14 Сәуір, 2016

«Ана үйіндегі» ауыр мұң

621 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
20160405_174047«Ана үйі» – сәбиінен бас тартпақшы болып жүрген жалғызілікті аналарға арнап құрылған әлеуметтік жоба. Бүгінде Қазақстанның 17 қаласында 26 «Ана үйі» жұмыс істеп тұр. Аталған жобаны жүзеге асыру барысында 1200-ден астам бала жетімдіктен құтқарылған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша нәрестесінен бас тарту оқиғаларының алдын алу нәтижесінде сондай жас аналардың жартысынан астамы нәрестелерін қайта бауырына басуға қол жеткізді. Бұл дегеніңіз өмірдің қиындығына душар болған әйелдерге психологиялық және әлеуметтік көмек беріп, қолдау көрсететін бірден-бір күйзелістен құтқару, яғни дағдарыстан шығару орталығы болып саналады. Біздің бүгінгі әңгімеміздің ауаны да сол үйсіз-күйсіз қалған аналар мен жетім балалар санын қайтсек азайтамыз деген алаңдаушылыққа негізделіп отыр. «Ана үйі» қоғамдық қорының құрылтайшысы Айдын Рахымбаев пен оның зайыбының бастамасы бойынша жүктіліктің соңғы айларындағы және сәбилі бол­ған әйелдер үшін күйзеліс орта­лықтары желісі құрылған болатын. Өзінің өміріндегі ең ма­ңыз­ды іс – қайырымдылық деп санайтын атпал азамат 2004 жылы «BI Group» холдингі жанынан «Қамқор» корпоративтік қорын құрады. Оның түпкі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі, жетім бала­ларға материалдық және өзге де көмек көрсету. Кейіннен, 2013 жылы «Ана үйі» жобасы іске асты. Қанатқақты жоба Астана қаласында бастау алды. Бірінші дағдарыс орталығы мамыр айында бой көтеріп, содан кейін Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Алматы, Көк­шетау, Орал, Қарағанды және басқа да қалаларда біртіндеп ашыла бас­тады. Бүгінде Астанадағы екі қабатты қос ғимаратта «Ана үйі» дағдарыс орталығы жұмыс істеуде. Онда нәрестелерімен қоса, 30-дан астам жалғызбасты жас аналар тұрып жатыр. Олардың қатарын, әсіресе, кәмелетке толмаған қыздардың толықтырып отырғаны жанға батады. Аталған орталық туралы бүге-шігесіне дейін баяндаған «Ана үйінің» үйлестірушісі Гүлнар Шаки­рованың (суретте) айтуынша, бастапқыда 18-34 жас ара­лығындағы жалғызбасты аналарға көмек көрсету жоспарланған екен. Бірақ тауқымет тартып, тағдыр теперішін көрген, не болмаса, жастықтың жалынына күйіп, абайсызда от басқан қыздар саны күрт көбейген сыңайлы. Жүкті болып қалғанын өздері де балалықпен аңғармай қалған кейбір қыздарға баладан әкесінің бас тартуы, оған қоса туыстарының теріс қарауы, т.с.с. түрлі жағдайлар ауыр тиетінін ай­тады. Осыдан барып олар ауыл­дан жыраққа кетуге, басқа қала­ларға барып жұмыс істеуге, жанашыр әпке-апаларының үйінде бой тасалап, не болмаса, пәтер жалдап тұруға мәжбүр болады. Әйтпесе, дәл осындай «Аналар үйі» әр облыста орын тепкен. Бі­рақ әркімнің өсегіне айналып, көзге күйік болмайын деген оймен ауылдан безіп, түрлі қадамдарға ба­рып жатады. Оның ішінде кезінде албырттықпен жасаған қателігінен сабақ алып, дұрыс жолды таңдайтындары да, одан әрі кері кетіп, сан соғып қалатындары да жетерлік. Сондықтан, бұл дағдарыс орталығында арнайы психолог мамандар жұмыс істейді. Кеңес береді. Мәселен, түрлі жағдайда со­ғы­латын қоңыраулар тікелей басшылыққа: сәбиінен бас тарт­пақшы болып жатқан аналардың өздерінен, аяғы ауырлаған қыз-келіншектер келіп түскен медицина орталықтарының қыз­меткерлерінен, олардың достарынан, таныстарынан және туыс­тарынан, т.с.с. жерлерден келіп түсетін көрінеді. Мұндай жағдайда қиындыққа душар болған жас әйелге тұрғылықты өңірдегі «Ана үйінің» қызметкері көмекке келеді және жас ананы асығыс шешім қабылдамауға, керісінше, уақытша болса да күйзеліс орталығында тұра тұруға, баласынан ажырап қалмай, бірге болуға кеңес береді. «Ана үйі» жобасы аналарға өз сәбилерін өздері өсіріп, асырауға мүмкіндік туғызады әрі оларға қолдан келген көмекті көрсетуден аянып қалмайды. Үйлестіруші маманның айтуынша, «Ана үйінде» жүктілік мерзімі 6 айға толған, 14-30 жас аралығындағы қыз-келіншектер босанып, баласы бір жарым жас­қа толғанға дейін тұра ала­ды. Өкініштісі сол, мұнда келе­тін бей­бақтардың 90 пайызын қазақ­тың қыз-келіншектері құрайды екен. – Олар бір-бірімен өте тату тұра­ды. Іштерінде кез келген жұ­мысқа икемді (ас пісіру, киім тігіп, тоқыма тоқу, т.б.), өнер­лі қыз­дар да бар. Тағы бір бай­қағаным, олар бір-біріне өте бауырмал. Мысалы, біреуінің омырауынан сүт шықпай қалса, басқалары еш жатырқамастан, емізе береді. Біреуі жұмысқа кетсе, екіншісі оның баласына қарайлай тұрады. Қысқасы, санасу деген атымен жоқ. Бәрі бір шаңырақта болған соң бір отбасының қыздарындай тату тұрады. Тіпті, мұндағы мер­зімдері біткен соң да олар жұбын жазбастан бірігіп пәтер жалдауға көшеді, – дейді Гүлнар ағынан жарылып. «Аналар үйіне», әсіресе, кем­пір-шалдар жиі хабарласып, қыз-келіншектерге «құда түсіп» те жа­тады екен. Осындай келісімді жол­мен екі қыз ұзатылып, өз бақыттарын тауыпты. Арасында жасы үлкен ағаларына, әйел затына қарап сөйлей алмайтын ынжықтау, ұяң мінезді туыс не бауырларына айттырып жататындар көп деседі. Өйткені, мұндағылардың дені жас­тар. Алайда, бұл жерде ешкімге зорлық жоқ. Таңдау өздерінен. Көп жағдайда тастанды балалардың әкелерінен гөрі өзге жігіттермен дәм-тұзы жарасып кететін жұптар басым дейді, сондағы мамандар. Куә болғанымыздай, күйзеліс орталығында ана мен баланың өмір сүруіне қолайлы барлық жағдай жа­салынған. Жатын бө­лмелер, ба­ла­лардың ойын бөлмелері, асхана, қонақ бөлме, үлкен аула да бар. Айнала мұнтаздай таза. Қа­быр­ғаға күнделікті не істей­тіндері жөнінде арнайы кесте ілін­ген. Темірдей тәр­тіптің нышаны болар, Гүлнар апайымыз бейнекамера арқылы кімнің қай уақытта шығып-келгенінің бәрін жі­ті қадағалап отырады. Егер тәр­тіп бұзғандар болса, бірден шығарылады екен. Кешкі 9-дан кейін есіктер тарс жабылатынын мұндағылар жақсы біледі және сол жүйеге бағынуларына тура келеді. Бұл баспанада ешкімді зорлап ұстамайды. «Ана үйінде» бір жарым жылға дейін оларды баспана, тамақ, киім-кешек және медициналық қызметті қоса алғанда, барлық қажетті нәрсемен қамтамасыз етеді. Оған моральдық және материалдық қолдауды қо­сыңыз. Сондай-ақ, жоба аясында күйзеліс орталықтарында тұ­ратын аналарды кәсіби бейімдеу бағдарламасы жұмыс істейді. Он­да тігінші, аспаздық сынды ма­мандықтарға баулиды. Ап­та­сына бір мәрте заң саласының арнайы қызметкерлері келіп, оларды өз құқықтарын білуге үйретеді. Сөйтіп, бас-аяғы бір жа­рым жылдың ішінде әйелдер әлеуметтендірілген, кәсіби маман болып шығады, сондай-ақ осы мерзімде өзінің және баласының болашағын қамтамасыз ету үшін азды-көпті қор жинақтап алуларына да мүмкіндік туады. «Ана үйінде» жылға жуық ба­ласымен бірге тұрып жатқан Тұр­сынай Әмірсейітова таяуда ұлы Нұрсұлтанның бір жасқа толатынын айта келіп: – Заңды некемен тұрмысқа шықтым. Ата-енем бар, зейнеткер кісілер. Жолдасым Бексұлтан екеуміздің дәм-тұзымыз жарас­паған соң, ішімдегі екі айлық баламен үйден кетіп қалдым. Ол жөнінде тек жолдасым ғана білетін. Ол мені бір рет те іздеген жоқ, оған бала керек емес те шығар ендігі, – дейді мұңайып. Тағы бір қынжыларлық жағдай – бойында нағыз қазақ аруына тән сұлулығы бар, қолаң шашты Айжан (аты-жөні өтініші бойынша өзгертілді – ред.) есімді қыздың аянышты тағдыры. Жүктіліктің сегізінші айына қадам басқан бұл қыздың аталмыш орталықтың табалдырығын аттағанына екі-ақ апта болыпты. Әлі жиырмаға да толмаған ол өзінің Қарағанды облысының тумасы екендігін, кіш­кентай кезінде әке-шешесі ажырасып, екеуінің екі жаққа бө­лініп кеткенін айтты. Одан ақы­­лы оқуға түсіп, соңында қа­ражаттан қысылып әрі қарай оқуын жалғастыра алмай, далада қалған күндері дәл бүгінгідей көз алдында. Астанаға жұмыс іздеп келген Айжан осында бір жігітпен сөз байласып, екеуі (азаматтық некеде) бірге тұра бастайды. Арада уақыт өте жүкті екендігін қуана жеткізген Айжанға әлгі жігіттің: «Мен жаспын, қазір үйленбеймін. Маған бала керек емес», – деп жалт бұрылғанын, оны жалдамалы пәтерде жалғыз тастап кете барған күндеріне күйінеді. Айта берсең, мұндай от басқан налалы тағдыр иелері өте көп. Онысын Жаратушының жазмышына теліп, «Пешенеге жазғаны сол болар», – деп те қоятындары, қателікті өзінен тауып, кейде тағ­дырлас болған адамына қара­тып айтатындары да жетерлік. Әр­кімнің түсінік-пайымы әртүрлі ғой. Олай айтулары заңды да! Осындайда Мөңке би бабамыздың: – Орай салып бастарын, Жалпылдатып шаштарын, Тақымдары жалтылдап, Емшектері салпылдап, Ұят жағы кем болар, Сөйткен заман кез болар, – деген өлеңі еріксіз еске оралады. Біз бұл жерде көпке топырақ шашқалы отырғанымыз жоқ. Қа­расаң көңілің тоятын ибалы, биязы, тәрбиелі, текті қыздарымыз, бір елдің ізетті келіні, ата-ене­сін, құдай қосқан жарының алтын басын қадірлеген әпке-апа­ла­рымыз, бойынан Домалақ ана­ның әулиелігі, Айғанымның ке­меңгерлігі, Зеренің парасаты, Бо­пайдың батырлығы, Ай­ша Би­бінің адалдығы, аттары алты алаш­қа танымал қазақтың арула­ры­ның асыл қасиеттері молынан табы­латын сүйікті жар, аяулы ана, ардақты әже-апаларымыз жетерлік. Әйтсе де, әлде де болса әрбір ата-ана қыз тәрбиелей отырып, қоғамды, ұлтты тәрбиелеп отыр­ғанын ұмытпаса екен. Тастанды, жетім, балалар үйлерінің саны азайып, мұндай сүреңсіз көрі­ністерді болашақ ұрпақ көр­месе деген арманымыз бар. Бұл – біздің қазақ қызы деген атымызға сын. Ендеше, арымызды қорлатпай, абыройымызды асқақ, беделімізді биік, қазақы салтты берік ұста­найық, замандас!.. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»