14 Сәуір, 2016

Арманға бастайтын жол

269 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
01-49Мемлекет басшысының Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспары аясында Алматы облыстық сотында ауқымды шара атқарылып жатыр. Елбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламалық мақаласына сәйкес, өзекті мәселелерді шешу жолдары қарастырылып, сот қызметін жақсартуға, сол арқылы оның беделін көтеруге, сөйтіп, халықтың сот қызметіне деген сенімін қалай да арттыруға назар аударылуда. Болашақта әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылып, мәң­гілік елге айналуды мақсат еткен қазақстандықтарды алға жетелейтін мақаланың ел дамуы үшін маңызы зор. «Құқық тәртібі мен заңдылық» бөлімінде Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесінде азаматтардың құ­қық­тары мен бостандықтарын қам­тамасыз ету, заңдарды қатаң орындау және құқық тәртібін нығайту басты ұстанымымыз болуы керектігі айтылып, заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аясында Азаматтық процестік кодекс пен «Жоғары Сот Кеңесі туралы» заң қабылданғандығы, сонымен қатар, «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық процесуалдық жә­не Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге қажетті өзгерістер енгізілгені дәйектелді. Жыл басынан «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі бас­талды. «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» аясында мемлекеттің құқықтық жүйесін қалыптастыратын 19 нақты қадам қарастырылып, олардың 11 қадамы мемлекеттің сот жүйесін реформалауға бағытталған. Мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енді. Тәуелсіз сот әділдігі мен қазақстандық құқық қорғау жүйесі тек азаматтардың құқықтары мен бас еркіндіктерінің іске асуына, заңдардың нақты орындалуына және құқық тәртібінің нығаюына бағытталуы тиіс. Бұл біздің еліміздің көздеген мақсаттарына, алға қойған армандарына жол ашпақ. «100 нақты қадам» – Ұлт Жос­парында көптеген маңызды мәселелер көтерілді. 16-қадамда азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңіл­дету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру, апелляциялық, кассациялық сот төрелігі жүйесіне көшу туралы нақты да анық айтылды. Елбасы бұл жөнінде: «Апелляциялық және кассациялық инстанциялар қа­лады. Бұл жерде көп іс қаралатын бірінші және апелляциялық инстанция­лар соттарының рөлдері айтарлықтай күшей­тілетін болады. Мұндай қа­дам соттық әуре-сарсаңның алдын алып, сот шешімін қабылдаудың мерзімін қысқартады. Сот залдары дыбыс және бейнежазба аппаратураларымен жасақталады және жазбаларды қандай да бір тоқтатуға немесе редакциялауға мүмкіндік берілмейді. Бұл сот процесі мен сот қабылдаған шешімнің шынайылығын қамтамасыз етеді», – деп нақтылағаны белгілі. Ендігі жерде сот істері дыбыс-бейнежазба құралы арқылы жүзеге асырылады. Бағдарламалық мақалада сот жүйесінің ашықтығына ерекше мән берілген. Атап айтқанда, 20-қадамда «Барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу көзделген. Судьяның бейне жазуды тоқтатуға немесе аудио жазу материалдарын редакциялауға мүмкіндігі болмауы тиіс» деп жазылған. Бұл қадам арқылы қарапайым халық сот процесінің әділ өтетіндігін байқайды. Сот саласына қатысты осындай түйткілді жаңартулар адам және оның құқықтары мен бостандықтарын қамта­масыз етуді көздейді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Сот төрелігін үлкен өмірлік тәжірибесі бар және жоғары моральдық ұстанымдарға ие ең лайықты әрі барынша дайындалған кәсіби шеберлер жүзеге асырулары тиіс», – деп нақ­тылады. Азаматтардың сот жүйесіне сенімділігі судьялардың кәсібилігіне де тікелей байланысты. Судья лауазымына кандидаттарды іріктеудің қатаң тетігі мен жоғары біліктілік талаптары күшейтілуі сот жүйесіне оң әсер етеді. Әрі судьяларды іріктеу мен тағайындау ашық түрде өткізіледі. Қазақстан соттарын реформалаудағы мәселе – сапалы судьялар корпусын жасақтау болып саналады. Судья қызметіне үміткердің кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілеу жүйесін енгізу, үміткердің соттарда стипендия төленетін бір жылдық тағылымдамадан өтуі, одан кейін судьяның бір жылдық сынақ мерзімінен өтуі тиіс екені талап етілді. Судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, олардың этикасы, судья лауазымына үміткерлерді таңдау тетігі жаңа талаптармен толығуда. Ендігі жерде сот жүйесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету жолында судьялардың әділдігі де талап етілмек. Бұл жөнінде Елбасымыз «Ең бастысы, сатылмайтын сот билігінің болуы елдің бүкіл құқықтық жүйесінің сапалы жұмысының міндетті шарты болып табылады», – деген болатын. Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарындағы бес институттық реформаны жүзеге асыру бағытында Алматы облыстық сотында, жергілікті соттарда көптеген игі шаралар өткізілді. Оған сот мамандары мен судьялар атсалысып, әрбір саланың мамандары өздеріне қатысты бағыттар мен басымдықтарды талдап, талқылады. Сот билігіне деген жауапкершілік күн санап арта түсуде десек, сот жүйе­сіне қойылып отырған талаптардың да жүгі ауырлап келеді. Сот рефор­масының маңызды қыры – сот тө­релігінің бес сатылы жүйеден үш са­тылы жүйеге көшуімен байланыс­ты. Бұл судьяларды және сот мәжілісіне басқа да қатысушыларды тәртіпке шақырып, сот процесі мен сот қа­былдаған шешімнің нақтылығын қам­тамасыз етеді. Осылайша сот жүйе­­сінің сатыларын оңтайландыру арқы­лы біз азаматтарымыздың әділ­дікке тез қол жеткізуіне мүмкіндік жа­сай­мыз. Мұндағы мақсат – азаматтарды әуре-сарсаңға салмай, сот сатыларын мей­лінше азайту, сот төрелігіне қол­же­тімділікті арттыру, сот әділдігін орнату. Мейрамбек ТАЙМЕРДЕНОВ, Алматы облыстық сотының төрағасы ТАЛДЫҚОРҒАН