17 қаңтарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы – Литва Республикасының Сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалиспен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Литва сыртқы саясат ведомствосының басшысы Қазақстанның 2010 жылғы ЕҚЫҰ-дағы төрағалығын жемісті атқарғандығы туралы айта келіп, қол жеткізілген жетістіктерді жалғастыру мақсатында Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін мәлімдеді. Ол қазақстандық төрағалықтың бірқатар басымдықтары, атап айтқанда, Орталық Азиядағы және ең бастысы, Қырғызстандағы жағдай литвалық төрағалықтың да басты мәселелері болып қала беретінін атап көрсетті.
Қ.Саудабаев өзінің әріптесін ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағалығына отыруына және литвалық төрағалықтың инаугурациясының өтуіне орай құттықтай отырып, сабақтастық принципінің маңыздылығын растады және Литва тарапымен екіжақты негізде де, ЕҚЫҰ «үштігінің» шеңберінде де бірлескен үйлесімді жұмыс жасауға дайын екендігін жеткізді.
Сонымен қатар, тараптар Қазақстан-Литва қарым-қатынасының жағдайы мен болашағын талқыға салды. Тараптар екіжақты ынтымақтастыққа ағымдағы жылдың барысында жоспарланып отырған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Литва Президенті Далья Грибаускайтенің келіссөздері жаңа серпіліс беретініне сенім артты.