19 Қаңтар, 2011

Айгөлек

897 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
Шілде түскелі бері Алматыны булықтыра буған, тымырсыған, тыныс тарылтқан қа­пырық еді ол. Кешелі бері сол қаталатқан аптаптың беті қайтты. Қоңыр салқын самал лебі білінді. Ауық-ауық өткінші жаңбыр да жауып өтеді. Аспан көк теңіздей көгеріп, бір сәт шаңқиып тұрып ашылады. Енді бірде күн көзін ақ түбітше созылған ақша бұлттар жа­бады. Найзадай шаншылған көк терек­тердің басы баяу ғана теңселеді, шаңнан тазарған жапырақтар сыбдырлайды, діріл қағады. Үй іргесінде дамылсыз жүгірген ар­ықтағы су­дың сылдырлаған күміс үні, шы­рыл­даған торғайлардың бірқалыпты у-шуы… Жауын­нан кейін көтерілген ып-ыстық бу… Осы құбылыстың бәріне терезеден көз салған Бақытжан бір жәннат бақтың төрінде отыр­ғандай құмарлық отына балқыды. «Е, бұл «Айгөлегің» енді қандай-қандай жерлерді шарлайды дейсің, Бақытжан!» Ол лебінен жалын ұрған Құрманбек Жандарбековтің тебіреністі лебізін естіп отырды. Телефон шылдыр ете түсті. Бақытжан трубканы көтерді. – Алло, бұл кім екен? – Байқадамовтың үйі ме? – Иә. Бейтаныс қоңыр үн сәл бөгеліп, күр­сінгендей болды. Күдікшіл, секемшіл Бақыт­жан аң-таң. – Алло… алло! Бақытжан дегбірсіздене тұтығып: – Бұл кім? – деді жұқалтаң сіріңке жүзі дуылдап. – Үйіңде телефоның бар екен… – Иә, иә.. – Бұл Мұхтар Әуезов! – М…Мұ- ха-а? Мұхтар аға-а! – Сен өзің отыз сегізінші мектепте мұға­лімсің ғой? – Иә, Мұха-а… – Өзің неше жансың? – Он бір жанбыз. Үй тар. Құрқылтайдың ұясы… Телефон осы. Өзім математикпін. Фи­зикадан да сабақ беремін. – Үнің бір түрлі ғой өзі. Әлде асығып тұрсың ба? – Жо-оқ, Мұха-а. – Телефон соққаным – жазған музыкаң жайында… Мұхтар Әуезовтің сап-салқын зілді үні Бақытжанның мысын басып бара жатты. Ол тілі күрмеліп, тұла бойын біресе ыстық тер, біресе суық тер буды, трубканы ұстаған қолы дірілдеп, Мұхтардың сөз сыңайын күтті. – Іһім, іһім… иә, әуелі өз әулетіңді айтшы? Ептеп хабарым да бар еді, – деп Мұхтар тағы да іркіле тоқтады. Бақытжан бірден не дерін білмей, үндемеді. – Тұқымыңда өнерлі адамдар бар ма еді? – Шегетай деген әжем әнші еді, Мұха, – деді Бақытжан. – Қандай әндері есіңде? Әнді ескілікті кісілер сақтайды ғой. – О, әндері көп еді. Мысалы, «Тойбазар» әні… – Өз шешең ше? Үрзипа жеңгемізді айтамын… – Ә, ән салады, домбыра тартады. Торғайда алғаш рет Кеңес өкіметі орнағанда, әкем екеуі ойын-сауық үйірмесін ұйым­дас­тырған. Әкем де домбырашы, әнші… Әлі есімде, Ахмет аға…– деп Бақытжан ептеп шешіле бастады. – Қай Ахмет? – Байтұрсынов Ахметті айтам, Мұха, – дей бергені сол еді, Мұхтар жұлып алғандай қатқыл үнмен: – Әкең білетін әндер! – деп оқыс бұрып кеп жіберді. Сұсты үннен сасқалақтаған Бақытжан Ахмет аға әкемнен «Харарау» әнін, ал әкем Ахмет ағадан «Аққұмды» өлердей қызығып тыңдаған. Екеуі «О, шіркін, Арқаның ән­дері!» десіп, толғанып отыратын-ды. Әкем­нің дауысы лирикалық баритон еді, Мұха. – «Айгөлектен» бұрын ән жазып па ең? – «Пионер маршы» деген әнім бар. – Тағы… одан басқа… – Одан кейін «Сталин туы астында» деген әнім… – Іһім, – деді Мұхтар ыңырана, – «Айгөлектің» сөзін кім жазды? – Нығымет Баймұқамедов. – Сен… – Мұха… тыңдап тұрмын сізді… – Сен … – деді күрсіне қиналған Мұхтар, – мақтаныш үшін балалық жасап… өзің жеңілтек екенсің… әлгі бір кісінің… түсініп тұрсың ба? Неге үндемейсің? Бұл сөз зер­деңе жетпеді-ау, Ахмет Байтұрсыновтың есімін ауызға ала берме… Ал жақсы, – деді Мұхтар салқын ғана мырс етіп, – жақсы! Түкке түсінбей дал болған Бақытжан қыл үстінде қылтылдап есі шықты. – «Жақсы» деп тұрғаным – үлкен жүрек сүйінішім. Көп-көп ойлап, айтсам ба, деп жүрген ойым еді, Бақытжан інім. Сен бала емессің, өмірдің не екенін біле бастадың, аңғалдығың да бар шығар. Оған мінезің, жастығың кінәлі… – Иә, Мұха, иә… – Көп бейбақ өз жолын таба алмай сенделеді. Шатпырақтап діңкелейді. Сөйтіп, ол өнерпаз болса кәні… әрі-сәрі боп, сандалып орта жолда қалады. Сен өз жолыңа түсіпсің, Бақытжан, ол – оңай жол емес. Бұл таңдауды саған сәулелі музыка арқылы тәңірдің өзі беріпті. Музыкант боп, музыкамен өмір сүр­генге не жетсін. Соның нұры, соның лебімен аяғыңды еркін, нық бас. Тәлтіректеме. Жан-жағыңа жалтақтама. Хас жүйрік тек алдына ғана қарайды. Төтенше пәледен аман жүр, айналайын… – Мұха, бір көмегіңіз… – Иә… – Мұха… мына телефон сор болды маған. Шылдырлайды. Зәрем қалмайды. Қорқам. «Бұл кім?… Байқадамов па?» Осы бір суық үн… – Білемін ол жайды, – деп Мұхтар оның алдын кесе сөйледі. – Мені НКВД… – Өте жақсы би – «Айгөлек»! – Әкем үшін НКВД… – Енді Шараның ансамбліне де жол ашық! Ол «Айгөлекпен» жайнайды. Қандай көркем би! Дүние Шараның үйіріле толқыған лебімен дөңгеленіп жатады. «Айгөлегің» шаттық ша­пағы боп шашыла берсін, Бақытжан! – Мен сізге әкемнің жайын айтайын деп… – Мен не деп тұрмын? Сен не деп тұрсың? Талант пен түйсік екі дүние ме? Бірден сөз ұқ­пайтын несің өзің? Саған енді не деуім керек? – Өлетін болдым, Мұха… Мұхтар көкірек кере күрсінді. Уһілеп тұрып шаршаулы сөзін қайта жалғады: – Көп өмір алда, оған келе-келе көзің жетеді әлі. Се­нің сыбағаң – өнерде. Онда өз үлесің бар. Өнер жолы – қақ­ты­ғыс… тартыс... егес… әрі рахат! Бәр – бәріне «Ай­гө­­л­егіңдей» жарқын музыкаң жар бола жүрсін, ай­налайын. Шараның назарына қалай жақсы ілік­кенсің. Жөн-ақ! Мен сені өзім іздеймін. Бәр-бә­рін ақылға жеңдіргейсің. Осымен сөз тәмам… Бақытжан да көкірегін қысқан өксіктен сәл жеңілдегендей боп, әйтсе де таңғалысты күйде трубканы жайлап орнына қоя берді. Жүзі суыңқырап ойға батты. «Өте жақсы би – «Ай­гөлегің»! Осы сөз салқын тартқан жүрегіне дыз еткізіп қан құйды. Мұндай толғаныс үстінде ой да жүйрік. Бірі ұстатпай қашады, бірі үйіріліп өзі келеді. Ол сәл езу тартып, әлденеге сүйсінгендей болды. Бірақ, көз алдына тағы да мұң пердесі тартыла қалды. «Жоқ, сен енді жасқанып, тартына берме, Бақытжан! Оу, мен де бірдемені сеземін. Менде де ән ұғатын түйсік бар. Мына «Айгөлек» өз жүрегіңнің лүпілі. Бұл баяғы әжелер айтатын «Айгөлектің құлпырған, өзгеше түрленіп, жаңарған түрі. Сен мұның қолтығын сөгіп, адымын ұзартып, айдынын кеңейтіп жібердің. Бұл сенің өз «Айгөлегің!» Кім? Кім айтушы еді бұл сөзді? Бақыт­жанның көзін ыстық жас күйдіріп өтті. Кеше ғана сонау Орал облыстық комсомол комите­тінің хатшысы болып, жайнап өсіп келе жатқан жездесі, Данабикенің жан жолдасы Арыслан Қожахметов осылай демеуші ме еді. Міне, үшінші жыл… Арыслан жездесі жоқ енді. «Қарғыс атқыр отыз жетінші жыл!». Бақытжан орнынан тұра бергенде сырттан Данабике апасы жұлқына сөйлей кірді. – Әділет бар! Ол жоқ болса мына дүние тұл болар еді. Ақтық демім біткенше арпалысып көрейін. Өлген әкем тірілмейді. Бірақ, аруағын өлтіре қоймаспын! Данабике реңі қашып, состиып тұрған Бақытжанға бір қарап қойды да қалшылдаған күйі кереуеттің шетіне отыра кетті. Бақытжан не болғанын білді. НКВД-ға барған күні Данабике дәл өстіп қаны қарайып, бүлініп келеді. «Бүгін де НКВД…» деді сарыла уайым шеккен Бақытжан. Оған Бақытжанның өзі де жиі-жиі шақырылып жүрген-ді. Есіл әке… Байқадам Қаралдин! Торғай елі­нің бір марғасқасы! Кешегі Амангелді батыр­дың жан серігі! Енді сол Байқадам Қаралдин «халық жауы!» 1880-92 жылдары Торғай өңірін екі рет сұрапыл жұт тұралатты. Қараторғай болысы Баймұрат пен оның ұлы Айтқұл би – бұлар Байқадамға шөбере боп келеді. Айтқұл мен Байқадам малдан басқа еш қарекеті жоқ бейғам елге егін егуді үйретіп, қырықтан астам әулетті аштықтан құтқарды. Дала қазағының өмірінде кездесе бермейтін осындай істері үшін Айтқұл мен Байқадам күміс медаль алды. Байқадамның бір «кінәсі» осы! 1904 жылы 12 маусым күні Байқадамның басшылығымен Торғай өзеніне көпір салынды. Бұл патша үшін емес, ел үшін істелген іс еді ғой. Ал, 1909 жылы Торғай мен Сырдария об­лыстарының жер-суын, жайылым-қыстауын зерт­тегені үшін губернатор Страховский Бай­қадам Қаралдинге алғыс жариялады. Тырнақ астынан кір іздеген пәлеқорға бұл – Байқа­дамның екінші «кінәсі». 1910 жыл, 5 қараша. Байқадам Қаралдин Қабырға өзенінің үстінен Албар бөгет су жүйе­сін тартты. Егін жайқалды. Орынбор губерна­торы Эварсманнан тағы да бір алғыс. Бұл – үшінші «кінә». 1910 жылдың 20 қарашасынан Байқадам Торғай уездік басқармасында колледждік регистратор. Тілмаш! Орайын келтірсе бұл да «кінә» екен. Ал 1928 жылдың 30 қазаны күні Батпаққара ауданындағы екінші ауылдың азаматы Байқа­дам Қаралдинді бай деп мал-мүлкін конфискіледі, оған Амангелді батырдың өліміне кінәлі деген айып тағып, жалған қауесет таратылды. Арада алты жыл өтті. Бақытжан жетінші жылы КазПИ-ді бітірді. Алматының кітапхана техникумында сабақ беріп жүріп, қызметтен қуылды. Одан отыз сегізінші, отыз тоғы­зын­шы… міне, қырқыншы жыл… Әлі үрейлі. НКВД-ға бірде Данабике, бірде Бақытжан шақырылады… Ал, өмірді қара! Оның өз заңы, өз әуені бар. Польшасынан безіп, шерменде боп жүріп, қасі­ретті жанарынан үзілген ыстық тамшы қуа­тымен небір нұрлы музыка төккен Шопен тә­різді осылайша бір сүйсіндіріп, бір күйіндірген аумалы-төкпелі күндерде бұл Бақытжан «Ай­гөлегімен» дүниені таң шапағына бөлегісі келеді. Ә, ол солай болды да ғой. Мұхтар Әуезовтің жаңағы бір сөзі! Оны ол күтіп пе еді? Екінің бірі нана ма соған? «Жо-жоқ, өмірде зұлым­дықтан басқа жақсылық бар, махаббат, мейірім бар. Мұхтар ағай сияқты зиялы жандар бар». «Айгөлек» – дәл осы тұнжыратқан ауыр сәтте де оны сергітіп, есін жиғызды. Телефон безек қақты. Екеуі онша қозғала қоймады. Әрқайсысы өз ойымен әлек. – Бар. Тыңдашы, Бақытжан! Бақытжан түрі бұзыла тү­­регеліп барып телефон труб­касын көтерді: – Ал… не? – деп айғай салды. Данабике селк ете қалды. – Өй! Есің дұрыс па? Қызарып кеткен Бақыт­жан Данабикеге көз қиығын салған да жоқ. Трубканы сы­ғымдай ұстаған күйі: «Тағы терге! Апар да жап!» – деген күйі қалш-қалш еткен оның жүзіне кенет қызыл бояу жүгірді. – А? Құдай атты мені, аға… Құрманбек ағасыз ба? Оу, Құреке… Мен сізді әлгі бір қыли көз тергеуші ме деп… Сол ғой басқан ізіме шы­рақ алып түсіп... Алла-ай, үніңіз қатты ұқ­сай­ды екен. Ол да қырылдап сөйлейді, пәт­шағар… – Кешіріңіз, репетиция дейсіз бе? Барам. Кешкі жеті. Әлі екі-үш сағат бар. Мұхтар аға да репетицияға келе ме? Ғажап-ай! Маған Мұхтар аға телефон соқты. Әлгінде ғана… Өзі бөгеліп-бөгеліп сөйлейді екен. Алғашында тіпті кім екенін танымай… тағы да НКВД-ның біреуі ме, сыз­дап тұрған деп, зәрем кетіп… Жоқ, бірте-бірте жұмсақ қоңыр үні ашыла түсті. Мұхтар аға екенін біліп, уһ дедім ішімнен. «Айгөлекті» жақ­сы көріп дейсіз бе? Иә, Мұхаң онысын айтты. Данабике Бақытжанға тесіле қадалған күйі жетеді дегендей ыңғай танытты. – Біздің Данаш апай мені көп сөйлеп кеттің деп ұрсып тұр, – деп лақ еткізген Бақытжан Құрманбекпен сөйлесіп бітті. Данабике екеуі біразға дейін үнсіз түйілді. – Жаңа ғой, Мұхтар Әуезов телефон соқты десем, нанбас едің, Данаш, – деді Бақытжан. – Қосып жіберетін әдетің бар. Кей сөзіңе сенбейтінім рас, – деп Данабике зорлана езу тартты. – Мұхаңның пейілі дұрыс екен маған, – деді Бақытжан Данабикеге жығыла сөйлейтін әдетімен. – Біз қажыдық дейміз ал. Мұхаңның тау­қыметі… Заман түзу болса Мұхаңдай адам­ның әр сөзі дәру боп, болашақ үшін іске асып жатар еді ғой. Шараның ансамблі үшін де сөйлесіп көріп еді, жоғарғы жақпен, сөзі өтпеді. Соған қиналғанын көрсең. Бірақ, күңірене күн кешкен Мұхаң сынды даналардың көреген ойының бағын ашатын оңтайлы сәт туар бір. Іштей со­ны тілейік деген Данабике енді бір сәт Бақыт­жанға емірене көз салды. О, ебелектей елпілдеген құлыным! Мұхаң… Күләш… Шара… Құр­манбек… Осы кісілердің көлеңкесінде жүрсең, тарыға қоймассың. Бар, бүгінгі репетицияға! Шараның әр биі бір ғажайып өмір емес пе?! Бақытжан тағы да «Айгөлектің» партиту­расын алдына жайып салып, ойға шомды. Оған әр нота жұлдыз боп жарқырады, таңғы шықтай мөлтілдеді. Партитурадан Алматының гүлді алаңының жұпарын жұтып, Алатаудың мың бұралған өзендерінің ерке толқынын көрді. Бақытжанның көкірегі би әлемі боп дүбір­леді. «Айгөлектің» партитурасына тағы бір үңіле беріп еді, Құрманбекпен, Шарамен жүз­дескен күні есіне түсті. Алматыдағы Амангелді атындағы отыз сегізінші орыс-қазақ орта мектебі… Бір күні, иә, отыз тоғызыншы-қырқыншы оқу жылының ба­сын­да қалалық комсомол комитетінің тап­сыр­масы бойынша Күләш Байсейітова, Шара, Құр­манбек Жандарбековтер келіп, оқушы­лар­дың өнерпаздар үйірмесінің жұмысына қызу кірісіп кеткен-ді. Бақытжан осы мектепте мұ­ғалім, оған қоса оқушылар хорын, оркестрін басқарады. Кезекті бір әзірліктің аяқталған кезі. Бір топ қыз «Айгөлекке» билеп жүрді. Сәлден соң әртістер де, балалар да жөн-жөніне тарады. Бір кезде жұрттың соңын ала шыға берген Құр­манбек: – Бақытжан інім, сен ертең кешке біздің үйге келіп, бір шай ішіп кетші, – деді. Сәл аңырып қалған Бақытжан: – Жақсы, аға! Келем! – деді ыңғайсыздана қысылып. Ертеңінде Бақытжан Фурманов пен Калинин көшесінің қиылысқан же­ріндегі зәулім сұр үйде Шара мен Құр­ман­бектің сый-құрметін көріп, жиһаз толы сәу­летті кең залда көңілі өсіп отырды. Сыртта қаңтар айының сықырлаған аязы. Дәм үстінде Құрманбек Бақытжанды бірден сөзге тартты. – Сенің біраз әндерің бар екен, Бақытжан. Музыкадан да білімің жап-жақсы сияқты. – Орынборда Әліби Жангелдин ашқан үлгі-тәжірибе мектебін естуіңіз бар шығар, сол мектеп 1926 жылы Қызылордаға қоныс аударды. – Білем. – Осы мектепте Владимир Першин деген музыканттан сауат аштым. Өзі өте қайырымды, ізетті, елгезек жан еді. Шекті аспаптар оркестрінде ойнадым. Хорға қатыстым. Әлгі кісі маған бар алтын уақытын бөліп, музыка теориясынан да дәріс берді. – «Айгөлегің» жайлы айтшы, – деді осы сәт Шара әңгімеге араласып. – «Айгөлекті» мен отыз жетінші жылдың аяғы, отыз сегізінші жылы біраз ойлап жүріп… Одан отызыншы жылы атылған әкемнің «кінә­сі» үшін біз қуғынға түсіп… сондай жағдайда отыз тоғызыншы жылы ақыры ән ғып шығар­дым. Оны әуелі өзімнің екі қарындасым Күнім­жан мен Айсұлуға үйреттім. Екеуі де өзім істеп жүрген отыз сегізінші мектепте оқиды, – деді Бақытжан мұңая сөйлеп. – Ә, інім, өтті ғой бір күндер. Құдай енді оның бетін аулақ қылсын, – деп күрсінді Құр­манбек. Үшеуі үн-түнсіз сарғайды. – Сен «Айгөлекті» ән дейсің, – деп мылқау тыныштықты бұзған Құрманбек – Ал, мен… – Мен де! – деді күлім қаққан Шара жеңіл күрсініп қойып. – Біз… Құрекең екеуіміз «Ай­гө­лекті» би дейміз! Би! Төгіліп, үйіріліп тұр өзі. – Қане, ептеп  айтып көрші «Айгөлекті»… Бақытжан қипақтады. Жүзі өртенді. Екі иығын ебедейсіз қозғап қойды. Шараның отты жанары шыдатпады. Жайлап орнынан тұрды. Шамы жарқыраған кең залда қалы кілем үс­тінде қамшыдай қатқан қағылез жігіт қараторы жүзі алаулаған күйі саусақтарын сыртылдата ойнатып, құшағын жая әндетіп, билей жөнелді. Әннің екінші шумағында Құрманбекті ша­быт қысты, «Айгөлектің» үшінші шумағы Ша­раны да тыныш отырғызбады. Енді бір сәтте еліктің лағындай лып-лып етіп, ақ шәйі көйлегінің етегі ұршықтай үйіріле жазылып, екі көзі жақұттай жалтылдаған Шара билеп бара жатты, Бақытжанмен қатарласып. – Міне, жігіт! Маған ұқсайтын жерің осы! – деп Құрманбек сақ-сақ күліп, екі алақанын шапалақтап, жер-көкке сыймай қуанды. Шара мен Бақытжан «Айгөлекті» қайта-қайта биледі... Отырыс соңында Құрманбек ойланып-толғанып сөйледі: – Бұл қаңтар айы, Бақытжан. Орталық комитеттегі жауапты кісілер біздің ойымызды енді түсінген сияқты. Айтқан уәжіміздің бә­рін құп алды. Байқаймын, Мұхтар Әуезов ағаң­ның ықпалы болды-ау деймін. Өзінен сұрауға батпай жүрмін. Мұндайды өзі де айта бермейді. Бірақ, ішіміз біледі. Бір ниеттеміз. Ісіміз оңға басқан сияқты. Армениядан аса білікті балетмейстер Илья Арбатов ша­қырылып отыр. Ол кісі Шараны бұрыннан біледі. Шараның біраз билері қазірдің өзінде әзір ғой. Үлкен театр балетінің солисі Александр Артемьевич Александровты естуің бар ма? Шараға хореография есігін ашқан осы кісі. – Ой, Құрекем-ай, білімпаз балетмейстер мен үшін тәңір ғой, – деді Шара жанары жарқ-жұрқ етіп. – Әлбетте, Шара! Міне, Бақытжан, «Был­­­қылдақ», «Балбырауын», «Келіншек», «Ай­жан­қыз», «Қаражорға»… тағы не бар? Е, «Са­дақ» биі. Енді сенің «Ай­гөлегің»! Ой, Мұхтар Әуезовтің бұған деген ықыласы. Кей­де ол кісі бала боп кете ме, қызық. Сенің осы әніңе қандай-қандай асыл сөздерін төк­ті! Кез келген зиялы жандардан ести береміз бе мұндай көңіл хошын, а?! Жә… Біраз жай айтылды. Алғашқы премьера – наурыз айында! Көктем шыға Алматыда филармония залында Шара ансамблінің премьера концерті болды. Дүниеге бір-ақ рет келген сұлулық періштесі сынды Шара ақ білегі ақ шабақтай ойнап, айдын көл­ді сызған аққуша қанат жайып, «Ай­гөлектің» былқ-былқ еткен ерке назды әуенімен сынаптай сырғыды; шарасы кең жақұт жанарына жайнаған жалған­ды жарқырата сыйғызып, ұлы тіршілікке шуақ таратып, ой, бір толықсыды-ай төгіліп! Толықсыды-ай! Көлдей шалқып жас өмір, Тасып жатқан шағында, Кемерінен шалықтап, Асып жатқан шағында, Ойын ойнап, ән салмай, Өсер бала болар ма, Күміс күлкі көрмей ол, Кемеліне толар ма, Айгөлек-ау, Айгөлек, Айдың жүзі дөңгелек. Айгөлек, деп ән шырқа, Ел бөбегі, кел, бөбек! – деген өлең жолдарына іштей қо­сыл­ған жұртшылық Шарамен бірге ырғалды. Концерт бітті. Сахнаға жапатар­ма­ғай жүгіре шығып, Шараны құттықта­ған жандардың дабыр-дүбірі басылып, зал бос қалған сәтте бірінші қатарда бағаналы бері сабыр сақтап тұрған үлкен шоғыр – Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов, Ахмет Жұба­нов, Ғабит Мүсірепов, Күләш, Қанабек Байсейітовтер, Құрманбек Жандарбеков пен Ба­қытжан Байқадамов… және Шараға ықылас­т­ы опера театрының бишілер тобы жүздері гүл-гүл жайнап, жүректері лүпілдеп тұрды. Осы кезде Мұхтар Әуезов: – Шара, сен енді мына Бақытжанға бұрыл. Біздің Бақытжан інімізді дәл қа­зір өң мен түс арасында десек болады. Әлі тол­қулы. Бәйбішелердің сонау бағзы замандар­дан бері балаларды өбектеп, еркелете ойна­татын қарапайым ғана әнінің ескі жұрнағы боп жеткен келте қайырмасынан қандай тамаша ән өріп шығарған, бұл Бақытжан! Оны сен, Шара, қандай көркем би етіп шалқыт­тың бүгін! Мезгіл сынына төзіп баққан шынайы өнер еш уақытта өлген емес. «Ай­гөлек» соның жарқын дәлелі, – деді толғана іркіліп. – Ал Бақытжанға әр шығармаңды ха­лықтың төл әуезімен тамырлас қып, соған, тіпті, ұқсас етіп… кейбір жүні жығылып, бағы ашылмай жүрген жұпыны нұсқалардың реңін құлпыр­тып, мүше-мүшесін жетілдіріп, өзге әндермен иығын теңестіріп, бойын түзеп, жетер жеріне жеткізіп, оны қайта тірілтіп, осылайша шығара бер, деп тілек білдіремін. Шара төгілте билеген сайын «Айгө­лек­тің» рахатын көрді, талай елдің сахнасына шырай беріп, қазақтың ұлттық биінің клас­сикалық құдіретін танытып, мерейін көтерді. Бұған қыруар мысалдардың ішінен біреуін-ақ айтса да жеткілікті. Қытай Халық рес­публи­ка­сы­ның астанасы Пекинде болатын ресми салта­натты жиындарда Шыңжан өлкесіндегі қазақ­тардың өнер жұлдыздары әзірлеген концерттерде Абай мен Майраның әндеріне қоса, міндетті түрде «Айгөлек» биін орындау әдетке айналған. Өйткені, Қытай халқының ұлы кө­се­мі Мао Цзе Дун «Айгөлекті» ерекше сүйген. …1960 жылдың ақпанының жиырма­сын­шы жұлдызында Бақытжанның әкесі Байқа­дам Қаралдин ақталды. Сол жылдың жаз ай­ында Мұхтар Әуезов Америка Құрама Штат­тарында болып қайтқан сапарын жер-жерде сел-сел әңгіме етіп, жиі-жиі кездесулер өт­кізді. Мерейі тасыған сол күндердің бірінде ол Бақытжанға телефон соғып: – Шіркін, өмір! Қалай-қалай құбылады, ә? Сол бір үрейлі, қатерлі жылдарда сүйікті әкеңнің қайғылы тағдырына күйіп жүріп, әр нота­сы­на көз жасың тамған «Айгөлегіңнің» шат­тық биі боп шығатынын ойладың ба, ойламадың ба, ол өзіңнің жан құпияң. Сонда не құдірет бұл?! Жазмыш тәлкегінен жеңілмейтін, шегінбейтін жанның әлуеті, пәрмені ме? Кейде адамның жылап отырып күлетіні рас бол­ға­ны ма, Бақытжан інім? Сұлулық өлмейді. Әділет өлмейді. «Айгө­лек» менің жүрек сүйінішім. Шара қартай­маса екен деп тілеймін! – деді. Бұл – «Айгөлекке» іңкәр көңілмен шексіз берілген Мұхтар Әуезовтің соңғы сөзі болды. Илья ЖАҚАНОВ.