14 Сәуір, 2016

Үндістан және Бенин

6353 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
100-851Үндістан – өзінің ғасырлар қойнауынан сыр шерткен ұзақ тарихында қызықты оқиғалармен таңдандырар шежірелерді жинай білген ғаламат ел. Ежелгі Үндістанда бүгінгі адамзат дамуында елестетуге болмайтын небір заманауи ғылымдардың негізі қаланған. Ол жер көлемі бойынша әлемде жетінші орынды, халық саны бойынша екінші орынды иеленеді. Даңқты Тәж-Махал, Амритсардағы алтын сарай сияқты сәулет өнерінің жауһарлары, Махабодхи Аджантандағы сияқты үңгір ішіндегі ғибадатханалары Үндістанның атағын жаһанға паш етті. Үндістан Республикасы – Оңтүстік Азияда Үндістан түбегінде ор­наласқан мемлекет. Ол өзінің аса бай мәдениетімен және ежелгі өркениетімен әлемге әйгілі. Үндістанның батыс жа­­­­ға­­­­лау­лары араб теңізінің, шығыс жағалаулары Бенгал шығанағының суларымен қоршалған. Жер көлемі 3 287 263 шақырымды (Лаккадив, Андаман және Никобар аралдарын қоса есептегенде) құрайды. 2015 жылғы халық санағы бо­йынша бұл елдің тұрғындарының саны 1 282 526 мың адамға жетті. Астанасы – Нью-Дели қаласы. Халқы негізінен индуизм (80,3 пайыз), мұсылман (11 пайыз) және басқа діндерді ұстанады. Елдегі ресми тілдерге хинди және ағылшын тілі, сонымен бірге, әртүрлі штаттарда 18  тіл ресми тіл болып саналады. Үндістан федеративті республика болып есептеледі, құрамына 25 штат пен 7 одақтық аумақ кіреді. Мемлекет басшысы – президент, заң шығарушы жоғарғы органы – президент және қос палатадан (халық палатасы мен штаттар кеңесі) тұратын парламент. Жоғарғы атқарушы органы премьер-министр бас­қаратын министрлер кеңесі. Біздің заманымызға дейінгі 2-мың­жылдықта Үндістанға арийлер келіп, алғашында Пенджабты, соңынан Ганг жазығын мекендей бастады. Арийлер мал, егін өсірумен айналысып, қол өнерді меңгерді, сауда-саттық жасады. Б.з.д. 1-мыңжылдықта солтүстік Үндістанда бірнеше құл иеленуші мемлекет пайда болды. Б.з.д. 327-325 жылдары Үндістанға Александр Македонский әскері басып кіріп, жаулап алды. VI-XII ғасырларда Үндістанда бірнеше ортағасырлық мемлекет құрылып, өмір сүрді. Олар өзара үздіксіз соғыс жүргізіп отырды. ХІІ ғасырдың соңында Үндістанды Гурлар мемлекетінің билеушісі Мұхаммед жау­лап алды. Ол қайтыс болғаннан кейін Ганг жерінің билеушісі тәуелсіз мемлекет құрды. Астанасы Дели қаласы болған бұл мемлекет Дели сұлтандығы деп аталды.

ДелиҮндістан

бенинБенин

ХV ғасырдың соңында Үндістанды алғашқы Еуропа отаршылары – португалдар жаулап алды. Ал ХVІІ ғасырдың бас кезінде Үндістанда ағылшындық Ост-Үндістан және голландтық Біріккен Ост-Үндістан компаниялары құрылды. Сөйтіп, Үндістан жері бүтіндей Ұлы­британияның отарына айналды. Отарлық езгі үнді халқының қарсылығын туғызды. ХVІІІ ғасырдың екінші жартысынан бас­тап елдің барлық аймақтарын қамтыған ұлт-азаттық көтерілістері басталды. 1947 жылы үздіксіз қантөгіс соғыстардан кейін британдық Үндістан екі тәуелсіз доминионға – Үнді одағы (индуис­тер) мен Пәкістанға (мұсылмандар) бөлінді. Тәуелсіз Үндістанның бірін­ші премьер-министрі болып Үнді ұлт­тық конгресі партиясының көсемі Джа­вахарлал Неру сайланды. 1950 жылы Үнді одағы Үндістан-Британ достастығы құрамындағы Үндістан Республикасы болып жарияланды. 1966 жылы тартыспен өткен сайлауда елдің кезекті премьер-министрі болып Дж.Нерудың қызы Индира Ганди сайланды. 1984 жылы үкімет әскерлері Амритсардағы Алтын храмды сикх күштерінен тазартты. Көп ұзамай Гандиді өзінің оқ­қағары сикх атып өлтірді. Премьер-министр болып Гандидің ұлы Раджив Ганди тағайындалды. Ол 1991 жылы сайлау кезінде дұшпандары қолынан қаза тапты. 1998 жылы Үндістан 5 жерасты ядролық сынағын өткізіп, ядролық державалардың біріне айналды. Тәуелсіздікке ие болғаннан кейін Үндістан аграрлық отар елден эконо­микалық жағынан қуатты, өндірісі дамыған елдердің қатарына қосылды. 1961 жылы басталған реформа Үндістан үшін жақсы нәтижелерге жол ашты. Қысқа мерзім ішінде ауыр және жеңіл өнеркәсіп жедел дамып, станок жасау саласы қарқын алды. Ғылым саласы ерекше дамып, атом және ғарыш техникасы бойынша озық жаңалықтар ашылды. Ауыл шаруашылығы мен энергетика озық технологияларға қол жеткізді. Экономикадағы зор табыстар Үндістанға мол шетелдік инвестициялар тартуға мүмкіндік берді. 1991-2001 жылы ел экономикасына тікелей салынған шетелдік инвестициялардың көлемі 23,6 млрд. АҚШ долларын құрады. Оның басым бөлігі экономикалық даму дәрежесін айқындайтын жоғары технологиялық салаларды дамытуға жұмсалды. Қазақстан мен Үндістан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 23 ақпанында орнатылды. 1992 жылы мамыр айында Алматыда Үндістан Республикасының, ал 1993 жылы қарашада Делиде Қа­зақстан Республикасының елшілігі ашылды. 1992 жылы ақпанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үндістанға бірінші ресми сапарын жасады. Содан бері екі ел арасындағы сауда-экономикалық және ынтымақтастық байланыстар қар­қынды даму жолына түсті. 2002 жылы ақпанда Үндістан астанасы – Нью-Дели қаласында Абай көшесі салтанатты түрде ашылса, сол жылдың маусым айында Алматы қаласындағы ірі көшелердің бірі Махатма Гандидің есіміне ие болды. Бенин Республикасы – Батыс Африкадағы мемлекет. Ол солтүстігінде Буркина-Фасо және Нигериямен, шығы­сында – Нигериямен, батысында – Тогомен шекараласады. Астанасы – Порто-Ново қаласы, алайда ел үкіметі ең ірі қала Котонда орналасқан. Бенинде ең соңғы халық санағы 2013 жылы жүргізілген болатын. Осы санақ бойынша халық саны 9 983 884 адамды құрады. Этникалық құрамы жағынан мұнда 60 халықтың өкілдері тұрады. Олардың қатарына фон, дагомей, барба, сомба, йоруба, буса және басқа халықтарды жатқызуға болады. Ресми тілі француз тілі болса, елдің оң­түстігінде фон және йоруба тілі қол­данылады. Бейнин халқы негізінен христиан (42,8 пайыз), мұсылман (24,4 пайыз) вудуист (17,3 пайыз) және басқа діндерді тұтынады. Халықтың 34,7 пайы­зы ғана сауатты. Көне заманда Бенин Республикасының аумағында бүгінгі халық құрамына кіретін тайпалардың өкілдері мекендеген болатын. ХV ғасырда Бенин жаға­лауына алғаш рет португалдардың табаны тиді. Осыдан бастап бұл елде ұзақ жылдарға созылған отарлау кезеңі бас­талды. ХVІ-ХVІІ ғасырларда бұл елдің аумағы француз, голланд және ағылшын көпестерінің құл саудасын жүргізетін орталыққа айналды. ХVІІ ғасырда бұл жерде Дагомея мемлекеті құрылды. ХVІІІ ғасырға дейін Дагомея мемлекеті еуропалық көпестерге құлдар сататын ірі мемлекет болып саналды. Кейбір деректер бойынша, бұл жерде жылына 20 мың құл сатылатын болған. Бұл құлдар саудасы ХІХ ғасырдың ортасына дейін жалғасты. 1904 жылы бүгінгі Бенин Респуб­ликасының аумағы Француз Дагомея отар елі болды. Француз отаршылдары ел аумағында теміржол құрылысын салып, өнеркәсіп ошақтарын құра бастады. 1958 жылы Дагомея автономиялық рес­публикасы Француз қауымдастығының құрамына енді. 1960 жылы 1 тамызда Дагомея Республикасы тәуелсіздігін жариялады. Оның бірінші президенті болып диктатор Мага Кутуку Юбер таға­йындалды. 1963 жылы елде полковник К.Согло бастаған әскери төңкеріс болып, С.М.Апити президент болды. Ол «социалистік болашақты» таңдады. Алайда 1965 жылы екінші әскери төңкеріс жасалынып, ол тақтан тайдырылды. 1968 жылы Э.Зинсу президент болып, капитализм жолымен дамуға бет бұрды. 1969 жылы кезекті әскери төңкеріс жасалынып, елдің билігі бұрынғы президенттер Мага мен Апитидің қолына көшті. 1972 жылы майор Матье Кереку бастаған әскери төңкеріс болып, ел қайтадан маркстік-лениндік идеология жолына түсті. 1974 жылдың қарашасынан бас­тап елдің билігі Кереку басқаратын Саяси бюроның қолына көшті. 1975 жылдың 30 қарашасында елдің атауы Бенин Халықтық Республикасы болып өзгертілді. Алайда, 1989 жылы Кереку өз еркімен марксистік-лениндік қа­ғидаттардан бас тартып, ресми түрде елдің атауындағы «халықтық» деген атау­ды алып тастады. 1991 жылы елде еркін сайлау өткізіліп, Бенин Рес­публикасы құрылды. Қазір Бенин Республикасы 12 департаментке бөлінген. Өз кезегінде бұл департаменттер 77 коммунадан құралған. Бенин экономикасы да­мы­­маған. Негізінен, мұнда халық мақта өсірумен айналысады. Бенин Республикасының аумағында мұнай мен газдың мол қоры бар. Бірақ ол әлі күнге дейін игерілмеген. Бенин электр энергия­сын Гана Республикасынан импорттайды. Қазір мұнда экономиканы дамыту мақсатындағы алғашқы қадамдар жасалуда. Бенин билігі экономиканы, әсіресе, туризмді дамытуға шетел инвестициясын тартуға бетбұрыс жасауда. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»