14 Сәуір, 2016

«Кең Дала» сыйлығы кімге бұйырады?

424 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ком-үлкеніКеше Орталық коммуникация­лар қызметінің баспасөз залында еліміздің туристік саласын одан әрі дамытуға негізделген конкурстың басталуына байланыс­ты баспасөз мәслихаты болып өтті. Жиынға Халықаралық хатшылық «G-Glo­bal» бастығының орынбасары Салтанат Рахымбекова, Қазақстан Туристік индустрия ұлттық одағының атқарушы директоры, халықаралық ұй­ым «Expo&Women» АҚ Бас­қар­масының төрайымы Гаухар Жеңісбек, Қазақстан Туристік ин­дустрия ұлттық одағының төрайымы Инна Рей қатысып, туризм саласында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған сайыс­тың мән-маңызына тоқталып, талаптарымен таныстырып өтті. «Туризм – экономиканың құрамдас бөлігі. БҰҰ Бүкіләлемдік туристік ұйымының мәліметі бойынша, туризм саласы әлемде жалпы ішкі өнімнің оннан бір бөлігін қамтамасыз етеді. Қазақстан табиғи ресурстарға бай, халықаралық нарықтағы туризм саласы жыл сайын дамып келе жатқан мемлекет. Біздің бұл конкурсты өткізудегі басты міндетіміз туризмнің дамуын одан әрі жетілдіру, іскер компанияларды іздеу және жаңаша бағдарламалар бағытын қарастыру болып табылады. Жарысқа қатысушылар 12 аталым бойынша сынға түседі. Олардың ішінде, «Оқиғалық туризмнің үздік жобасы», «Үздік ұлттық туристік компания», «Үздік аймақтық туристік компания», «Үздік гид-саяхатшы», «Үздік шипажай», «Қонақ­үй индустриясының үздік нысаны», «Қазақстан бойынша саяхаттаудың үздік бағыттары», «Үздік балалар демалысы», «Ту­рис­терге арналған үздік интернет-сервис», «Туризмді баяндау жөніндегі үздік бұқаралық ақпарат құралы», «Туризм бойынша үздік ТД жоба» аталымдары бар», – деді Қазақстан Туристік индустрия ұлттық одағының атқарушы директоры Гаухар Жеңісбек. Сонымен қатар, конкурстың нәтижелерін әділ бағалау үшін «Сараптық кеңес» құрылып, оның құрамына мемлекеттік органдар, қызметкерлері қо­ғам қайраткерлері, туристік сала­ның мамандары шақырылып отырғанын да естеріңізге саламыз. Ал, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жеңімпазға «Кең Дала» ұлттық сыйлығы берілетін болады. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»