Өткен дүйсенбі күні кешкі сағат жетіде Атыраудан Орал әуежайына жетінші қысқы Азия ойындарының алауы келіп жетті. Бұған дейін Қазақстанның алты қаласын аралап өткен алауды жетінші болып қарсы алу бақыты батысқазақстандықтарға бұйырды. Жеті халқымыздың ұғымы мен наным-түсінігінде киелі әрі қасиетті сан. Мұны алау эстафетасы өкілдерін жылы жүзбен қарсы алған қала жұртшылығы мен өңірдің спортсүйер қауымы жақсы ырымға жорыды.
Ақжайыққа аялдаған Азиада алауының жеті санына қатысты тұстары тек осымен тұсалмайды. Алау құтысын алып жүгіргендердің бағыты Жайық жағасындағы Жеңіс алаңын қоса есептегенде Орал қаласының артық та емес, кем де емес тұп-тура жеті көшесін қамтыды. Бұлар Пугачев, Достық, Еуразия, Құрманғазы, Мәншүк Мәметова және Ықсанов көшелері. Не де болса, эстафетаны жеті санына туралайық деген ой оны ұйымдастырушылардың үш ұйықтаса түстеріне де кірмепті. Мұны сәйкестілік дейсіз бе, тілектердің тоғысуы дейсіз бе, қалай десеңіз де жеті саны Ақжайыққа аяқ басқан Азиада алауының еншісіндей көрінді.
Осы мерейлі шараға байланысты Жайық жағалауындағы Жеңіс алаңына жиналған мыңдаған қала тұрғындары алдында Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов құттықтау тілегін былайша жеткізді.
– Бірнеше ғасырлық тарихы бар Қазақ елінің көне де жаңа қаласы Оралда ақ Олимпия алауы тұңғыш рет тұтанып отыр. Астана мен Алматыдағы қысқы Азия ойындарының ашылуына санаулы күндер қалды. Бұл тек спортсүйер қауым ғана емес, барлық республика жұртшылығы үшін өте жауапты шақ. Халқымыз бен өркениеттер арасындағы өзара түсіністікті спорт арқылы тереңдетуге болады. Бұл ретте төрімізге енгелі отырған Азиада ойындары да елеулі рөл атқармақ. Іске сәт!
Бұдан соң салтанатты шеруді бастау үшін ортаға алау сақшылары шақырылды. Алау эстафетасы дирекциясы басшысының орынбасары Сәрсен Құранбек алау жағылған құтыны Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке тапсырды. Сол сәтте ол сахна тұғырынан түсті де, алауды алып белгіленген бағыт бойынша Пугачев көшесінің бойымен жүгіре жөнелді. Облыс басшысы эстафетаны бұдан соң белгіленген қашықтықта өзін күтіп тұрған Батыс Қазақстан облысының прокуроры Жақсылық Байтұқбаевқа берді. Алау шерушілері осыдан соң біріне-бірі жалғасып кете барды.
Түске дейін және түстен кейін өткізілген алау эстафетасының екі кезеңіне 60 алаугер қатысып, 12 шақырымды жүгіріп өтті. Олардың арасында спортшылар мен өнер жұлдыздары, мәдениет қайраткерлері, саясаткерлер мен бюджет қызметкерлері бар. Алаугерлердің арасынан біз қазақтың ақын қызы Ақұштап Бақтыгереева мен әнші-композитор, Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиевті кездестіріп қалдық. Апамыз бен ағамыз көңілді. Жастарға жақсы тілектерін айтып жатыр.
Алау эстафетасының қорытындысы кешке мұз спорты сарайында өтті. Ол сәнді де мәнді, көрікті де келісті, асқақ та айшықты мерекеге айналды. Оның осындай биік талғам деңгейінде ұйымдастырылуына Батыс Қазақстан облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағановтың үлкен үлес қосқанын айта кеткен жөн. Қазақстанның жетінші қаласында өткізілген алау эстафетасының соңы самбо күресінен бірнеше дүркін Азия чемпионы, әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы Медет Оңдағановтың қолына тиді. Ол мұз алаңын айналып өтіп алауқұтыны жақты.
Ақжайыққа алау эстафетасы келген күні биылғы қыста тұңғыш рет ақша қар жауып тұрғындарды қуанышқа кенелтті. Бұл олардың көптен күтіп жүрген қары еді. Ия, бұл жай Азиада емес, ақ Азиада ғой. Ендеше, мұның да жеті саны секілді өте жақсы нышан екеніне талас болмаса керек.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.
–––––––––––––––––––
Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ.