АЗИАДА АТРИБУТТАРЫ
Осы күндері Азиада алауы еліміздегі саяхатын жасауда. 11 қаңтар күні тұтанып, Әл-Кувейт қаласынан Алматыға жеткізілген алау Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтау, Атырау, Орал қалаларына барып, бүгін Ақтөбе, ал ертең Қостанай қаласында сапарын жалғастырады. Жуырда біз Қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасының дирекциясы басшысының орынбасары Сәрсен ҚҰРАНБЕКТЕН осы салтанатты шараның басты атрибуты саналатын алау құтысы, тасымалданбалы оттығы мен жылжымалы қазандығы жайында мәлімет беруін өтінген едік. Соны назарларыңызға ұсынып отырмыз. Алау эстафетасы атрибутикасының негізгі өрнектері, дизайнерлік шешімдерінің бәрі қазақстандық өнер өкілдерінің туындысы. Осының ішінде биылғы Азиада алау эстафетасының ең басты атрибуты – алау құтысы. Жалпы, от қазақтар үшін бағзыдан бері тазару мен түлеудің, жаңару мен жасарудың рәмізі болып саналады. Осыған байланысты рәсімдер мен ырымдар күнделікті тұрмыс-тіршіліктің ажырамас атрибутына айналған. Мысалы, жаңа туған нәрестені бесікке бөлемес бұрын оны отпен аластаған. «Үй», «шаңырақ» ұғымдарымен сабақтас «от басы», «ошақ қасы», «отау», «отағасы» деген сөздер өзгеше қадір-құрметке ие. Қыз ұзатып, күйеу келтіргенде, «От Ана, Ұмай Ана, жарылқа» деп жанып тұрған отқа май құйған. Ұлы даланың тұрғындары сапарға шыққан көшті, сондай-ақ ант берген кісіні екі оттың ортасынан өткізген. Отқа қатысты тыйымдар да өз алдына: отқа түсірмейді, оттан аттамайды, отқа су құйып өшірмейді, оттың шоғын баспайды, күлін шашпайды сияқты ырымдарды айтуға болады. Яғни, отты өшірмеу шырақты сөндірмеу – қазақтардың мифтік-түсінігі бойынша оның киелі күш, қасиетті құбылыс екендігін меңзейді. Сондықтан белгіленген бағдарға сәйкес Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап шығатын Азиада алауы тазару, түлеу, жаңару, жасару секілді символдық мән-мазмұнды халықтың санасында қайта бір жаңғыртты. Алау құтының бітім-болмысы да байырғы ұлттың нышандарымен үндестіріліп, қос қымбат металл алтын мен күмістің үйлесімінен жасалған. Оның тұла бойы күміспен күптелген. Қазақ зергерлері күмісті айрықша әспеттеп, ол адамды тіл-көзден сақтайды және тазартады деп сенген. Астрологиялық таным бойынша күміс айдың нұрына теңестіріліп, оған магиялық сипат телінген. Мысалы, шілдехана кезінде сәбиді күміс теңге салынған ыдысқа шомылдырып, «Баланың күші күмістей жарық болсын!» деп тілек айтқан. Алау құтысының аузындағы жасанды жалыны мен алауды ұстап жүрушілер ұстайтын сабы алтынмен апталған. «Алтын» сөзінің «алау» сөзімен түбірлес екендігі және от пен күнді ишаралайтыны белгілі. Есік қорғанынан табылған «Алтын Адамның» осы металдан тоқылған киімі ежелгі дәстүрден хабардар етеді. Сөйтіп, алау құтыдан Жер – Ай – Күн жарасымының, яғни ғаламдық келісімінің тұспалы танылады. Алау құтыға, еліміздің мемлекеттік Туы мен Елтаңбасындағы секілді қазақтың ою өнерінің айтылу айшығы – «Қошқар мүйіз» стиліндегі өрнек салынған. «Қошқар мүйіз» – билік пен берекенің, ірілік пен ізгіліктің көркем бейнесі. Сондай-ақ мәңгіліктің метафорасы. Оның семантикасынан «Citius, Altius, Fortius» – «Жылдамырақ! Биігірек! Күштірек!» деген олимпиялық ұранды айтуға болады. Жалпы айтқанда, өзі де мүйіз пішіндес алау құтыдағы «қошқар мүйіз» өрнегі арқылы Азиаданы қабылдап отырған елдің дүниетанымдық ерекшелігі көрініс табады. Азиаданың алау құтысын олимпиялық ойындардың атрибуттарымен айналысатын қытайлық компания әзірледі. Қазіргі таңда мұндай атрибуттарды жасайтын төрт компания бар. Олардың екеуі Италия мен АҚШ-та болса, тағы екеуі Қытайда. Енді алау құтысының пішініне келсек, оның ұзындығы 65-66 см. Алау құтысының сыртқы келбеті көнеліктің рухын көрсетсе, іші заманауи технологиялық құрылымдардан тұрады. Алауды қақ ортасынан бұрап ашуға да болады, оның жоғарғы жағынан шағын, жану ұзақтығы 1 сағатқа дейін жететін газ баллоны бекітілген. Бұл алғашқы Азиада алауы болғандықтан, оның Бейжің Олимпиадасы алауына ұқсас жерлері көп болды. Оның үстіне алауды қытайлық компания өздеріне ұқсатып жасағаны да көзге бірден ұрады. Бірақ, қытайлық алаудың Азиада алауынан бір ерекшелігі, оның салмағы 985 грамм болды. Ал Азиада алауының салмағы алғашқыда 2 кг.-нан асып кеткен еді. Ол кейін 1,850 грамға түсірілді. Одан кейін алаудың салмағын барынша азайту керек болған соң, газ баллонының ұзындығы да қысқартылды. Сөйтіп, алау құтысының салмағы 1, 700 грамм болды. Қазақ алауы салмағы жағынан ұтпаса да, табиғаттың түрлі тосын мінезіне төтеп беру жағынан ешкімге дес бермейді. Өйткені, оның үздіксіз жануына 40 градустық аяздар, нөсерлі жаңбырлар мен күшті желдер де кедергі келтіре алмайды. Қорыта айтқанда, биылғы Азиада үшін барлығы 100 алау әзірленді. Оның әрқайсысының бағасы 1000 АҚШ долларға жуық. Әрбір алаугер бір-бір алауды өзіне естелікке қалдыра алмайды. Тек эстафета өтетін әр өңірде оның бір данасы қалдырылады. Қалғандары Азия олимпиялық кеңесінің мүшелері мен басқа да құрметті қонақтарға сыйға тартылады. Тасымалданбалы оттық – алау эстафетасы басталар алдында тұтату үшін, бір газ баллонының жану уақыты бітіп, оны басқасына ауыстырып, қайта тұтату үшін қажет болған жағдайда және жаман айтпай жақсы жоқ, алауымыз түрлі себептермен өшіп қалған жағдайда оны дереу қайта тұтату үшін жасалынған оттық. Оның тұтқасын есептемегенде, ұзындығы – 33-35 см. Алау оттықтың төменгі жағына жану күші 5 сағатқа дейін жететін спирт құйылады да, ол пілте арқылы жағылады. Сөйтіп, ол эстафета аяқталғанға дейін жанып тұрады. Жылжымалы қазандық туралы айтатын болсақ, жалпы қазақ халқының дәстүрлі діни-мифологиялық және ғұрыптық таным-түсінігінде қазанның алатын орны ерекше. Қазан – отқа табынудың бөлінбес бөлшегі, халықтың байлығы мен бірлігінің, қуаты мен қажырының өлшемі. Ол елдің мезгілдік жаңаруы мен жасаруының белгісі екендігін «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейтін мәтелі растайды. Тарихтың атасы Геродоттың жазуынша, сақ патшасы Арриант жауынгерлерінің бүкіл жебесін бір жерге жинап балқытқызып, үлкен қазан құйдырған да, оны елден ерек қызметкерінің құзырына қаратқан. Қазақтар өз ошағының қазанын көшкен жұртқа қалдырмаған, басқа біреуге тарту етпеген, өйткені бұлай жасаса – бақ пен береке бірге кетіп қалады деп есептеген. Төңкерілген қазан – жаманшылықтың, жоқшылықтың нышаны саналған. Ауыл арасынан шыққан тентекті «қазанбұзар» деп атаған, онысы «елбұзар» дегенге парапар. Қасиетті ғибадат орны – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің төрінде тайзқазанның тұруы тегіннен-тегін емес. Осы жерде Азиаданың жылжымалы кіші қазандығына біздің бірлігіміздің, тұтастығымыздың символы болған тайқазанның бейнесі алынғанын айтуымыз керек. Жалпы, ежелгі жартас суреттерінде (петроглифтерде) қазанның бейнесі жиі кездеседі. Археологиялық қазбалардан табылған үш аяқты қазандар, байырғы көшпелілердің ұғымына сәйкес, ғаламның үш қабатын – үстіңгі, ортаңғы және астыңғы дүниелерді, сондай-ақ үш әлеуметтік жіктен – сарбаздардан, бақташылардан және абыздардан тұратын қоғамды білдірген. Олай болса, Азиада қазандығы – спорт арқылы жарасым тапқан түрлі халықтар арасындағы ырыс пен ынтымақтастықтың рәмізі болып табылады. Биылғы Азиадада әр эстафетаның соңында кіші қазандықтар жағылып отырады. Қазандықтың салмағы шамамен 60-65 кг. болса, биіктігі 60 см., жоғарғы жағының диаметрі (аузы) 90 см. * * *ШАҢҒЫ ЖОЛЫ – ЖЕҢІС ЖОЛЫ
Бұл күндері шаңғыдан ерлер және әйелдер құрамасы Қысқы Азия ойындарына дайындық ретінде Еуропа елдерінде өтіп жатқан жарыстарға қатысуда. Одан кейін шаңғышы қыз-жігіттеріміздің Қазақстан кубогы жолындағы сындарға қатысуы жоспарлануда. Осы жарыстардан кейін шаңғыдан ұлттық құраманың толық құрамы жасақталады. Жақында бізге Астанада спортшылардың оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін Еуропа елдеріне барар алдында Шаңғы федерациясының президенті Өмірзақ Шөкеевпен өткен кездесуінде ұлттық құраманың бас бапкері Владимир Филимоновпен әңгімелесудің сәті түскен еді. Осы жерде отандық спорттың көзкөрген маманы команданың Азиадаға дайындығы жөнінде айтып беруді жөн көрді. – Азия ойындары жақындап келеді. Біздің шаңғышылардың алдына қандай міндет қойылып отыр? – Азиада бағдарламасына шаңғы жарысының 12-і түрі кіріп отыр. Соның кем дегенде 10 түрінен біз жеңіске жетуіміз керек. Мұны мен сіздердің әріптестеріңізге де, бәріне де айтып жүрмін. – Сөйтіп, Азиадада бірінші орын біздікі болуы керек дейсіз ғой. Бірақ, қытай, жапон шаңғышылары бар емес пе. Оларды қайда қоямыз? – Бас жүлдені жеңіп алу – біздің міндет. Иә, Азиадада бізден басқа мықты құрамалар да болады. Оларды да ұмытпаған жөн. Ванкуверде өткен Олимпиадада жапондар спринтерлік жарыста ешкімге дес бермейтінін көрсетті. Мадока Натцумиді айтамын. Ал классикалық жарыста оларда Масако Ишида бар. Сондықтан бізге психологиялық жағынан сыр бермей, олармен иық теңестіріп, бәсекелесе алатынымызды көрсетуіміз керек. – Команданың қазіргі дайындығы қалай? – Азиадаға дайындық алдын-ала жасалған кестеге сәйкес жүріп жатыр. Медицина және оңалту орталығында тереңдетілген тексеріс пен Спорттың ғылыми-зерттеу институтында тестілеуден өттік. Шаңғышылардың денсаулығы жақсы. Енді алда бірнеше халықаралық жарыстарға, одан кейін Қазақстан кубогына қатысып, күшімізді тағы сынап көреміз. – Азиадаға неше адам дайындалып жатыр? – Сегіз адамды дайындап жатырмыз. Олардың арасында Светлана Малахова, Оксана Яцкая, Елена Коломина, Татьяна Рощина, Елена Сахнова, Марина Матросова, Анастасия Слонова мен Екатерина Семеновых бар. Алғашқы үшеуі ересектер арасындағы жарыстарға қатысып жүр. Ал Матросова мен Рощинаны олардың ізбасары деуге болады. Олар Ванкувер Олимпиадасына қатысып, біраз тәжірибе жинап келді. – Сіз әйелдер құрамасымен жұмыс істейсіз ғой. Айтыңызшы, нәзік жандылармен жұмыс істеу қиын емес пе? – Қиналатындай ештеңе көріп жүрген жоқпын. Әйелдерге көбірек көңіл бөлу керек. Егер біреуіне көңіл бөлсең, екіншісі ренжіп қалатын сияқты. Бірақ, қыздарыма тапсырма берсең, бәрін дер кезінде орындайды. Ерлер жағы олай емес. Бұл бізге керек пе, керек емес пе деп ойланып жүреді. – Азиада ойындарында әйелдер құрамасы қандай дисциплинада өнер көрсетеді? – 1,4 км. спринтте, яғни классикалық жүруде, 1,4 км. еркін жүруде, оны командалық спринт дейді. Тағы 5 шақырымға классикалық жүру, 10 шақырымға еркін жүру, 15 шақырымға классикалық жүру мен 4х5 км. эстафета жарысына қатысады. Әр дисциплина бойынша әр командадан екі спортшының қатысуына рұқсат беріледі. – Неге екі спортшы? Бұрын шаңғы жарыстарына төрт спортшы қатыса алатын еді ғой. – Қазір екі спортшыға кемітіп тастады. Екі спортшы болса да бізге жақсы. Бізде үш жақсы шаңғышымыз бар. Олар – Малахова, Яцкая мен Коломина. Жарысқа екеуі шықса, біреуі және бір жас спортшы резервте болады. Төрт спортшыдан екі спортшыға кеміту бәсекелестікті арттыру үшін жасалған. 2007 жылы Чаньчунде өзіңіз көрдіңіз ғой, жүлделі орындардың бәрін біздің қыздар жеңіп алды. Сондықтан АОК бір елдің өкілдеріне жүлделердің бәрін таратпай, басқа елдердің де көңілдеріне қарап осындай шешімге келген сияқты. Малахова, Яцкая, Коломина үшеуі де отандық спортқа көп еңбек сіңірді. Светлана мен Оксананың балалары бар. Олар да жараларын емдеп, балаларына қарағысы келеді. Сондықтан жарысқа екі спортшының қатысуы бір жағынан оларға да жақсы болды. Уақыттары көбірек болады. Ал Еленаға келсем, ол Сочи Олимпиадасына да қатысуы мүмкін. – Азиадада олар қандай жарыс түріне қатысады? – Классикалық стильдегі қашықтыққа жүгіруге Яцкая, Малахова, Коломина қатысады. Жекелей спринтте Яцкая мен Коломина, 15 шақырымға жүгіруде Малахова күш сынасады. Командалық спринтте осы үшеуінің екеуі жарысса, эстафетада оларға Матросова мен Рощина болады. Біз осы екеуін резерв ретінде ұстап отырмыз. – Елімізде шаңғы спортын дамытуда жасалып жатқан жұмыстарға көңіліңіз тола ма? – Қазір федерацияға жаңа басшы келді. Бірінші вице-премьер Өмірзақ Шөкеев. Енді жағдайымыз түзеледі деп ойлаймын. Өмірзақ Естайұлының келуімен демеушілер табылып, шаңғы спортына көп көңіл бөліне бастады. Осы жерде мен бас демеушіміз «Қазагрофинанс» АҚ, демеушілеріміз – «Иволга холдинг», «Қазақстанның Астық одағы» мен «Bi Group» ЖШС-на алғысымды білдіргім келеді. – Жарыс өтетін жерлермен таныстыңыз ба? Қалай екен? – Жақсы, маған ұнады. Азиадада басқа командалар қалада тұрып, жарыс жолына дейін өздері жететін болса, біздің құрама Солдат шатқалында орналасады. Жарыс теңіз деңгейінен 1 500 метр биіктікте өткізіледі. Сондықтан ол біздің спортшылардың бейімделуіне септігін тигізеді деп ойлаймын. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН. _______________________________ АРМЫСЫҢ, АЗИАДА! Төрлет, биік Азиада, армысың, Сарыарқа мен Алатауым, қарлы шың! Қолдан бермес Қазақстан жастары, Ел қорғаған бабалардың намысын! Жұлдыз боп жан, найзағайдай жарқылда, Құрыш білек өрендерім, нар тұлға. Желбіресін қазағымның көгінде, Көк байрағым бақыт сыйлап халқыма, халқыма! Астана мен Алматыға жол салған, Азиада – жаңа тарих, жаңа арман. Туыстық пен татулықтың ордасы – Қазақ елін көрген жандар таң қалған! Бүкіл әлем көзін салып алыстан, Сан жүйріктер бағын сынап жарысқан. Спорт – достық , денсаулық пен ізгілік, Жарыс көшін алға баста, Қазақстан! Баян ЖАНБИРОВА, ұстаз. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы. * * *Азиада айшықтары
Алматыда қала әкімі Ахметжан Есімовтің қатысуымен қаланы энергиямен жабдықтау мәселесіне арналған жиын өтті. Қаланы жарықпен және жылумен қамтамасыз ететін «Алатау Жарық компаниясы», «Ал ЭС» АҚ, «КазТрансГаз – Алматы» АҚ, «Алматы Жылу» МКК, «Алматы Энергосбыт» ЖШС сынды компания басшылары қатысқан жиында қала халқы мен спорт кешендерін, қонақ үйлерді және Азиада аясында мәдени шаралар өтетін нысандарды газ, электр қуатымен жылытуды үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Жиында Азиаданы лайықты өткізу үшін барлық жұмыстар жүргізілгені 2015 жылға дейінгі Алматының энергетикалық нысандарын қайта жабдықтау мен дамыту бағдарламасы аясында «Алатау Жарық компаниясы» АҚ «ҚазҰУ», «Медеу», «Шымбұлақ» және «Ерменсай» сынды жаңа жабдықталған стансаларды пайдалануға бергендігі белгілі болды. Бұл стансалар қала әкімінің айтуынша, Азиада нысандарын қуат көзімен тұрақты қамтамасыз етіп қоймай, қаланың оңтүстігіндегі тұтынушыларды сапалы энергиямен де жабдықтайтын болады. * * * Жуырда Көлік және коммуникациялар министрлігінде өткен алқа мәжілісінде Азиадаға автожолдарды дайындау жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланды. «Қазақавтожол» РМК бас директоры Мереке Пішембаевтың айтуынша, осы мәселе бойынша кәсіпорынның бұйрығымен арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Соған сәйкес, Алматы облысында Азиада жарыстары өтетін жерлер арнайы көлікпен қамтамасыз етіледі. Олардың күшімен жолдардың сапасы бақыланады. Қазір «Астана – Алматы» және «Астана қаласы айналма жолы» автожолдары бақылауға алынды. Сонымен бірге, Азиада кезінде Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды облыстарындағы филиалдардан қосымша техника тарту жоспарлануда. Олар көбіне жолдағы көктайғақты болдырмауға арналып отыр. * * * Осы күндері Алматыда VII Қысқы Азия ойындары алауының басты құты-құмырасы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Бас кеңсесінде сақтаулы. Азиада алауын сақтаушы атануға үміткерлер арасынан неғұрлым сенімді банк ретінде Халық банкінің таңдалуы кездейсоқ емес: халықтың да, мемлекеттік мекемелер мен іскерлер тобының да банкке деген сенімділігі жоғары, еліміз бойынша оның филиалдар желісі барынша кең таралған. Күтпеген жерден тосын жағдайлар орын алуы мүмкін болса, ұйымдастырушылар дәл осы құты-құмыраны пайдалану арқылы Азиада алауының отын қайта тұтата алады. Оны күзету Халық банкінің және Алау эстафетасы дирекциясының қауіпсіздік қызметінің күшімен және техникалық құралдарымен іске асырылуда. Алау оты орнатылған құты-құмыраны жұртшылық Азиада кезінде күн сайын сағат 9-дан 20-ға дейін тамашалай алады. Тілек білдірушілердің алаудың жанында суретке түсу мүмкіндігі де болады. Интернет желісін пайдаланушылар алаудың құтысын Халық банкінің корпоративтік сайтындағы арнаулы бөлімнен көре алады: www.halykbank.kz. Алаудың тағы бір негізгі құтысы чартерлік рейспен Қазақстанның облыс орталықтары бойынша тасымалданып жүреді. Ал алаудың эстафеталық бағдары жүріп өтетін қалаларда негізгі құты-құмыра банктің облыстық және өңірлік филиалдарында сақталатын болады және алауды ұстап жүрушілердің қолына беріліп отырады.