Атақты Әлгамбра (кейде Әламра деп те айтылады) жайында әңгіме қозғағанда әдетте ол жөнінде мүлде естімегендердің өзіне бұл сөз жақсы таныс деген ұғым қалыптасқан. Өйткені орыстың ұлы ақыны Александр Пушкин өзінің «Алтын әтеш туралы ертегісін» Әлгамбраға байланысты алған әсерлері бойынша жазған көрінеді. Ертегінің алғашқы нұсқаларында ол тіпті ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген, кезінде осы сарайдың бір бөлмесінде өзі бірнеше ай тұрған, белгілі америкалық жазушы Вашингтон Ирвингтің «Араб жұлдызшысы туралы аңызындағы» «Патша өзінің алдына тұрған шахмат тақтасы бар үстелді көрді...» деген жолдарды да сөзбе-сөз қайталаған екен.
Испанияның нақ ортасында, романтикалық Гранадада осынау «Әлгамбра» немесе «каср әл-хамра» деген араб сөзі қайдан пайда болған? Шығыстың, соның ішінде ислам әлемінің көркем мұраларының ең үздік деген туындыларының бірі – сұлулығы жағынан басқа ешбір жерде қайталанбайтын бақтары бар сарайдың осы елде орналасуының сыры неде?
Испания тарихының күрделі әрі қарама-қайшылықтарға толы болғаны белгілі. Еуропаның шеткей батысында орналасқан елге Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің өзара тоғысып, біте қайнасқан жеріне айналу тағдыры бұйырған. Бұл жерде «батыс» және «шығыс» деген сөздердің шартты түрде ғана қолданылатынын да айта кеткен жөн. Шындығына келгенде, ортағасырлық христиандық Еуропа мен Солтүстік Африкадағы араб мұсылмандары әлемі мәдениеттерінің қосындысы туралы айтқан әлдеқайда орындырақ.
Өз тарихының елең-алаңында-ақ Испания карфагендердің, римдіктердің, вестготтардың қол астында болып үлгіреді. Бірінен соң бірі келген басқыншылар өздерінің дәстүрлерінің, белгілі бір құрылыстарының да іздерін қалдырып отырған. Солардың ішіндегі осы елде ең ұзағырақ тұрақтағаны Испанияда маврлар деген атауды иеленген бербер-арабтар болды. 718 жылға таман олар өздерімен бірге салт-дәстүрлерін, архитектурасын, көркем мәдениетін әкеле отырып, елдің бүкіл дерлік аумағын жаулап алады. Испания тарихындағы «мавритандық» кезең 700 жылдай уақытқа созылып, осы жылдар бойына «реконкиста», яғни арабтарды қуу жолындағы соғыстар да жүріп жатты.
Осы орайда бір айта кетерлік жәйт, испан жерін жаулап алған мұсылман-арабтар басқыншы ретінде жергілікті тұрғындарға күш көрсетпегені өз алдына, тіпті елдегі өзге діндерге де ешқандай қысым жасамаған. Керісінше, діндер арасындағы төзімділіктің, қазіргі тілмен айтқанда, толеранттылықтың ең жоғары үлгісін көрсетіп отырған. Бұл жерде, егер тарихи деректерге жүгінер болсақ, «жаулап алу» деген сөздің өзі де онша келіңкіремейтін сияқты. Біріншіден, арабтар келген кезде вестготтар мұнда ойран салып, жергілікті халықты тонап, қуғынға ұшыратып жатқан болатын. Вестготтардың саны 6 миллионға жеткен, латын тілінде сөйлейтін испандықтармен тілі жағынан да, мәдениеті жағынан да еш ортақтығы болмаған, оның үстіне өзара қырқысумен күн кешкен басқыншылар тек қана қарақшылық мақсат ұстанған. Осындай сәтте келген мұсылман-арабтар 80 мың адамнан тұратын вестготтар әскерін оп-оңай тас-талқан етеді. Екіншіден, арабтардың «жаулап алулары» мейлінше бейбіт түрде өткен. Олар өз мақсаттарына жекелеген облыстар мен қалалардың билеушілерімен келісімге келе отырып қол жеткізген. Міне, дәл осы келісімде арабтар халифтің қол астына өткендердің дүние-мүліктерін сақтап қана қоймай, сонымен қатар олардың бұрынғысынша христиан діндерін уағыздай берулеріне де толық рұқсат берген. Мұсылмандардың дінге деген осындай төзімді көзқарастары жергілікті халықтың басым бөлігі тарапынан қолдау тауып, олардың арабтар жағына шығуына да түрткі болған.
Мұсылман-арабтардың ұзағырақ тұрақтаған орны Андалузия мен оның астанасы Гранада болды. Соның арқасында мавритандық архитектура мен өнердің көптеген ескерткіштері Испанияның көркемдік мұраларының классикалық жиынтығына берік енді. Осылайша Кордовада, Толедода, Севильяда және басқа да көптеген қалаларда қайталанбас ансамбльдер пайда болды. Осылардың арасында Гранада мен оның қуатты бекінісі – Әлгамбраның алар орны айрықша бөлек.
Зави бен Зири әмір ХІ ғасырда тәуелсіз Гранада мемлекетінің негізін қалайды. Өзі өмір сүрген 500 жылдай уақыт ішінде ондағы мәдениет пен өнер өте зор жетістіктерге жеткен. Гранада 1236 жылы христиандар Кордова қаласын жаулап алғаннан кейін өзінің өркендеу дәуірін бастан кешкен көрінеді. Өйткені осы кезден бастап ол исламдық Испанияның астанасы атанып, оның билеушілері бұрын-соңды Еуропада болып көрмеген Әлгамбра атты сарайлар ансамблін дүниеге әкелген. Сөйтіп осынау ғажайып ғимарат әлемдегі ең сұлу құрылыс деген атаққа ие болады.
Ежелгі Гранада Сьерра-Невада тауының еңісінде орналасқан. «Әлгамбра» аталатын бекініс орын тепкен ұзынша келген қырат осы таудың ең үлкен бөлігін алып жатыр. «Әлгамбра» сөзінің мағынасы қызыл дегенді білдіреді. Бекіністің қабырғалары мен мұнаралары тұрғызылған тас кесектер шынымен де алқызыл реңк береді. Сонымен бірге өзге де аңыз бар. Ол бойынша құрылысшылар түнгілік алаулар жағып қойып жұмыс істеген, ал олардың қызарған ұшқыны қабырғаларға түсіп тұрған көрінеді.
Әлгамбраның өзі Әлказаба (бекініс), Әлказар (сарай) және Медине (қала) атты үш бөліктен тұрады. Бірінші кезекте ІХ ғасырда, бәлкім одан да ертерек шығар, бекініс пайда болған. Оның де ла Вела атты ең басты күзет мұнарасы қыраттың ұшар басында орналасып, Әлгамбраның және бүкіл ескі Гранаданың үстінен асқақтай қарап тұрған. Кейін келе бекіністің етегінде тұрғын кварталдар пайда бола бастайды. Ал 1238 жылы мавритандық Насридтер әулетінің әмірлері бекіністің жанынан сарай салады. Дегенмен, сарайдың Гранада мен бүкіл Испанияның даңқын асырған ең үздік құрылыстарын ХІV ғасырда Жүсіп І және Мұхаммед V-інші әмірлер салғызған көрінеді. Бүгінде қыраттың ұшар басын қоршап тұрған қабырғаларды тұрғызуды да осы кісілер аяқтап шыққан.
Мавритандық мәдениеттің өкілдері күн шуақты Гранада жерінде жұмақтың кішкентей ғана бір бөлігін орнатуды мақсат еткен сыңайлы. Осылайша көлеңкелі бау-бақтың ортасында әкімшілік орталығы және әмірлер резиденциясы – Әлгамбра сарайы пайда болған. Сарайдың іші бір-бірімен жарасымды үйлесім тапқан кішігірім аулаларға, субұрқақтарға, суы мөлдіреген тоғандарға толы. Сарай ішін салқындатып тұру үшін әдейі ойластырылған ағын сулар әу баста біз көріп жүрген субұрқақтардай адамдардың киімдерін сулап аспанға атқыламай, едендегі жылға бойымен сылдырап қана ағып жататын болыпты. Керамикадан жасалған, тасқа, ағашқа қашап салынған сан-алуан сурет-кескіндер, өсімдіктердің таңғажайып бейнелері, араб өрнектері – осылардың бәрі сарай ішін сәнге бөлеп қана қоймай, ертегі әлемінде ғана кездесетіндей ерекше сипат та беріп тұрған. Мұндағы сталактиттерді еске түсіретін (жоғарыдан төмен қарай салбырап тұрғандай әсер ететін) аркалар, бағандар, ою-өрнектермен әспеттелген әйнектер Әлгамбрадан өзге әлемнің ешбір жерінде кездеспейді деген де сөз бар. Гранаданы аралаушылар үшін әзірленген жолкөрсеткіштердің бірінде «осындағы кейбір асқақ өнер туындыларын қайтадан жасап шығу мүмкін емес» деген де жазу бар екен. Әсіресе жарық пен су ортақ композицияда маңызды рөл атқарады. Бақ ішіндегі құламадан төмен құлдилаған сулар көпіршіктеніп, жылғалар бойымен аға жөнелгенде күнмен шағылысып жарқ-жұрқ етеді. Осылардың бәрі кипаристі аллеялармен, апельсин ағаштарымен, сан түрлі түске бөленген әсем гүлдермен көмкерілген. Шынымен де жер үстіндегі жұмаққа ұқсайтын осынау керемет көрініс мәңгі қар басқан шыңдармен және ашық-көк түсті аспанмен астасып, көрген адамның көз жауын алады. Ғимараттың күмбезінің өзі алыс биікте жымың қағып тұратын жұлдызды өрнектермен безендірілген. Сондықтан көптеген өнертанушылар Әлгамбраны мавритандық өнердің Батыс Еуропадағы ең биік жетістігі деп бағалаған екен.
Кіреберістегі ең кіші орынжайлар тобы «Алтын залдар» деп аталады. Олар сот әкімшілігіне және адамдарды қабылдауға арналған. Билеушінің дәулеті мен қуатын бейнелейтін Алтын залдардың қабырғаларындағы ою-өрнектер келушілерді әркезде де таңдандырып, таң-тамаша күйге бөлеп отырған. Ал енді одан әрі жалғасатын Елшілер залының келбеті қызыққұмар қауымды бұған дейінгі көргендеріміз қарапайым ғана дүниелер екен ғой дейтіндей әсерде қалдыратын болған. Қауыз бойын жағалата өсіріліп, бүйіріндегі субұрқақтардан нәр алып тұрған қос-қатар мирта ағаштарына байланысты Мирта залы деп аталатын орынжайдың ерекшелігі өз алдына бөлек бір әңгімеге арқау болғандай.
Сарайдың Гранада әмірлерінің жеке бас өмірлеріне арналған үшінші бөлігін Әлгамбраның нағыз інжу-маржаны деп атауға болады. Мұнда гарем мен әмірдің демалатын бөлмесі орналасқан. Сарайдың бұл бөлігі Арыстанды аула атына сәйкестендіріліп Арыстанды демалыс орны деп аталады. «Арыстанды аула» атауы субұрқақ атқылап тұрған ыдыстың 12 арыстан мүсінінің үстіне орнатылуына байланысты пайда болғанға ұқсайды. Іс жүзінде тамашаны көзбен көру үшін Гранадаға келушілер де «әлемнің сегізінші ғажабы» атанған дәл осы Арыстанды ауланы көргенше асығады екен. Әлгамбраның кереметін дене мүшеңнің барлық жақтарымен, яғни көру арқылы да, иісі арқылы да, есту арқылы да, сезім арқылы да, тіпті дәмі арқылы да қабылдауға болады дейді мұнда келушілер.
Гранаданың соңғы билеушісі Боабдил (Мұхаммед ХІ) қаланы Фердинанд король мен оның әйелі Изабеллаға тапсырып, өзі туған-туыстарымен тауға қашып шығады. Аңыз бойынша ол бүгінде Эль-Суспиро-дель-Моро деп алатын жерге аялдап, артта қалып бара жатқан Әлгамбраға көз салып тұрған кезде оған қасында тұрған анасы «Еркек сияқты қорғай алмағаныңды енді әйелге ұқсап жоқта!» деген екен дейді.
Жаңадан келген қожайындар, яғни католиктік билеушілер де өз кезегінде шіркеуі, казармасы, сарайлары бар францискандық монастырь тұрғызады. Солардың ішіндегі ең үлкені дөңгелектеніп келген ренессанс үлгісіндегі ауласы бар монументті ғимарат – Карл V-тің сарайы болып табылады. 200 жылдан астам уақыт бойына салынған сарай Әлгамбра қыратындағы ең ірі құрылыстардың бірі болып шығады. Бірақ көркемдік сапасы жағынан ол мавритандық құрылыстардан әлдеқайда төмен деңгейде еді. Әл-Андалус аталған елдің Христофор Колумбтың Американы ашқан кезеңімен бір мезгілде жойылып кеткеніне қарамастан, ол халық зердесінде мықтап сақталып қалған. Андалусия атауын бүгінде Испания мен Португалияның тарихи облыстары иеленіп отыр. Сол сияқты испан тілінде 4 мыңнан астам, ал португал тілінде 1 мыңнан астам араб сөздері бар көрінеді.
ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда осындай ғаламат бекініс өзінің құлдырау кезеңін бастан кешеді. Бір кездері көз жауын алатын әсем ғимараттың бөлмелерінде арзанқол дәмханалар орналасып, іші ұры-қарылар мен қайыршылардың мекеніне айналады. 1808-1012 жылдары Гранадада тұрған Наполеон әскерінің жауынгерлері де Әлгамбраға орасан зор нұқсан келтіреді. Олар сарайдың бөлмелерін атқоралар мен казармаға айналдырып, кетерінде мұнараның бір бөлігін атқылап, бүлдіріп кетеді. Тек 1870 жылы ғана Әлгамбра ұлттық ескерткіш мәртебесіне ие болып, осы уақыттардан оның қайта өрлеу дәуірі басталады.
Бүгінде Еуропаның ең тамаша орындарының бірі, туристер үшін бір көру нағыз арман болып саналатын Әлгамбра ислам архитектурасының музейі болып табылады.
Ислам мәдениеті әлемінде даңқы жер жүзіне тараған ескерткіш жалғыз бұл емес. Оған мысал ретінде Үндістанның Агра қаласындағы Тәж-Махал кесенесін келтірсек те жетіп жатыр.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.