14 Сәуір, 2016

Қос майданның ардагері

344 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
9-май-логотипӨткен ғасырдың небір сұрапылын бас­тан кешіп, «балға мен төстің» арасында шыңдалып шыққан өскелең, қайсар ұрпақ өкілдерінің қай-қайсысының болмасын ғибратты өмір жолы кейінгілер үшін ізі өшпес үлкен өнеге ғой. Тағдыр сынынан сүрінбей өткен сондай сындарлы, абзал азаматтың бірі марқұм Алтай Әбенұлы Қартабаев еді. Алтекең – қасиетті Ұлытау топырағының тумасы, 1923 жылы қазан айында қазіргі Жезді ауданы, Байқоңыр кентінде дүниеге келген. «Жаманнан жақсы туса да, жақсыдан жаман туса да тартпай қоймас негізге» демекші, бойындағы дара сипат, кісілік ізгіліктің бәрі де арқауы үзілмей ұрпақтан-ұрпаққа жал­ғасқан асыл тектен тамыр тартып жатқаны кәміл. Атасы Қартабай Елденұлы дүйім елді аузына қаратқан, Арқа өңіріне аты әйгілі, айыр көмей би болған. Алдына келген дауды екі ауыз сөзбен шешетін турашыл шешен­дігімен, жетім-жесір, жоқ-жітікке қайырымы мол жомарттығымен аты шыққан адам екен. Өз әкесі Әбен де жігерлі, көзі ашық, елге сыйлы азамат еді.  «Балапан – басына, тұрымтай – тұсына» тозғындаған заманда қиналған ағайынға қарайласып, қадари-халінше жәрдемін аямаған. Ақ пен қызылдың арпалысқа түсіп, қазақ даласын алатайдай бүліктірген дүрбелең шақта дүниеге келген сәби Алтайдың есінде талай зобалаңның сұрқия суреті қалыпты. «Колхоздасамыз» деген алашапқын ұлы айқай тып-тыныш ауылды дауылдай шайқап өтті. Қора толы қойынан, үйір-үйір жылқысынан айырылып шулаған елдің зарынан шырт ұйқыда жатып шошып оянатын. Сәл есейіп, етек жап­қанда, ашаршылық нәубетіне тап болды. Шұбырған босқындар ісіп-кеуіп қар үстінде өліп жататын. Аштық пен азаптан көкірегіне дерт байланған әзиз анасы да көп өтпей сол бейбақтардың жолын құшты. Ат жалын тартып мініп, жарқын үмітпен арманға талпынғанда жайнаған жас өмірін сұрапыл соғыстың от-жалыны шарпыды. Рисунок166666 Соғыс басталғанда Алтай әлі он сегізге де толмаған жасөспірім бозбала еді. Қар­сақпайдағы есеп-санақ техникумында оқып жүрген. Ол кездегі советтік идеологияның пәрмен-қуаты ғаламат. Көзі ашық жастардың көбі Отан десе жанын беруге әзір, шетінен патриот, шетінен романтик болатын. Ел шетіне жау тисе, ер жігіт қарап жата ма. Алтай да өзінің мыңдаған құрдастары секілді майданға сұранып, әскери комиссариаттың табалдырығын тоздырды. «Он сегізге толған жоқсың» деп ондағылар әуелгіде бетін қайтарса да, қоймай жүріп сол жылы күзде әскерге ілінді. Бірден майданға жөнелтпей, білімі бар сауатты жастарды іріктеп, кіші командирлік курстан өткізеді. Алтай Қартабаев Ржевтегі әскери училищеге жіберіліп, қысқа мерзімде оқу-жаттығудан өтеді. 1942 жылдың шіл­десінде Бірінші Украина майданы, 723-атқыштар полкінің құрамында 395– СД пулемет взводының командирі болып шайқасқа кіреді. Жас лейтенант соғыс өнерінің қыр-сырын тез мең­геріп, ұрыс жағдайын дөп баса білетін тапқырлығымен, өжет мінезі, табанды, батылдығымен көзге түсіп, айналасындағылардың ықыласына бөленді. Небір қысыл-таяң сәттерде жауынгерлерге дем беріп, жеке басының ерлігімен үлгі көрсете білді. Сталинград үшін болған қиян-кескі шайқастардың бел ортасында жүріп, талай мәрте ажалмен бетпе-бет келді. Сталинград түбіндегі шайқас пен Украина жерін азат ету жорығындағы көр­сеткен ерлігі үшін «Қы­зыл Жұлдыз» орде­ні­мен марапатталды. Толарсақтан қан кешіп жүріп Чехословакия, Югославия елдерін жаудан тазартуға қа­тысады. Берлинге шүйіл­ген шешуші шабуыл барысында да лейтенант Қар­табаевтың взводы айрықша тегеурін та­нытады. Сөйтіп, Рейх­стаг төбесінде желбіреген Жеңіс туын алғашқылардың бірі болып көреді. Опасыз жауды өз апанында тұн­шық­­тырғаннан кейін де Отан шекарасын қорғап, әскери қызметін әрі қарай жалғастырады. Тек 1948 жылы ғана әскер қатарынан босап, «Қызыл Жұлдыз», Екінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен қоса он бір медаль кеудесінде жарқыраған майдангер жас аға лейтенант туған жерге оралады. Қан майданда ысылған қайратты жас жауынгер бел шешіп, білек сыбанып еңбек майданына кірісіп кетті. Бейбіт еңбекпен өткізген бүкіл өмірі Жамбыл өңірімен тығыз байланысты болды. Әуелгіде әр жылдары облыстық комсомол ұйымы мен облыстық кәсіподақ комитетіне басшылық жасады. Кейін 1966 жылдан бастап жиырма жыл бойы Жамбыл қалалық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Жас­тайы­нан өмірдің ащы-тұщы дәмін татып, қатал партиялық тәртіптің сынынан өткен, қан майданда шыңдалған абзал азамат осы жылдар ішінде абыройлы еңбегімен ел алдында зор беделге ие болды. Бұл жылдары, Қазақстанның барлық өлкелері сияқты, Жам­был өңірі, оның ішінде облыс орталығы – Жам­был қаласы да қарышты қадаммен өсіп-өркендегені аян. Алып химия ошақтары бой көтеріп Одаққа танылған Жамбыл қаласы ірі өндіріс алаңына айналды. Осындай жауап­ты кезеңде кадрларды дұрыс іріктеп, қарым-қабілетіне қарай орналастыруда Алтай Әбенұлы сынды тәжірибелі маман­ның көмегі зор болды. 1985 жылы республикалық дербес зейнетке шыққаннан кейін де еңбек жолын жалғастырып, «Жам­былсуқұрылыс» тресінде кадр инспекторы болып өмірінің соңғы күндеріне дейін қызмет атқарды. Жастайынан көрген бейнет пен соғыста алған жарақат уақыт өте сыр беріп, ақыры, 1992 жылы бақиға озды. Алтай Әбенұлының ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін жоғары үкіметтік марапаттары мен құрметті атақтарын санамалап жазсақ, тұтас бір тізім. Бірақ елдің ықыласына бөленіп, жақсы атың жақын-жуықтың жадында жүрсе, одан үлкен абырой бар ма? Талай жыл үзеңгілес болып, қатар қызмет атқарысқан, қазіргі облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеуқабыл Төребеков қария: «Алтай аз сөйлеп, көп тыңдайтын азамат еді. Осы байсалды мінезі оны ортасына сыйлы етті. Достыққа адал болатын. Өмірден көрген-түйгені мол, өз ісіне берілген адал қызметкер еді. Жұмысына тастай, өте сауатты маман ретінде танылды», деп еске алады. Сексенінші жылдары Жамбыл қалалық партия комитетінің үшінші хатшысы болған Л.И. Некрякова ол кісімен қызметтес болған жылдарды «өмірімнің ең бір елеулі кезеңі» дей келе: «Алтай Әбенұлының бейнесі арада талай жыл өтсе де әлі көз алдымда. Жүріс-тұрысынан әскери тәртіптен өткен адам екені көрініп тұратын. Өте таза, талғаммен киінетін. Бөлімдегі қызметкерлерден де соны талап ететін. Жүрегі жұмсақ еді. Мен ол кісінің қарамағында істеп, үлкен тәлім-тәрбие алып, кейін жауапты қызметтер атқарған талай азаматтарды білемін» дейді. Рисунок1Жеңістің 70 жылдығына орай қос май­данның ардагері Алтай Әбен­­­ұлы­ның өмір жолын ұрпаққа өнеге етіп қалдыру мақсатында Тараз ша­һарындағы өзі тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды. Бұл да абзал азаматқа деген ел сүйіспеншілігінің бір белгісі болса керек. Алтай ақсақал бар ғұмырын адал еңбекке арнаған турашыл, қайсар, мінезге бай, байсалды, мейірімді азамат, парасатты, іскер басшы ғана емес, қолдың саласындай ұл-қыздарын жүрегінің жылуына орап өсірген аяулы әке де бола білді. Бес перзент сүйіп, солардың әрқайсын жастайынан тазалық пен тәртіпке, еңбексүйгіштікке баулып, бойларына ізгілік дәнін егуге тырысты. «Кө­зін ашып көргені, аузын ашып сүйгені», тұлабойы тұңғышы Нәзима ұзақ жыл ұстаздық етті. Ұлы Бейбіт – Ақтөбе қала­сында кәсіпкер. Қызы Әсима Тараз қала­сындағы бала­бақшада 40 жылға таяу мең­геруші боп қызмет атқарып келеді. Ұлдың кішісі – Бітім мен сүткенжесі Рәсима да өмір­ден өз орындарын тапқан бақытты жандар. Алтекеңнің кіндігінен өрген ұрпақты қазір бір қауым ел десе де болғандай. Неме­ресінің үлкені – Ермек Қазақстан Рес­публикасы Ішкі істер министрлігінде жауапты қызмет атқарса, Аян Англияда білім алып, еліміздің Конституциялық кеңесінде жұмыс істеп жүр. Әлжан мен Арман да білікті маман – заңгер. Шөбересі Әлімхан – қазақ-түрік лицейінің шәкірті, Арслан – спорттан елге танымал азамат...Өсіп-өнген бір әулет осындай-ақ болар дейміз Жаратушы Алланың алғаусыз мейірім-шафағатына шүкіршілік етіп. Әсима, бабасы Қартабай биден қасиет дарып, сөз қонған, талабын ұштаса, тәп-тәуір ақын болып кеткендей екен. Бір өлеңінде әкеге деген сағыныш-мұңын, перзенттік сүйіспеншілігін былай толғапты: Пейілі кең, пәк жүрек, дара туған, Бақыты үшін халқының жаратылған. Жан-жағына мейірім, шуақ шашып, Асқақтайды, жан әке, дана тұлғаң! Ерлігің жастайыңнан мәлім жұртқа. Жаралған жайсаң мінез, сабырлықтан. Қан майданда қару ап Отан үшін, Мұз жастанып, от кешіп, жалын жұтқан. Еңбегің әрқашанда ерен еді. Үлгі етер істерің көп өнегелі. Бес бірдей перзентіңді мәпеледің, Кеңейтер келешекте керегені. Ақылы асқаралы, нар тұлғалы, Ойы дара, көңілі ақ, жарқын жаны. Өр Алтайдай еңселі Ер Алтайды Қазағы ұмытпайды артындағы!.. Артында жылап жоқтайтын ұрпағы барда, өлді деуге бола ма ондай жанды! «Адамның өзі мың жасамайды, ұр­пағы­мен мың жасайды» дегенді дана халқымыз осын­дай мысалдарды меңзеп айтқан болу керек. Советбек МАҒЗҰМОВ,  Қазақстанның құрметті журналисі,  Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері  Тараз