14 Сәуір, 2016

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы  №190

328 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
2016 жылғы 7 сәуір, Астана, Үкімет Үйі «Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. «Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 29, 388-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін: 1) көрсетілген қаулымен бекітілген Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын; 2) көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларында: 4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын: «4. Көшіп келушілердің паспорттарын тіркеу «Бүркіт» бірыңғай ақпараттық жүйесінде (бұдан әрі – «Бүркіт» БАЖ) жүргізіледі. Тіркеуді ресімдеу көшіп келушіні уақытша тіркеу туралы анықтамамен немесе визалық-көші-қон порталынан қағаз тасымалдағыштағы мәтіндік файлмен немесе көші-қон карточкасына белгі қоюмен расталады, оны: 1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен бірлесіп бекіткен Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне шақыруларды ресімдеу және келісу, Қазақстан Республикасының визаларын беру, күшін жою, қалпына келтіру, сондай-ақ олардың қолданылу мерзімдерін ұзарту және қысқарту тәртібімен айқындалатын экономикасы дамыған және саяси тұрақты елдердің және осы қаулымен бекітілген Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуі қағидаларының 17-тармағында көрсетілген елдердің азаматтарына Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі; 1) көшіп келушілердің уақытша тұратын жері бойынша, оның ішінде «Бүркіт» БАЖ арқылы қабылдаушы адамдардан оларда болатын көшіп келушілер туралы ақпарат алу арқылы ішкі істер органдары қояды. Көшіп келушіні қабылдайтын жеке және заңды тұлғалар vmp.gov.kz немесе e.gov.kz веб-сайттары арқылы дербес цифрлық электрондық қолтаңба арқылы «Бүркіт» БАЖ визалық-көші-қон порталына ақпарат енгізеді және паспортқа көшіп келушіні тіркеу туралы жапсырма қағазды қағаз тасымалдағышта басып шығарады.»; 8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын: «8. Қазақстан Республикасынан шығарып жіберу туралы сот шешімдерін орындау «Бүркіт» БАЖ-ды пайдалана отырып, Қазақстан Республикасынан шығарылатын адамның бақыланатын дербес шығуы арқылы жүргізіледі. Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды соттың шешімі бойынша мәжбүрлі тәртіппен шығару көрсетілген адам аумағына шығарылатын шет мемлекеттің билік өкіліне оларды ресми беру жолымен жүргізіледі.»; 13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын: «13. Бұрын Қазақстан Республикасынан шығарылған көшіп келушілерге «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабына сәйкес шығарып жіберу туралы сот шешімі шығарылған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады. Соттың көрсетілген шешімдері негізінде олар заңды күшіне енгеннен кейін бастамашы орган «Бүркіт» БАЖ-ға бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынған адамдар туралы ақпарат енгізеді.». 2. «Көші-қон карточкасын беру қағидаларын бекіту және «Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы № 133 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 жыл, № 9, 87-құжат) күші жойылды деп танылсын. 3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 7 сәуірдегі №190 қаулысына қосымша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысымен бекітілген Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидалары 1. Жалпы ережелер 1. Осы Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі, «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» 1995 жылғы 19 маусымдағы заңдарына сәйкес әзірленді және көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің тәртібін айқындайды. 2. Осы Қағидалардың нормаларын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершілікке әкеп соғады. 3. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында болу мерзімдерін қысқарту және оларды Қазақстан Республикасынан шығару Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңдарында көзделген негіздер бойынша жүргізіледі. 4. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда осы Қағидаларда қамтылғаннан өзге қағидалар белгіленген болса, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады. 2. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің тәртібі 5. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және/немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше тәртіп белгіленбесе, Қазақстан Республикасының визалары болған кезде көшіп келушілер халықаралық және жолаушы қатынастары үшін ашық Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттері арқылы паспорттары немесе оларды алмастыратын құжаттары (бұдан әрі – паспорттар) бойынша Қазақстан Республикасына келеді және Қазақстан Республикасынан кетеді. Визаның қолданылу мерзімі көшіп келуші паспортының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін кемінде үш ай бұрын аяқталады. 6. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында рұқсат етілген болу мерзімі көші-қон карточкасында көрсетілген тіркеу мерзімі өткен соң аяқталады. Тіркеу мерзімін ұзарту ішкі істер органдары көші-қон карточкасына қоятын тиісті белгімен ресімделеді. Тіркеу осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген мерзімдерге, сондай-ақ: тиісті медициналық ұйымдар белгілеген, көшіп келушінің немесе оның жақын туыстарының ауыр науқастануына байланысты – емдеу үшін аса қажетті кезеңге; айрықша жағдайларда (әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде және табиғи зілзаланың немесе ірі ауқымды аварияның (апаттың) нақты қаупіне байланысты төтенше жағдай енгізілген кезде, сондай-ақ көліктің жұмыс кестесі бұзылған кезде) – шығуды ұйымдастыру үшін қажетті, бірақ күнтізбелік тоқсан күннен аспайтын мерзімге ұзартылады. 7. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасында және/немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, жергілікті атқарушы орган немесе ішкі істер органдары берген тиісті рұқсаттарсыз Қазақстан Республикасында уақытша болатын көшіп келушілердің еңбек қызметін жүзеге асыруына жол берілмейді. 8. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуіне және Қазақстан Республикасынан кетуіне Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамалық актілерінде белгіленген негіздер бойынша тыйым салынады. 9. Егер Қазақстан Республикасы тиісті тараппен жасасқан келісім немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі өзгеше тәртіп белгілемесе, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күннен бастап күнтізбелік бес күннен астам Қазақстан Республикасында уақытша болатын көшіп келушілерде уақытша тұруға (тіркеуге) рұқсаты болуы қажет. Көшіп келушілерді тіркеуді ішкі істер органдары қабылдаушы адамдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінен келіп түсетін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпараты негізінде жүзеге асырады. Қабылдаушы адамдар өздерінде болатын көшіп келушілер туралы ішкі істер органдарына олар келген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарлайды. Көрсетілген мерзімдерді есептеу көшіп келуші Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен немесе қабылдаушы адамға келген тәуліктің 00.01 сағатынан басталады. Көшіп келушілерді тіркеу жеке басты куәландыратын құжаттар бойынша жүзеге асырылады. 10. Тіркеу көшіп келушінің ұлттық паспортының және визаның қолданылу мерзімінен аспайтын кезеңге ресімделеді. Келуі мен болуының визасыз тәртібі туралы ратификацияланған халықаралық шарттар бар елдерден Қазақстан Республикасына келген азаматтарды тіркеу визасыз болу рұқсат етілген мерзімге жасалады. Егер нақты мерзім белгіленбеген жағдайда, тіркеу Қазақстан Республикасына келген күннен бастап отыз тәуліктен, ал Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары үшін тоқсан тәуліктен аспайтын мерзімге ресімделеді. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен шетелдік жұмыс күшін тартуға ресімделген рұқсаты бар көшіп келушілерді, еңбекші көшіп келушіні, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерін тіркеу сол рұқсаттың қолданылу мерзіміне ресімделеді. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасына және/немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес осы тармақтың үшінші абзацында көрсетілген рұқсаттарды алу қажет етілмейтін көшіп келушілерді, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерін тіркеу жыл сайын ұзарту мүмкіндігімен бір жылға ресімделеді, бірақ еңбек шартының немесе жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) жөніндегі азаматтық-құқықтық шарттың қолданылу мерзімінен аспауы тиіс. Білім алу, кәсіптік даярлық және (немесе) тағылымдамадан өту мақсатында келген көшіп келушілерді тіркеу бір жылға ресімделеді, бірақ оқу, оқу практикасының немесе тағылымдаманың мерзімінен аспауы тиіс. Отбасын біріктіру мақсатында Қазақстан Республикасына келген көшіп келушілерді тіркеу «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мерзімдерге ресімделеді. Қылмыстық процестік заңнамада белгіленген тәртіппен өздеріне қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес ауыр немесе аса ауыр қылмыс деп танылатын іс-әрекеттер жасалғаны туралы хабарлаған көшіп келушілерді тіркеу Қазақстан Республикасының қылмыстық процестік заңнамасына сәйкес арызды қарау үшін қажетті мерзімге ресімделеді. Қылмыстық процестік заңнамада белгіленген тәртіппен осындай қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша жәбірленушілер немесе куәгерлер деп танылған көшіп келушілерді тіркеу қылмыстық істі тергеу үшін қажетті мерзімге, бірақ күнтізбелік тоқсан күннен аспайтын мерзімге ресімделеді. Пана іздеген адамдарды және босқындарды тіркеу Қазақстан Республикасының босқындар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімделеді. Қазақстан Республикасы соттарының үкімдері бойынша қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаларға шартты түрде босатылған, сондай-ақ шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарды тіркеу тағайындалған жазаның мерзіміне не жазаның өтелмеген бөлігіне ресімделеді. Қазақстан Республикасымен келу мен болудың визасыз тәртібі туралы келісімдер жасасқан мемлекеттерден келген бизнес-көшіп келушілерді тіркеу жергілікті атқарушы органның өтінішхаты бойынша жыл сайын ұзарту мүмкіндігімен бір жылға, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімге жүргізіледі. Бизнес-көшіп келуші болып табылатын шақырушы адамның отбасы мүшелерін тіркеу жыл сайын ұзарту мүмкіндігімен бір жылға жүзеге асырылады. Бұл ретте шақырушы адамның отбасы мүшелерін тіркеу шақырушы адамды тіркеудің қолданылу мерзімінен аспауы тиіс. Паспорттарды тіркеуден: дипломатиялық немесе қызметтік паспорттары бар; Қазақстан Республикасына Қазақстан Республикасының «дипломатиялық», «қызметтік» және «инвесторлық» санаттағы визаларымен келген немесе Қазақстан Республикасының инвестициялар мәселелері жөніндегі уәкілетті органынан «инвестор» мәртебесін растаған кезде (визасыз болу режиміндегі елдер үшін); 16 жасқа толмаған көшіп келушілер босатылады. Көшіп келуші Қазақстан Республикасында уақытша тұратын жерін ауыстырған кезде қабылдаушы адам бұл туралы ішкі істер органдарына үш жұмыс күні ішінде хабарлайды. Тұрақты немесе уақытша тұратын жері өзгерген жағдайда, көшіп келушілер күнтізбелік бес күн ішінде жаңа тұратын жері бойынша ішкі істер органдарында қайта тіркеуден өтеді. 11. Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуға ішкі істер органдарына өтініш білдірген көшіп келушілерді тіркеу өтінішті қарау үшін қажет кезеңге, бірақ күнтізбелік тоқсан күннен аспайтын мерзімге ұзартылады. 12. Бизнес-көшіп келушінің визасы бойынша елге келген шетелдік ішкі істер органдарында визаның қолданылу мерзіміне тіркеледі. 13. Еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келетін көшіп келушілер мынадай санаттарға бөлінеді: 1) шетелдік қызметкерлер – Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келген немесе жұмыс берушілер тартатын, оның ішінде корпоративішілік ауысу шеңберінде келген көшіп келушілер; 2) бизнес-көшіп келушілер – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында келген көшіп келушілер; 3) маусымдық шетелдік қызметкерлер – климат немесе өзге де табиғат жағдайларына байланыс­ты белгілі бір, бірақ бір жылдан аспайтын кезеңнің (маусымның) ішінде атқарылатын маусымдық жұмыстарды орындау үшін жұмыс берушілер жұмысқа тартатын көшіп келушілер; 4) еңбекші көшіп келушілер – еңбекші көшіп келушінің рұқсаты негізінде жұмыс беруші – жеке тұлғаларда үй шаруашылығында жұмыстар орындау (қызметтер көрсету) мақсатында Қазақстан Республикасына үй жұмыскерлері ретінде келген көшіп келушілер. 14. Егер Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасында және/немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдік жұмыс күшін тарту, сондай-ақ Қазақстан Республикасына уақытша келетін көшіп келушілердің еңбек қызметін жүзеге асыруы жергілікті атқарушы органның немесе ішкі істер органдарының рұқсаты негізінде жүзеге асырылады. 15. Бизнес-көшіп келушілер «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген міндеттерді орындамаған жағдайда, ішкі істер органдары жергілікті атқарушы органдардың өтінішхаты негізінде бизнес-көшіп келушілердің ерікті түрде кетуі үшін қажетті мерзімге олардың болу мерзімін қысқарту туралы шешім қабылдайды. 16. Егер Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасында және/немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, маусымдық шетелдік қызметкерлер, гуманитарлық себептер бойынша келетін көшіп келушілер жалпы негізде тіркеледі. 3. Жекелеген шетел мемлекеттері азаматтарының Қазақстан Республикасына келуінің және болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің тәртібі 17. Егер Қазақстан Республикасында болу кезеңі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезден бастап күнтізбелік он бес күннен аспаса, Аустралия Одағы, Мажарстан, Италия Республикасы, Монако Князьдігі, Бельгия Корольдігі, Испания Корольдігі, Нидерланд Корольдігі, Норвегия Корольдігі, Швеция Корольдігі, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі, Америка Құрама Штаттары, Германия Фе­деративтік Республикасы, Финляндия Республикасы, Француз Республикасы, Швейцария Конфе­дерациясы және Жапония азаматтары 2015 жылғы 16 шілде – 2017 жылғы 31 желтоқсан ке­зеңін­де Қазақстан Республикасына визасыз келеді және Қазақстан Республикасынан визасыз кетеді. 18. Осы Қағидалардың 17-тармағында көрсетілген мемлекеттердің азаматтары Қазақстан Республикасының аумағында іскерлік мақсатта болуын күнтізбелік он бес күннен артық ұзарту туралы өтініш берген кезде, Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары күнтізбелік отыз күнге дейінгі мерзімге «іскерлік» санатындағы бірмәртелік визаларды беруді жүзеге асырады. 19. Осы Қағидалардың 17-тармағында көрсетілген мемлекеттер азаматтарының инвестор мәртебесін дәлелдейтін инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның өтінішхаты болған кезде, Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары күнтізбелік тоқсан күнге дейінгі мерзімге «инвесторлық» санатындағы бірмәртелік визаларды беруді жүзеге асырады. 20. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекші көшіп келушілері және олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасына визасыз келеді, сондай-ақ осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген тіркеу мерзімі ішінде Қазақстан Республикасында визасыз болады және кетеді. 21. Қазақстан Республикасы соттарының үкімдері бойынша бас бостандығынан айыруға сотталған шетелдіктер Қазақстан Республикасында визасыз және тіркеусіз болады. Қазақстан Республикасы соттарының үкімдері бойынша қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаларға шартты түрде жазаланған, сондай-ақ шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған шетелдіктер Қазақстан Республикасында осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген тіркеу мерзімі ішінде визасыз болады. Қазақстан Республикасынан кету үшін оларға тиісті санаттағы виза ресімделеді. 4. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүріп-тұруы және транзитпен жол жүруі және олардың Қазақстан Республикасында тұрғылықты тұратын жер таңдауы 22. Көшіп келушілер Қазақстан Республикасының шетелдіктердің баруы үшін ашық аумағы бойынша еркін жүріп-тұра алады және Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес тұрғылықты жерді таңдай алады. Жүріп-тұру мен тұрғылықты тұратын жерді таңдаудағы шектеулерді Қазақстан Республикасының Үкіметі «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-тармағының 7) тармақшасына сәйкес белгілейді. 23. Шетелдіктердің Қазақстан Республикасы арқылы жүріп-тұруы, сондай-ақ олардың шетелдіктер үшін жабық жекелеген жерлерге (аумақтарға) бару тәртібін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі айқындайды. 24. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетін көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуі және Қазақстан Республикасынан кетуі үшін Қазақстан Республикасының транзиттік визалары ресімделеді. 25. Шетелдіктердің Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен жол жүруіне, оларда үшінші елге кіру үшін жарамды құжаттар (визалар) болған жағдайда, бес тәуліктен аспайтын мерзімге рұқсат етіледі. 26. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы визасыз келу туралы келісім бар өздерінің азаматтығы мемлекеттерінің елдеріне транзитпен өтетін шетелдіктер Қазақстан Республикасының транзиттік визасын ресімдейді. 27. Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңнамасын бұзған не көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында одан әрі болу негіздері болмаған жағдайларда, олардың Қазақстан Республикасында болу мерзімі қысқартылады. Қазақстан Республикасында болу қағидаларын бұзған көшіп келушілер, яғни тұру құқығына құжаттарсыз тұрып жатқан немесе жарамсыз құжаттар бойынша тұрып жатқан, тіркеудің не жүріп-тұрудың және тұрғылықты тұратын жерді таңдаудың белгіленген тәртібін сақтамайтын, өздеріне белгіленген болу мерзімі өткеннен кейін шығудан жалтарған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен жол жүру қағидаларын сақтамайтын көшіп келушілер Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңдарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартуға жатады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінде ескерту түрінде жазаға әкеп соғатын көші-қон заңнамасын бұзу анықталған және шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам құқық бұзушылық фактісін мойындаған жағдайларда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылмайды. Шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам ішкі істер органдары не Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі шешімі шығарған шешімінің негізінде елден тыс жерге тіркеусіз және визасыз шығады. 28. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында болу мерзімін қысқарту туралы шешімдерді ішкі істер органдары қабылдайды. 29. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды шығару туралы сот шешімі болған кезде шығаруды ұйымдастыру үшін қажетті мерзімге оларды ішкі істер органдарының арнайы мекемелерінде ұстауға жол беріледі. 30. Көшіп келуші оны Қазақстан Республикасынан шығару туралы шешімге азаматтық процестік тәртіппен шағымдана алады. 31. Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланатын көшіп келушілердің болу тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілігі туралы, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының аумағында болу мерзімін қысқарту туралы мәселе дипломатиялық арналар арқылы шешіледі.