14 Сәуір, 2016

Үкіметаралық келісім ратификацияланды

324 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
02.jpg-02-09Кеше Мәжіліс Спикері Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, ратификациялық заң жобалары талқыланды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Депутаттар Халықаралық қайта құру және даму банкімен Қазақстанда офистер құру және олардың жұмыс істеуі туралы үкіметаралық келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл келісім Қазақстан мен Дүниежүзілік банк арасындағы келісімді нығайту мақсатында 2016 жылы 21 қаңтарда Давос қаласында жасалған. Құжат 1994 жылғы Алматы қаласында тұрақты өкілдік құру туралы келісімді алмастырады. 2001 жылы Астана қаласында өкілдік ашылғаннан кейін Алматы қаласындағы офис Аумақтық офис мәртебесіне ие және Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы қызметін қамтамасыз етеді. Ал жаңа келісім Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы барлық кеңселерінің және қызметкерлерінің мақсаттарын, мәртебесін, артықшылықтары мен иммунитеттерін анықтайды. Мәселен, Дүниежүзілік банктің мүлкі және активтері атқарушы немесе заң шығарушы билік актілерінің нәтижесінде тінтудің, реквизициялаудың, тәркілеудің, экспроприациялаудың ешқандай нысанына немесе алып қоюдың кез келген басқа нысанына жатпайды және оның активтеріне, меншігіне, кірісіне, сондай-ақ, қызметі мен транзакцияларына ешқандай салықтар және кедендік баждар салынбайды. Қызметкерлер оларға Дүниежүзілік банк төлейтін жалақыдан және сыйақылардан немесе оларға қатысты салықтар және басқа да міндетті аударымдар төлеуден босатылады, офисте жұмыс істейтін Дүниежүзілік банк қызметкерлері жұбайларымен және олардың асырауындағы адамдармен бірге елге кіру және шетелдіктерді тіркеу бо­йынша шектеулерден босатылады. Айта кетейік, Қазақстанмен ынтымақтастық орнаған 1992 жылдан бері Дүниежүзілік банк 6,8 млрд. АҚШ долларынан астам инвестиция салды. Сонымен қатар, жалпы отырыста 2006 жылғы 15 тамыздағы Ресей мен Қазақстан аумағында орналасқан қос мемлекеттің теміржол учаскелері бойынша тасымалдау төлемдерін төлеу және жүк тасымалдарын ресімдеу тәртібі туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялауға байланысты заң жобасы жұмысқа қабылданды.