19 Қаңтар, 2011

Жеті – қасиетті сан

702 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Өткен дүйсенбі күні кешкі са­ғат жетіде Атыраудан Орал әуе­жайына жетінші қысқы Азия ой­ындарының алауы келіп жетті. Бұған дейін Қазақстанның алты қаласын аралап өткен алауды жетінші болып қарсы алу бақыты ба­тысқазақстандықтарға бұйыр­ды. Жеті халқымыздың ұғымы мен наным-түсінігінде киелі әрі қасиетті сан. Мұны алау эста­фе­тасы өкілдерін жылы жүзбен қар­сы алған қала жұртшылығы мен өңірдің спортсүйер қауымы жақ­сы ырымға жорыды. Ақжайыққа аялдаған Азиада алауының жеті санына қатысты тұстары тек осымен тұсалмайды. Алау құтысын алып жүгір­ген­дер­дің бағыты Жайық жағасындағы Жеңіс алаңын қоса есептегенде Ор­ал қаласының артық та емес, кем де емес тұп-тура жеті көше­сін қамтыды. Бұлар Пугачев, Дос­тық, Еуразия, Құрманғазы, Мән­шүк Мәметова және Ықсанов кө­шелері. Не де болса, эстафетаны жеті санына туралайық деген ой оны ұйымдастырушылардың үш ұйықтаса түстеріне де кірмепті. Мұны сәйкестілік дейсіз бе, тілек­тердің тоғысуы дейсіз бе, қалай десеңіз де жеті саны Ақжайыққа аяқ басқан Азиада алауының еншісіндей көрінді. Осы мерейлі шараға байла­ныс­ты Жайық жағалауындағы Же­ңіс алаңына жиналған мыңда­ған қала тұрғындары алдында Батыс Қазақстан облысының әкі­мі Бақтықожа Ізмұхамбетов құт­тық­тау тілегін былайша жеткізді. – Бірнеше ғасырлық тарихы бар Қазақ елінің көне де жаңа қаласы Оралда ақ Олимпия алауы тұңғыш рет тұтанып отыр. Астана мен Алматыдағы қысқы Азия ойындарының ашылуына санаулы күндер қалды. Бұл тек спортсүйер қауым ғана емес, барлық республика жұртшылығы үшін өте жауапты шақ. Халқымыз бен өр­кениеттер арасындағы өзара түсі­ністікті спорт арқылы тереңде­туге болады. Бұл ретте төрімізге енгелі отырған Азиада ойындары да елеулі рөл атқармақ. Іске сәт! Бұдан соң салтанатты шеруді бастау үшін ортаға алау сақшы­ла­ры шақырылды. Алау эстафетасы дирекциясы басшысының орын­ба­сары Сәрсен Құранбек алау жа­ғылған құтыны Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Із­мұ­хамбетовке тапсырды. Сол сәт­те ол сахна тұғырынан түсті де, алауды алып белгіленген бағыт бойынша Пугачев көшесінің бо­йымен жүгіре жөнелді. Облыс бас­шысы эста­фета­ны бұдан соң белгіленген қа­шықтықта өзін күтіп тұрған Ба­тыс Қазақстан облысының проку­ро­ры Жақсылық Байтұқбаевқа бер­ді. Алау шерушілері осыдан соң біріне-бірі жал­ғасып кете барды. Түске дейін және түстен кейін өткізілген алау эстафетасының екі кезеңіне 60 алаугер қатысып, 12 шақырымды жүгіріп өтті. Ол­ардың арасында спортшылар мен өнер жұлдыздары, мәдениет қай­раткерлері, саясаткерлер мен бюджет қызметкерлері бар. Алау­гер­лердің арасынан біз қазақтың ақ­ын қызы Ақұштап Бақтыге­ре­ева мен әнші-композитор, Қазақ­стан­ның халық әртісі Ескендір Ха­сан­ғалиевті кездестіріп қал­дық. Апа­мыз бен ағамыз көңілді. Жас­тар­ға жақсы тілектерін айтып жатыр. Алау эстафетасының қорыт­ын­­дысы кешке мұз спорты сарай­ын­да өтті. Ол сәнді де мәнді, көрікті де келісті, асқақ та айшықты мерекеге айналды. Оның осындай биік талғам деңгейінде ұйым­дас­тырылуына Батыс Қазақстан об­лыс­тық спорт және денешынық­тыру басқармасының бастығы Мү­сілім Оңдағановтың үлкен үл­ес қосқанын айта кеткен жөн. Қазақстанның жетінші қаласында өткізілген алау эстафетасының соңы самбо күресінен бірнеше дүркін Азия чемпионы, әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы Медет Оңдағановтың қолына тиді. Ол мұз алаңын айналып өтіп алауқұтыны жақты. Ақжайыққа алау эстафетасы келген күні биылғы қыста тұң­ғыш рет ақша қар жауып тұрғын­дарды қуанышқа кенелтті. Бұл ол­ардың көптен күтіп жүрген қары еді. Ия, бұл жай Азиада емес, ақ Азиада ғой. Ендеше, мұның да жеті саны секілді өте жақсы ны­шан екеніне талас болмаса керек. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы. ––––––––––––––––––– Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ.