Бүгін Қытай басшысы Ху Цзиньтао АҚШ-қа ресми сапармен келеді. Сапар барысында АҚШ-пен арадағы сауда байланыстарын дамытуға қадам жасалады деп күтілуде.
Атап айтқанда, Қытай АҚШ-тан 1 млрд. доллардан астам қаражатқа «Боинг» ұшақтарын және басқа да тауарлар сатып алуға келісім-шарттар жасасады деп күтілуде. Ал АҚШ-тың Тайваньға қару-жарақ сатуын тыю сияқты мәселелерде екі жақты келісімге қол жеткізу әлі де оңай емес деген болжам айтады сарапшылар.
АҢДАМАЙ СӨЙЛЕГЕН, АУЫРМАЙ ӨЛЕДІ
Өткен нөмірде Мәскеудің бұрынғы мэрі Юрий Лужковтың Латвияда тұрғысы келетінін жазған болатынбыз. Онда бұрынғы мэрдің латыш елінде біраз жылжымайтын мүліктері де бар екендігі айтылған.
Бірақ, Латвия билігі мәскеулік қонақтың өз елдері туралы дуанбасы болып жүргенде айтқан кейбір келеңсіз сөздерін еске алып, оны «қара тізімге» енгізіп қойыпты. Енді Ю.Лужковтың Латвияның азаматы ретінде тіркеліп алып, Еуропаны еркін аралаймын деген арманына қол жеткізе алмайтын түрі бар.
СОҢҒЫ 6 АЙДАҒЫ ЕҢ ҮЛКЕН ЖАРЫЛЫС
Кеше Ирактың Тикрит қаласында полиция қатарына жаңадан қабылданғандарға жақын жерде жарылыс болып, 50-ге жуық адам қаза тапты. Сонымен қатар, 100-ден артық адам түрлі деңгейдегі жарақат алды.
Бұл қала Саддам Хусейннің туған жері болып табылады. Салахуддин провинциясы әкімшілігі басшысының орынбасары бұл іс «Әл-Каиданың» жасаған қырғыны деп отыр. Қазір терактіні жасағандарды анықтау бойынша қылмыстық іс жүргізілуде. Бұл Иракта соңғы жарты жылда ең үлкен адам шығынын әкелген лаңкестік деп бағалануда.
ДЕПУТАТТАР ҚАТТЫ ШАМДАНЫП ҚАЛЫПТЫ
Армения парламентінің депутаттары қатты дүрлігіп жатыр. Атап айтқанда, үш депутат өздерін Ресейде қозғалған қылмыстық іске қатысы бар деп жариялаған оппозициялық «Айхахан жаманак» басылымын сотқа берген.
Депутаттар басылымнан мәлімдемені жоққа шығаруды және моральдық шығын ретінде 7,5 млн. драм (20,5 мың доллар шамасында) өндіруді талап етуде. Оппозициялық басылым жалғыз бұларды емес, ресейлік басылымдарға сүйеніп, басқа да көптеген адамдарды қылмыстық топтарға қатысты деп жариялаған болатын. Бірақ олар әзірше депутаттардай шамдана қойған жоқ.
ДАБЫРА МА, ӘЛДЕ ШЫНДЫҚ ПА?
Германиялық журналистер сенсациялық мәлімдеме жасады. Олар осыдан 25 жыл бұрын қастандықпен өлтірілген Швеция премьер-министрі Улоф Пальманың кімнің қолынан мерт болғанын таптық деп жар салып жатыр.
Басылымдардың айтуына қарағанда, 65 жастағы қанішер қазір Загреб қаласында тұратын көрінеді. Бұл хабарды оларға бұрынғы Югославияның арнаулы қызметінде істеген офицер Винко Синдич жеткізген. Оның сөзіне сенсек, бұрын Гамбург қаласында тұрған қандықолды югославиялық арнаулы қызмет Стокгольмге Улоф Пальманы өлтіруге жұмсаған. Сену оңай емес, бірақ Улоф Пальмаға қатысты қылмыстың әлі ашылмағаны белгілі.
ЖАҢАЛАРЫНЫҢ 70 ПАЙЫЗЫ «ЕСКІЛЕР»
Ұзаққа созылған әрі-сәріліктен соң ақыры Молдовада үкімет жасақталды. Соңғы 1,5 жылда өткен үшінші сайлаудың негізінде әйтеуір парламенттік көпшілікке қол жеткізілді.
Қазір «Еуропалық интеграция жолындағы альянс» деп аталған парламенттік көпшілікке Либералды, Демократиялық және Либералды-демократиялық деп аталатын үш партия енеді. Олар Парламенттегі 101 депутаттың 59-ын құрап отыр. Сөйтіп, ұзаққа созылған таластан кейін Молдова да коммунистерді өкімет басынан бейбіт жолмен тайдырды. Бірақ үкімет құрамына бұрынғы министрлердің 70 пайызына жуығы қайтадан енгізілді.
ҚАНІШЕР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛАР МА ЕКЕН?
Руандада осыдан 17 жыл бұрын болған геноцидті жасаушылардың біріне Германияда сот процесі басталды. 54 жастағы Оносфор Руабукомбені осыдан жарты жыл бұрын неміс полицейлері өздерінде тұтқындаған екен, содан бері қылмысты іс жүргізіліп келген.
Хуту тайпасына жататын ол тутси тайпасын қыруға бағытталған 1994 жылғы үш шабуылды ұйымдастырған деп айыпталуда. Сол шабуылдардың кесірінен болжаммен алғанда 3700 адам көз жұмған. Жалпы, осы елде өзара болған қырғын соғыстардың салдарынан 1 млн.-ға жуық адам қаза тапқан деген болжам бар.
ТҮК ШЫҚПАСТЫ ДАУЛАП НЕСІ БАР
Грузия парламентінің депутаты Шота Малашхия өз еліне қарсы жасаған қылмыстық әрекеттері үшін Ресейді халықаралық сотқа тартып, өтемақы ретінде 35 млрд. доллар өндіру қажеттігін айтып отыр.
Бұрын Абхазия мен Оңтүстік Осетия да Грузия тарапынан өздеріне қарсы жасаған қысастықтары үшін әртүрлі сомадағы өтемақы өндіруді талап етуге ұмтылып көрген. Бірақ осы әрекеттерден түк шықпайтыны алдын ала белгілі. Өйткені, өтемақы талап ету үшін кінәлі жақ өз қылмысын ерікті түрде мойындауы керек, содан кейін ғана оның жасаған әрекеттерінің қаржылық сомасын анықтап, сот арқылы өндіруге болады.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.