14 Сәуір, 2016

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығы  №107

324 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
2015 жылғы 18 ақпан, Астана қаласы Кеден одағының кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында инфекциялық және паразиттік аурулардың әкелінуін және таралуын санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының шекарасы мен аумағын санитариялық қорғауды қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 21-бабының 2-тармағына сәйкес бұйырамын: 1. Қоса беріліп отырған Кеден одағының кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында инфекциялық және паразиттік аурулардың әкелінуін және таралуын санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының шекарасы мен аумағын санитариялық қорғауды қамтамасыз ету қағидалары бекітілсін. 2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті (Ә.Б. Мәтішев) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен: 1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін; 2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін; 3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналас­тырылуын қамтамасыз етсін. 3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Т.М. Жақсылықовқа жүктелсін. 4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Министр Е.ДОСАЕВ «КЕЛІСІЛГЕН» Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі ___________ Т. Дүйсенова 2015 жылғы 19 ақпан Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 18 ақпандағы №107 бұйрығымен бекітілген Кеден одағының кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында инфекциялық және паразиттік аурулардың әкелінуін және таралуын санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының шекарасы мен аумағын санитариялық қорғауды қамтамасыз ету қағидалары 1. Жалпы ережелер 1. Осы Кеден одағының кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында инфекциялық және паразиттік аурулардың әкелінуін және таралуын санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының шекарасы мен аумағын санитариялық қорғауды қамтамасыз ету қағидалары (бұдан әрі — Қағидалар) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексіне және Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 28 мамырдағы № 299 шешімімен бекітілген Кеден одағының кедендік шекарасынан өтетін адамдар мен көлік құралдарына, Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы және Кеден одағының кедендік аумағында өтетін бақылаудағы тауарларға мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды (бақылауды) жүзеге асыру тәртібі туралы ережеге (одан әрі – Ереже) сәйкес әзірленген және Кеден одағының кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында инфекциялық және паразиттік аурулардың әкелінуін және таралуын санитариялық-карантиндік бақылау және Қазақстан Республикасының шекарасы мен аумағын санитариялық қорғауды қамтамасыз ету тәртібін айқындайды. 2. Санитариялық-карантиндік бақылау – адамдардың және жүктердің Кеден одағының кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өтуі кезінде ел аумағына инфекциялық және паразиттік аурулардың, сондай-ақ адам денсаулығына әлеуетті қауіпті заттарды және өнімдердің әкелінуіне жол бермеу мақсатында өткізілетін, жүктердің санитариялық-эпидемиологиялық жағдайын және адамдардың денсаулық жағдайын бақылау. 3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттеріндегі санитариялық-карантиндік бақылау Қазақстан Республикасының шекарасы мен аумағын санитариялық қорғаудың құрамдас бөлігі болып табылады. 4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде халық денсаулығына қауіп төндіретін жолаушыларға, экипаждарға, пойыз бригадаларына, көлік құралдарына, жүктерге санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру үшін санитариялық-карантиндік пункттер ұйымдастырылады. 5. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу (санитариялық-карантиндік пункттерде) пункттеріндегі санитариялық-карантиндік бақылауды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының көліктегі бөлімшесі жүргізеді. 2. Қазақстан Республикасының шекарасы мен аумағын санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру және санитариялық қорғауды қамтамасыз ету тәртібі 6. Санитариялық-карантиндік бақылау мынадай инфекциялық және паразиттік аурулардың әкелінуіне және таралуына жол бермеу мақсатында жүргізіледі: 1) карантиндік инфекциялар (оба, тырысқақ, сары қызба); 2) аса қауіпті инфекциялар (контагиозды вирусты геморрагиялық қызбалар: Ласс, Марбург, Эбола, Хунин, Мачупо, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы); 3) ауыр жіті респираторлық синдром немесе атипиялы пневмония; 4) патогендігі жоғары жаңа кіші тип тудыратын пандемиялық тұмау (A/H1N1, A/H5N1 құс тұмауы және басқа типтер); 5) паразиттік аурулар (безгек); 6) Ережеге 2-қосымшада көзделген басқа да инфекциялық аурулар. 7. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының уәкілетті тұлғалары: 1) осы Қағидалардың 6-тармағында көзделген және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сәйкес инфекциялық және паразиттік аурулар бойынша қолайсыз елдерден жолаушы және өзге де көлік құралдары немесе жеке тұлғалар келгенде; 2) жолаушы және өзге де көлік құралының экипажынан көлік құралында инфекциялық және паразиттік аурумен ауыратын науқастың немесе ауруға күдікті адамның болуы туралы хабарлама алғанда; 3) жөнелтуші, транзит елдің немесе алушы елдің құзыретті органдарынан халықтың денсаулығына қауіп төндіретін жүктің келуі туралы ақпарат алғанда; 4) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде контейнерлер мен лихтерлердің ашылу белгісі анықталғанда немесе олардың бүтіндігі бұзылғанда; 5) көлік құралында осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген инфекциялық және паразиттік ауруларды таратушы жәндіктер, кеміргіштер және өлген кеміргіштер анықталғанда; 6) әуе немесе теңіз (өзен) кемесінің бортында санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шаралар, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағын санитариялық қорғауды жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жүргізуді талап ететін, осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген инфекциялық ауруларға күдікті адамның болмауы туралы белгіленген тәртіппен алдын ала ақпарат берілмегенде; 7) халықаралық тасымалды жүзеге асыратын көлік құралында бұрын жүзеге асырылған санитариялық-карантиндік бақылау барысында Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасының бұзушылығы анықталғанда; 8) бұрын қолданыста болған және ауру жұқтырған аудандары бар елдерден немесе эпидемия аймақтарынан әкелінген ішінде киім-кешек, киім, төсек жабдықтары немесе тұрмыста қолданылатын басқа да заттар, ыдыс-аяқ, ойыншықтар бар, бүтіндігі бұзылған халықаралық пошталық жөнелтілімдер анықталғанда санитариялық-карантиндік бақылауды жүргізеді. 8. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті тұлғалар және көлік объектілерінің персоналы адамдар денсаулық жағдайына шағымданып жүгінген кезде санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті тұлғаларды дереу хабардар етеді. 9. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті тұлғалар қызметтік куәлігін көрсете отырып, халықтың денсаулығына қауіп төндіретін экипаж мүшелері, жолаушылар және жүктер бар үй-жайларға, көлік құралдарына кедергісіз кіреді. Эпидемиологиялық жағдай ушыққан жағдайда санитариялық-карантиндік бақылау барлық бақылау түрлерінен (шекаралық, кедендік және басқа) бұрын өтеді. 10. Санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті тұлғаларға әуе кемелері экипаждарының командирлері, теңіз кемелерінің капитандары, пойыз бригадаларының бригадирлері мынадай құжаттар ұсынады: 1) әуе көлігінің жалпы декларациясының санитариялық бөлімі, теңіз (өзен) кемесінің теңіздік медициналық-санитариялық декларациясы, теңіз (өзен) кемесінің санитариялық бақылаудан өткендігі туралы куәлігі, теңіз (өзен) кемесінің санитариялық бақылаудан босатылғаны туралы куәлігі, темір жол көлігіндегі санитариялық және рейстік журналдар, қажет болған жағдайда вакцинация туралы халықаралық куәліктер; 2) жолаушы және өзге де көлік құралын дезинфекция, дезинсекция мен дератизация жүргізілгенін растайтын құжаттар; 3) экспорттаушы елдің құзыретті органы берген жүктердің қауіпсіздігін куәландыратын олардың ілеспе құжаттары (санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды (гигиеналық қорытынды, гигиеналық сертификат), тисті (санитариялық, сәйкестік, сапа, денсаулық) сертификаттары. 11. Жеке тұлғаларды (әуе кемелерінің, теңіз кемелерінің және пойыздардың жолаушыларын қоспағанда) санитариялық-карантиндік бақылау Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде Қазақстан Республикасының аумағына инфекциялық және паразиттік аурулардың әкеліну және таралу жағдайларын болдырмау мақсатында тұрақты жүргізіледі. 12. Санитариялық-карантиндік пункттерде тепловизорларды, байланыссыз термометрлерді пайдалану арқылы жеке адамдарға санитариялық-эпидемиологиялық тексеру және осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген инфекциялық және паразиттік аурулар бойынша қолайсыз елдерден келген адамдарға, сондай-ақ келген көлік құралының экипажынан инфекциялық және (немесе) паразиттік ауру симптомдары бар науқастың немесе оған күдікті адамның болуы туралы ақпарат алған кезде сұрау жүргізіледі. Санитариялық-карантиндік пункттерде кезекшілік ауысымының құрамы 2 маманнан кем болмауы тиіс. Санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті тұлғалар командирдің немесе әуе, су (өзен) көлігі экипажының жауапты мүшесінің, пойыз бастығының, автокөлік құралы жүргізушісінің сұрауы бойынша көлік және (немесе) жол құжаттарында көлік құралына санитариялық шаралар қолданғандығы туралы белгі қояды. 13. Инфекциялық және (немесе) паразиттік аурулармен ауыратын науқас анықталған жағдайда халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының уәкілетті тұлғалары мынадай: 1) науқасты денсаулық сақтау ұйымына емделуге жатқызғанға дейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пунктінің оқшаулағышында уақытша оқшаулау; 2) науқаспен қарым-қатынаста болған адамдарды обсервациялауды, медициналық айғақтары бойынша оларды денсаулық сақтау ұйымына емделуге жатқызу; 3) бортында инфекциялық және паразиттік аурулардың симптомдары бар немесе инфекциялық және паразиттік ауруларға күдіті адам анықталған көлік құралында дезинфекциялық іс-шараларды ұйымдастыру бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды жүргізеді. 14. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының уәкілетті тұлғалары жүзеге асыратын санитариялық-карантиндік бақылау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 20 желтоқсандағы № 902 бұйрығымен бекітілген (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілердін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7424 болып тіркелген) санитариялық-эпидемиологиялық тексеру актісі толтырылады, онда қажетті ілеспе құжаттардың болуы, келген көлік құралының түрі және бағыты, жолаушылар мен экипаж мүшелерінің саны, инфекциялық және паразиттік ауруларға күдікті науқастардың болуы, халықтың денсаулығына қауіп төндіретін жүктің атауы көрсетіледі. 15. Келген көлік құралдарында таратушы жәндіктер, кеміргіштер немесе өлген кеміргіштер анықталған жағдайда тиісті аумақтардағы және көліктегі бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлердің санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды жүргізу туралы қаулысы бойынша көлік құралдары жүктерімен бірге (бар болған жағдайда) дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық іс-шаралар жүргізілетін санитариялық тұраққа (санитариялық айлақ, санитариялық алаң, санитариялық тұйық) жіберіледі. Дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау аяқталғаннан кейін санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті тұлға көлік құралының халықаралық медициналық-санитариялық құжатына белгі қояды және өңделген көлік құралдары жүктерімен бірге (бар болған жағдайда) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінеді. 16. Санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті тұлғалар инфекциялық және паразиттік аурулар бойынша қолайсыз елдерге баратын жолаушыларға және туристік фирмалардың өкілдеріне нұсқаулар жүргізеді. Көлік құралдарының персоналы және жүктерге және жолаушыларға қызмет көрсетуге қатысатын әуежайлар, порттардың және вокзалдардың қызметкерлері көліктегі дәрігерлік-ұшқыштық сараптау комиссиясының және көліктегі медициналық ұйымдардың штатына кіретін санитариялық-эпидемиологиялық бейінді мамандары гигиеналық оқудан жылына кемінде 1 рет жиілікпен өтуі тиіс. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 20 наурызда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №10521 болып енгізілді.