды, бәрінің де елді толғандырып отырған мәселеге қатысы бар. Жеке бастың мүддесінен гөрі елдің, өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігіне байланысты жайлар көбірек айтылды. Бір аңдағаным, халықтың билікпен байланыс жасауы мен диалог орнатуының мәдениеті қалыптасып қалғандығы болса, сол қуантты. Өскеніміз бен жетілгенімізді аңғардым бұл жолы да. Бұрынғыдай байбалам салушылық, болмаса әлдекімдерге кінә арта сөйлеу байқалмайды. Сұрақ қоюшылар өз мәселесін айта отырып, соларды шешудің жолдарын ұсынады, өз ойларын ортаға салады, ақылдасады. Соның барлығын саралай отырып, халықтың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойып отырған міндеттерін орындауға деген зор ынтасы аңғарылады. Әсіресе, қазіргідей жаһандық дағдарыс етек алып тұрған тұстағы ақмолалықтардың Мемлекет басшысы ұсынған Ұлт Жоспарын тілге тиек ете сөйлегендіктері қоғамның тығыз топтаса түскендігінің айқын айғағы еді. Ел тыныштығы мен бірлігі, халықтың өзара түсіністігі бәрінен де биік тұруы керектігін сол елдің терең сезінгендігі аңғарылар еді. Облыс әкімі С.Кулагиннің есебі өтіп жатқан «Көкшетау» мәдениет сарайының әр жеріне қойылған микрофонның тиюін күтіп тұрған кезектегілердің бәрі де бірінен соң бірі өздерінің ойлы сауалдарын қойып жатты. Әлден уақытта залдың орта тұсында тұрған микрофонның кезегі Қазақстан Коммунистік халық партиясының Ақмола облыстық комитетінің бірінші хатшысы Бейсенбай Мәжитовке тиген кезде халық іштей жиырыла қалғандай көрінді. Маған да: «Бұл сабазың қазір бәрінің де сыбағасын беретін болар», деген ой келе қалды. Өйткені, қашан болсын, шындық үшін шырылдап жүрер осы бір азаматтың «бетің бар, жүзің бар» демейтін турашылдығын ақмолалықтар жақсы білетін. Назар соған ауды. – Жуырда Астана қаласындағы үлкен бір көшенің көлік қозғалысын әлдекімдердің жауып тастап, «Кулагинді жауапқа тарту керек» деген плакатқа жазған сөздері әлеуметтік желілерге тарап кетті. Біздің елімізде мұндайға неге жол беріледі? Әрине, жемқорлық пен қылмысқа қарсы аяусыз күресуіміз керек, бірақ та «жаптым жала, жақтым күйеге» неге жол беріледі? Кулагиннің қылмысы болса, құқық қорғау органдары бар емес пе? Ал бірақ ешбір дәйексіз де, дәлелсіз де шулап көшеге шыға берсек, не болады? Елдің шырқы бұзылмай ма, елдің берекесі кетпей ме? Біз улап-шулап көшеге шықандарға емес, Кулагинге сенеміз! Олай болса, мұндай жалған ақиқатшыларға тыйым болуы керек! – деді ол. Коммунистен бұл сөзді күтпеген болар, халық қол соғып, өз ризашылықтарын білдіріп жатты. Бұдан кейін де осы тақырыпты қайта көтергендер де болды. Елдің тыныштығын ойлағандық пен өз өңірлерінің басшысына деген халықтың сенімі бізге де ой салды. Жасыратыны жоқ, қазір кей жағдайда елге жағатын жан иесі қалмай бара жатыр ма деп ойланатын кездерің де болады. Қазіргі шуылдақ топтың сөзіне құлақ түрсең, бәрі де – «үкімет те, депутаттар да, әкімдер де, ең аяғы имамдар да жаман» болып шығатыны бар. Сонда осы бізде кім жақсы? Бей-берекет сөйлеп жүргендер ме? Жоқ әлде, халықты көшеге шығарып, елдің шырқын бұзғысы келіп жүрген айтақшылар ма? Кім жақсы? Әрине, ел жақсы! Бір ұлттың баласындай болып ұйысып отырған халық жақсы! Сол ел мен сол халық бір өңірдің басшысы Кулагинді жақтап сөйлесе, білгендіктері болар. Білген соң айтып, шыр-пырлары шығып қорғап та, қолдап та жатқан болар деген ой түйдік. – Мен үшін ең бастысы маған деген Елбасының және өз елім – сіздердің сенімдеріңіз бәрінен де қымбат! Сол сенімдеріңізді ақтаудан басқа мақсат жоқ менде! «Аққа құдай жақ» деген сөз бар. Маған сеніңіздер! Мен Елбасының сенімін ақтау үшін бар ғұмырымды арнап жүрген адаммын! – деді әкім. Кулагиннің өз жерлестеріне берген жауабы да, уәжі де осы болды. Біз де ойланып қалдық. Өйткені, осы өңірдің азаматы болған соң еліңнің абыройы қымбат. Бұл арада тап менің Кулагинге деген араша сөзімнің қажеті де, реті де жоқ болар. Алайда, кешегі күні, яғни 1999 жылы Елбасының Жарлығымен Ақмола облысының орталығын Көкшетауға көшіріп келген Кулагиннің сол тұстағы еңбегін әрдайым ризашылықпен еске аламын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының экономикалық қиыншылықтары қос бүйірден қысып және де «Қазақстанның солтүстік облыстарының жері біздің жеріміз» деп ашықтан-ашық іргедегі қалың орман арасынан байбалам салып жатқандардың даурықпасына қарсы шара ретінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев түстік пен шығыс беткейдегі облыстарды бір-біріне қосу арқылы ел шетінің шекарасын нығайтты. Президентіміздің ел болашағын әріден түйген бұл ақылды да көреген саясатының дұрыстығына уақыт сан мәрте көзімізді жеткізіп те келе жатыр. Міне, облыс мәртебесінен айырылып, екі жылдай Қызылжар өңірінің яғни Солтүстік Қазақстан облысының құрамында болған Көкшетау қаласы шынында да тоза бастап еді. Мұның алдында қақаған қыс айында жылу құбыры жарылып та айдай әлемнің назарына ілінген Көкшетаудың халі мүшкіл болатын. Сол бір қиын-қыстау күндері Көкшетауға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, қазандықты көзімен көріп, елге деген қашанғы бір жанашырлығымен көмектескен де болатын. Сол тұста: «Кәне, қай елдің президентінің қазандық аралап жүргенін көріп едіңіздер? Бұл елім деген және де өзінің халқын шын сүйетін, соған адал қызмет ете білетін кемеңгердің ғана қолынан келетін іс», деп өз ойымызды сүйсіне жазған да болатынбыз. Міне, сол жүдеу тіршілігі бар Көкшетауға жан бітіруге, былайша айтқанда, берекесі әбден қашып кеткен қаланың еңсесін тіктеуге Кулагин бар күш-жігерін жұмсады. Ұйқы көрмеді десе де болатын еді. Айлап, тіпті, жылдап зейнетақылары мен еңбекақыларын ала алмай келе жатқан Көкшетаудың қарттары мен жұмыссыздары енді соны Кулагиннен талап етіп, күнде облыс әкімдігінің алаңына жиналатын. Жиналатын да «Кулагин! Естисің бе, біздің алдымызға шық!» деп шулағандарын да естідік, көрдік. Мынадай бір қызық жайдың болғаны да есте әлі. Кулагиннің облыс орталығының бақтары мен көшелерін жаяу аралайтыны бар. Қазір де сол. Күндегі әдеттерінше Көкшетаудың бас алаңына жиналып алғандар тағы да «Кулагин! Кулагин! Біздің алдымызға шық! Сұрағымызға жауап бер!» деп шуылдап тұрған топтың арасына облыс орталығының көшелерін жаяу аралап келе жатып қосылған Кулагин «Несіне шулайсыздар? Мен, міне араларыңызда тұрмын ғой», дегенде бірі танып, енді бірі әлі танып үлгере алмаған көкшетаулықтар өз орталарында тұрған әкімді көріп, таңданғандықтары соншалықты, үндері де шықпай қалған-ды. Сол сәтті пайдаланып, Сергей Витальевич қалың топқа Елбасының Ақмола облысының орталығын Көкшетауға қоныстандыруы тегін еместігінен, бұл ең әуелі Мемлекет басшысының көкшетаулықтарға деген құрметі екендігінен бастап, Көкшетауды облыс орталығы ретінде қайта қалпына келтірудің міндеттері мен жоспарлары жайлы жиналғандарға толық есеп берді. – Біздің бәріміз ең әуелі Елбасына рахмет айтайық! Көкшетауды көтеру жөнінде Елбасы маған нақтылы тапсырмалар берді. Енді сіздер маған бір азырақ уақыт беріңіздер! Бәрін де, өтелмей келген зейнетақы мен еңбекақы қарыздарының да мәселесін шешеміз. Маған сеніңіздер! – деді ол. Алаңдағы халық сабасына түсті де халық пен әкімнің арасында түсіністік пайда болды, халық енді әкімге өз ойлары мен ақыл-кеңестерін, тілектерін сабырмен, үлкен бір жанашарлықпен айта бастады. Міне, көкшетаулықтар мен ақмолалықтардың Кулагинге деген сенімдері сол бір кезеңнен, яғни ел тәуелсіздігінің аса бір қиын да күрделі кезеңдерінен бастау алған еді. Енді, міне, Кулагин араға біраз жыл салып, Көкшетауға Ақмола облысының әкімі болып екінші қайта оралып отырған кезінде де өз елінің сол сенімінің жоғалмағандығының тағы да бір куәсі болғандай күйді бастан кештік. Ақиқатын айтайық, Кулагин өз елінің сенімін әрдайым ақтап келеді. Елбасының қолдауымен Көкшетауды көркейтті. Ұзақ жыл бойы апатты жағдайда, жұмыс істемей, жабық тұрған «Көкшетау» мәдениет сарайын күрделі жөндеуден өткізіп, жайнатып қойды. Шахмет Құсайынов атындағы қазақ драма театры қаланың бір шетінде болатын да, халықтың барып келуі тым қиынға соғатын. Соны да ескеріп, Көкшетаудың дәл орталығындағы ғимараттан көздің жауын алатындай етіп театр жасап берді. Қазірдің өзінде Көкшетаудың сол театры облыс орталығының көз тартар көркем де әсем бір өнер ордасы болып асқақтап тұр. Елбасының тапсырмасымен қазақтың ұлы ханы Абылайдың да ескерткішін Көкшетаудың бас алаңына орнатқан Кулагин! Біз осының бәрін білген соң және де сол істердің басы-қасында жүргеннен кейін де айтып отырмыз. Қазіргі уақытта Көкшетаудың бас алаңында тұрған Абылай ханның осы ескерткішін орнату кезінде сан алуан пікірталастар мен алуан-алуан көзқарастардың болғаны да бар еді. Хан ескерткішінің жобасын талқылау барысында айтыс пен тартыстың ұзаққа созылғаны да есте. Екі-үш сағатқа созылған сол пікірталасқа өзі қатысқан Кулагин әркімнің пікірі мен ұсынысын сабырмен тыңдап отырды да, бір мәмілеге келе алмай жатқан біздің алдымызға шығып: «Бәріңіздің де айтқан пікірлеріңізге ризашылығымды білдіремін. Бәрі де мәнді! Алайда, тап қазір біздегі қаржы мына жобаны ғана жүзеге асыруға жетеді. Ең бастысы – біздің Қазақ елі жаңа мыңжылдықты, яғни 2000 жылды ханның ескерткішімен бастайық! Біз осы сәтті сан ғасырлар бойы күткен жоқ па едік?! Ендігі мүмкіндікті жіберіп алмайық! Заман да түзелер, ақша да болар, сол кезде Абылайдың тағы бір ескерткішін соғармыз», деген Кулагиннің Ақмола облысының орталығы – Көкшетау қаласының орталығында тұрған қазіргі ескерткіштің жобасын көрсетіп, соған ынта білдірді. – Біз осы пікірге тоқтайық! Баяғыда аталарымыз өздері шеше алмаған мәселенің шешімін айтуға араағайынды төрелікке шақырмаушы ма еді? Кулагин мына бізге сол араағайын болып, істің төрелігін жөнді айтып тұр ғой. Және де «жаңа мыңжылдықты, яғни 2000 жылды ханның ескерткішімен бастайық» деп орынды айтып тұр емес пе?» – деп орнымнан тұрып осыны айтып едім, ел сабасына түсіп, көңіл орнына келді. Содан сәтін салып, қаржының тапшылығына да қарамастан, Көкшетауда Абылай ханның қазіргі ескерткіші орнап қалған-ды. Жақсыдан із де, іс те қалатын өмірдің бір ақиқаты бар. Соның бір айғағындай, үлкен бір жиында топтың алдында сөйлеген сөзінде Қостанай қаласының қадірлі бір ақсақалының: «Кулагин Қостанай облысын да өзгертті, Қостанайдың адамдарын да өзгертті», деп айтқаны бар еді. Сол сөзге иланған едім. Расында, Кулагин өзінің іскерлік қабілетімен де, ұйымдастырушылық талантымен де кез келген істі жандандырып әкетеді. Және де ол өзіне тән талғаммен кез келген істі шырайландырып, көркейтіп сала береді. Ол әсемдікті, сұлулықты және тәртіпті жақсы көреді. Кісі таниды. Білгір де іскер кадрларды таңдай да біледі, қолдай да біледі. Ішкі мәдениеті мен парасаты жоғары Сергей Кулагиннің өз айналасындағы адамдарға деген жылы жүрегі мен таза жаны бар. Өйткені, ол – өмір көрген өресі кең жан! Ел абыройы мен бірлігі үшін осы бір сөзді айтуды өз парызым деп білдім. Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутаты АСТАНА