Бүгінде барлық меншік нысандарындағы кәсіпорын қызметкерлеріне еңбекақының уақтылы берілуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешені жүргізілуде. Бұл бағытта уәкілетті мемлекеттік органдармен, жұмыс берушілер қауымдастығымен және кәсіподақтармен тиісті іс-әрекет жасау жүйесі орнатылған. Оған қоса, еңбекақы бойынша мерзімі өткен қарыздарды жабу мақсатында тұрақты мониторинг жүргізілуде.
Міне, осылайша, жыл басынан бері қадағалау актілерімен 2 млрд. теңге көлеміндегі 30 мыңға жуық азаматтың еңбекақысы бойынша қарызын қайтару қамтамасыз етілген. Мысалы, осы жылдың сәуір айында Ақтөбе облыстық прокуратурасының араласуы арқасында «ОйлТехноГрупп» ЖШС, «ЛАД» ЖШС және «Акколь» ЖШС-нің жалпы соммасы 28,2 млн. теңгені құрайтын қарызы қызметкерлерге берілді.
Ал Ақмола облысының прокуратурасы құзыретті органдармен бірлесе отырып «Жеке батыр» ЖШС-нің 15 қызметкеріне 148,7 млн. теңге қарызды өтеу жөніндегі шараларды қабылдады. Сонымен қатар, азаматтардың еңбек құқықтарының бұзылуына кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөніндегі мәселе де прокурорлардың ерекше бақылауында тұр. Мәселен, жыл басынан бері прокурорлық қадағалау актілері бойынша 245 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.