15 Сәуір, 2016

Панда жылаған жаз

589 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
P1020018немесе атақты балуан Әбілсейіт ағамен Бейжіңдегі естен кетпес он күн ...2008 жылдың 12 тамызы. Алматы халықаралық әуежайы. Хансулар 8 деген санды қасиет тұтады ғой, 2008 жылдың 8 тамызында кешкі сағат 8-ден 8 минөт, 8 секөнт өткенде төрткіл әлемді дүр сілкіндірген Бейжіңдегі Жазғы Олимпиада алауының тұтанғаны белгілі. Алматыдағы туристерді Олимпия ойындарына апаруға құқылы жалғыз халықаралық «Комплит-сервис» компаниясы арнайы киіндірген Олимпиада символикасы бар жейдеше, қолдарында Қазақстанның тулары бар бір топ мұнайшыларды жолықтырдық. Олар – еліміздің батысында, Қытай елінің басқаруындағы компанияда жұмыс істейтін қандастар екен. Компания елуге тарта жұмысшыны тегін жолдама беріп, Олимпиаданы тамашалауға жіберіпті. Сірә, қарыштап дамып келе жатқан Аспанасты елінің таңғажайып жетістіктерін қазақстандықтардың көзбен көріп, елге оралған соң ауыздарының суы құрып жерлестеріне айтсын деген есебі бар болса керек. Әуежайдағы әңгіме Әуежайдың халықаралық рейс­тер ұшатын алаңына Бейжіңге баратын турис­тер жинала бастады. Бір уақытта екінші қабатқа көтеріліп келе жатқан бойы теректей, зор денелі, қасында жұбайы Кәмаш апай бар, аңыз аға Әбілсейіт Айхановты көрдік. Жанында балалары мен немерелері бар. Қажымұқаннан кейінгі еліміздің бас балуаны Әбекең сол жылы 70 жасқа толып, Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов оған құрмет көрсетіп, мерейтойын ел есінде қалатындай атап өтіп, облыстың құрметті азаматы атағын берген болатын. Біздің құттықтауымызды жылы қабылдаған ағамыз ризашылығын білдірді. – Бұл ағаларыңның тұңғыш Олим­пиадасы. Өзі кеше ғана сырқатынан айығып, ауруханадан шықты. Мұ­ның ал­дында да екі рет инсульт ал­ып, ем­делгенімен, біздің сөзімізді тыңдамай Аспанасты еліне аттанып барады. Ағаларыңа көз қырларыңды сала жүріңдер, – деп Кәмаш апай Әбекеңе ұрлана көз салды. – Апайларың айта береді. Кезінде 11 дүркін Қазақстан чемпионы атанып, Одақ біріншілігі мен КСРО халықтары спартакиадасында, ірі халықаралық турнирлерде бірнеше рет топ жарып, Олимпиада ойындарының үш дүркін чемпионы А.Медведь, А.Иваницкий, Олимпиаданың күміс жүлдегерлері Кубат пен Кментті, түрік Ильмазды, үнділік Бин Сингх, жапон Сасаки мен Каванио, венгр Резияктың жауырынын жерге тигізсем де бағым жанбады. Өзімнің де қырсық мінезім бар, мойындаймын, бірақ ұлтым басқа болған соң жол менікі болса да сан рет Әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарына жібермеді. Оған мойымадым, Монғолияда, Ауғанстанда, Қытайда бірнеше жыл сол елдердің балуандарын баптадым. Бірнеше жыл еркін күрестен Қазақстан құрама командасының бас жаттықтырушысы қызметін атқар­ған кезде елдің даңқын шығарған А.Бұғы­баев, М.Нәдірбеков, Р.Нұрманов, А.Мұ­сабеков, басқа да саңлақтарды баптадым, қанат қақтырдым. Бейжің Олимпиадасының Алматыдан бастау алуы, Елбасы Н.Назарбаевтың өзі бас болып тұңғыш алауды алып жүгіргенінде, біле берсеңіз, саяси мән-мағына жатыр. Ұлы қытай халқының Нұрекеңе осыншама құрмет көрсетуі біз үшін бақыт, – деп ағынан жарылды. – Аспанасты еліне сізді кімдер жіберді? – деген сауалымызды асау мі­незі бар ағамыз ұнатпай қалса керек, жақ­тырмағандай көзін алартып, дауысын көтеріп алды да: – Бұрынғы спорт басшыларының алдына барып, мені Олимпиада ойындарына жіберіңіздерші деп өтінген емеспін. Ол маған жат қылық, өздері сыйлап жіберіп жатса, қарсы болмас едім. Осы жолы Спорт министрі Темірхан Досмұханбетовтің өзі телефон шалып, аға Бейжіңге барып, қазақ елі саңлақтарының өнерін тамашалап қайтыңыз дегенде, толқыдым, бізді де еске алатын азаматтар бар екен деп риза болдым. Темірхан Олимпиада ойын­дарының чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров, Анатолий Храпатый, Ольга Шишигина, Ермахан Ыбырайымовты да өз қаржысына жіберіпті. Азамат деген осы емес пе, – дей бергенде, қасымызға Жақсылық пен кезінде еркін күрестен Одақта топ жарған балуан Асқарбек Иманқұлов келіп, қауқылдасып қалдық. Сөйтіп, Алматы әуежайын қазақстандық туристер көңілді әзіл-қалжыңға толтырып тастадық. Алып ұшақта дзюдошы Асхат Жіткеевті жолықтырдық. Аспанда берілген бата Белгіленген уақытта «А-320» әуе лайнері ыңыранып көкке көтерілді де, күн­шығысты бетке алды. Бейжіңге дейін әуе кемесі бес жарым сағат ұшпақ. Ала­таудың жаздың аптабында да ерімейтін, төбесін мәңгі қар мен мұз басып жатқан көрінісі ғажап, көркі көз тартады. Сәлден кейін ұшақ салонында мамыражай тыныш­тық орнады. Әбілсейіт ағамен орнымыз қатар екен. Таудай болып отырған балуан екеумізге кресло тарлық ететіндей. Өзім де етжеңді едім, оның үстіне қасымда салмағы 147 кило, бойы 197 сантиметр (ұшаққа отырғанда сұрап алғанмын) баһадүр отырған соң өзімді қолайсыз сезініп, тыпырши бастадым. Әбекең көзін алартып бір қарағанда тынши қаламын да, артынша әрлі-берлі қозғала бастаймын. Ақыры шыдамы таусылса керек, жуан дау­сымен гүр ете қалғанда, селк ете түстім. – Өзің тіпті мазасыз жан екенсің, қозғала бермей, тыныш отырсаңшы. Үндемей қалатын мен бе. – Дүниенің кеңдігін қайтейін, тіпті маған орын қалдырмадыңыз ғой, – деп ақталдым. Әбекең саған дауа жоқ екен дегендей, жақтырмағанын білдірсе де, үндемеді. Ақыры тұйықтан шығаратын ой келе қалды. Екінші қатарда дзюдошы Асхат Жіткеев отырған. Сымбатты, ұзын бойлы Асхатымыз көңілсіз. Ешкіммен тілдеспейді. Асхатпен бұрыннан таныс­пыз. Айшылық алыстағы Австралияның Сидней қаласында және Афинада өт­кен Олимпиадада бірге болғанбыз. Дзю­дошының қос Олимпиадада жолы болмады. Алтыншы құрлықта дүбірлі доданың ашылу салтанатында еліміз құрамасының көк байрағын ұстап шық­қанымен, сенім биігінен көріне алмады. Афиныдағы сәтсіздіктен кейін татамиге енді шықпаймын деп сөз берген. Алайда, бапкерлері мен достары Асхатты «ер кезегі үшке дейін, бағыңды тағы бір рет сынап көр» деп үгіттеген екен. Үміт алдамапты. – Қазақ елінің жанкүйерлері үшінші Олимпиада да Асхат осы жолы бір медальды қайтсе де тақымға басар, деп үкілі үміт күтулі. Намысты жанып, Бей­жіңде буыныңды бекітіп, жасындай жарқылдайтын кез келді. Татамиде дзюдошылар жарысы басталып кетті емес пе, неге кеш бара жатырсың? – деп Асхатты сөзге тарттық. – Бапкеріміз екеуміз тактикалық қулық жасадық. Мен татамиге 14 та­мызда шығамын. Демек, оған бір күн қалды. Әдетте, спортшылардың жарыс өтетін жердің климатына бейімделуіне бес-алты күн керек. Ал мен бейімделу мерзімінен бұрын күресемін. Осы жолы бабымдамын. Әбілсейіт аға, Жақсылық, барлықтарыңызды күтемін, – деді Асхат. – Әбілсейіт аға, Асхаттың жолы болсын, ақ батаңызды беріңіз, – деп қолқа салдым. Кесек денесімен Асхатқа бұрылып, ойлана қалған балуан өлең жолдарын шұбырта жөнелді. «Бабалар мәңгі, қорғаған дала, Ұрпаққа мәңгі қалдырған мұра. Жалғасын мәңгі бабалар жолын, Ұл менен қызы, қазақтың ғана!» – деген батырдың батасы бәрімізді серпілтіп тастады. Артынан білдік, Әбекең өлең шығаруды бала кезінен серік етіпті. Тіпті, Елбасы Н.Назарбаевқа арнаған өлеңін көрсетті. Балуан ағаның тағы бір қасиеті, өлең жазуға әуестігімен бірге көзбен көргендерін көкейге түйіп, күнделік жазуды ертеден бастапты. Түйе балуанмен сырласқан түн 17 миллион халық мекендейтін Қытай астанасы құлпырып кетіпті. Біз түнгі 24.00-де Бейжің халық­ара­лық әуежайына келіп қондық. Ауа қапырық, демалудың өзі мұң. Түнгі астана тіпті әсем. Көшелердегі сауда дүкендері мен сауықтыру орындарының маңдайшасындағы жазулар жарқ-жұрқ етеді, көше тап-таза. Айтулы оқиғаға орай қаладағы үш миллионнан асатын көліктердің жартысы тоқтатылыпты. Бір күні тақ, екінші күні жұп санды көлік­тер көшеге шығатын көрінеді. Сәтті шешім Бейжің көшелерінің тығынын азайтқанын аңғардық. Оның үстіне мұнда соңғы екі-үш жылда көптеген айналма жолдар салынған. Автобус бірер сағатта жаңадан са­лын­ған 32 қабатты «Ю-Янг» қонақ үйі­не алып келді. Асхатты әуежайдан Олимпиада қалашығының арнайы бекі­тілген менеджерлері күтіп алды. Ол қоштасып жатып: «Аға, сіздерді татамиге шығатын күні күтемін», деп бізбен қимай қоштасты. «Асхат, келеміз, осы жолы қа­лайда медаль алатын бол», деп Әбекең барлығымыз үшін ақ тілегін айтты. Сағат тілі түнгі бірге жақындап қалса да қонақ үй холында қаптаған қазақ­стандық жанкүйерлер. Олар туристердің кезекті тобы келетінінен хабардар болса керек, мәре-сәре болып қалдық. Жақ­сылық пен Асқарбек бір бөлмеге, Әбілсейіт ағаның шәкірті, кезінде еркін күрес үйірмесіне өзі алып келген, соңынан КСРО-ның екі дүркін, Қазақстанның 10 дүркін чемпионы атанған атақты балуан Аманжол Бұғыбаев көрші бөлмеге, ал Айханов екеуміз 10-шы қабаттағы 1009 бөлмеге орналастық. Шаршағандықтан ба, жоқ әлде қатты әсерленіп, толқығандықтан ба, жуық арада кірпік ілінсейші. Бір бұрышта төсекке әрең сыйып, онысы сықырлап, жайсыз жатқан аға әңгімеге шақырды. – «Егемен Қазақстан» газетінің Шығыс­­тағы тілшісі екеніңді білдік. Жал­­­пы, журналистер мен туралы көп жазды. Белгілі жазушы Қалдарбек Найманбаевтың менің өмір жолымды арқау етіп жазған «Даңқ тұғырында» деген деректі хикая­ты балалар мен спорт­ты серік еткен жасөспірімдердің сүйікті шығармасы екені жасырын емес. Жерлес жазушы Шәкен Күмісбаевқа ризамын, аралас-құралас болдық, бір ауылда көрші тұрдық. Газеттеріңіздің бас редакторы Жанболат Аупбаевтың 1994 жылы жазған «Түйе балуан» мақаласы, белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбаевтың, басқа да қаламгерлердің еркін күреске қалай келгенімді, Одақ кезінде күрес басшыларының мені, басқа да талантты балуандарды шетқақпай қылып, Әлем чемпионаттары мен Олимпиадаға апарудан ат-тондарын ала қашқаны жайлы материалдары көпшіліктің іздеп жүріп оқитын дүниесіне айналды. Өткенге өкінудің қажеті шамалы, біз жетпеген биіктерді кейінгі толқын жастардың ба­ғындыруын армандаймыз. Ең бастысы, бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Енді таланттарды өзіміз таңдай аламыз, бақтарын ашуға мүмкіндік туды. Алайда, күрестің екі түрінде де кілемде белдесіп жүрген жігіттердің жасаған әдістеріне ішім пысады. Мәселен, кезінде француз, кейін классикалық күрес атанып кеткен грек-рим күресін алайық. Париждегі әлем чемпионатында бабамыз Қажымұқанның топ жарғанын білеміз. Алайда, күрестің әдіс-тәсілдері жиі өзгереді. Қазіргі күрестегі әдіс жанкүйерді жалықтырып жібереді. Бірін-бірі итеріп, жамбасқа салу, басқа да тәсілдерді сирек көресіз. Өзім тік тұрып күресуді ұнататынмын. Ал қарсыластарым ең­кейіп, табанын жерге тіреп тұрып алады. Көз ілеспейтін жылдамдықпен ішке өтіп кетем де, алып ұрамын. Кезінде жеңіл атлетикамен шұғылданғанымның пайдасын күрескен кезде көп көрдім. Қазақ жастары арасынан Жақсылық пен Шәмілдің Мәскеу Олимпиадасынан алтын алқа алғанына 28 жыл өтіпті. Алтын құрсақты аналарымыз әлі талай чемпиондарды дүниеге әкелер. Алайда, ол үшін көп уақыт керек, – деген балуанның сөзі құлағымда қалып қойыпты. Түннің бір уағына дейін әңгіме тиегін ағыт­тық. – Қытайлар шап-шағын сүйкімді панда десе естері кетіп, әкелерінің атын ұмы­тады деп жатады. Сол аюды Бейжіңдегі ұлттық зообақтан көруге болады дегенді айтты кеше бірге ұшып келген жігіттер. Уақыт болса, соны көріп қайтайықшы, – деді балуан аға. Мен үнсіз келістім. Алайда, екі күннен кейін тоңазытқыштағы мұздай суық суды сімірген Әбекең қатты сырқаттанып қалды. Жанымыз қалмай күттік. Тыныш отыратын мен бе, оның үстіне газетке жедел хабарлар жіберу керек, арлы-берлі шауып кеткенімді ұнатпай қалған балуан бір кезде қатты ұрысты. – Ағаңның сырқаттанып қалғаны мынау. Маған дәрі-дәрмек тауып берсең нең кетеді. Осында жақын досымның елшілікте жауапты қызмет атқаратын Асқар Сейдуәлиев деген күйеу баласы бар. Оның жұбайы Гауһар Әбішева ағаларын құрметтейтін аяулы бала, екеуіне соқпай кетсем ренжитіні сөзсіз. Көп сөзді қойып ертең мені соларға апаратын бол, – деп нығыздай сөйледі. Еріксіз келістім. Өзекті өртеген өкініш Бейжіңге келген күннің ертеңінде грек-рим күресі өтіп жатқан атшаптырым, еңселі де жарық спорт кешеніне келдік. Әбекең, Жақсылық, Асқарбек, Несіп төртеуміз қатар жайғастық. – Бүгін 60 кило салмақта Дархан мен Роман белдесуге шықпақ. Соңғы кездері балуандарымыз ала-құла өнер көрсетуде. Одақ кезінде Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері алға тек ресей­ліктерді жіберіп, екінші орынды ешкімге бермейтін. Сонау жетпісінші жылдардың ортасында Алматыда өткен КСРО халықтары спартакиадасында командалық есепте бірінші орынға шыққанбыз. Олимпиада ойындарының қос дүркін чемпионы В.Резанцев, жампоздар А.Назаренко,В.Бакулиннің атақ-даңқы жер жаратын. Бір Дәулеттің өзі жарты команда іспеттес болатын. Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионаттарындағы табыстарын былай қойғанда КСРО-ның жеті дүркін жеңімпазы деген атақ тек Дәулет Болатұлының маңдайына жазылды. Кезінде Қырғызстаннан аттай қалап алып келген Ю.Мельниченконың 1996 жылғы Атлантадағы алтынынан бері де біршама уақыт өтіпті. Бейжіңде алтынға қол жеткізе алсақ асығымыз алшысынан түсер еді, – деп Жақсылық ойын түйді. – Өз басым грек-рим күресін ұнат­паймын. Еркін күрестегідей әдіс-тәсілді оңды-солды қолдануға мүмкіндік шамалы. Ал осы жолы еркін күрес шеберлері Бейжіңде төрт бірдей алтын алқа алады, деп балуан ағамыз ыржиып күлді. Бар­лығымыз аң-таңбыз, қалжыңы ма, жоқ, шын айтып тұр ма деп аңтарылып қалдық. Жоқ, шыны екен, жүзі қатулана қалыпты. Боз кілемге Дархан шақырылды. Оның қарсыласы – неміс Тапер Маркус. «Иә, аруақ!» деп Әбілсейіт аға айқай салғанда қатты да, қаһарлы дауыстан селк ете қалған жанкүйерлер біз жаққа елең етіп қарай қалды. Балуан аға­ның екі көзі кілемде. Әрлі-берлі қозғалған кезде отырған орындығы сықырлап, сынып кететіндей. Грек-рим күресінің ережесі қызық, алғашқы бір минөтте балуандар бір-біріне тәсіл қолдана алмаса төреші шар суырады. Дарханға көк шар шықты. Амал бар ма, жерлесіміз партерге тұрды. Егер неміс Дарханды ауда­рып тастаса оған бір ұпай жазылады. Кейде сол бір ұпай жеңіске жеткізеді. Байқаймын, қасымда отырған Әбекең қобалжулы. Ақыры кілемге желімделіп қалған Дарханды қарсыласы аудара алмай, біздің жерлеске бір ұпай жазылды. Бірінші кезең 2:1 есебімен Дарханның пайдасына шешілді. Екінші кезеңде де Дархан шабуылға жиі шығып, ақыры жеңісті жұлып алды. Қуанышта шек жоқ, қиқуға басып жатырмыз. Дархан біз отырған жаққа жымиып қарады, балуан ағаға ризашылығын білдіріп басын иді. Роман Мелешин де қарсыласы араб жігіті, Австрияның намысын жыртуға келген Хасан Шахсаваннан басым түс­кен кезде Айханов айқайлап орнынан ұшып тұрды. Дархан екінші белдесуінде де қытай балуаны Ли Юаннан басым түскенімен, француз Генаттан ұтылып қалды. Амал бар ма, егер оны ұтқанда финалға шығар еді. Қола медаль үшін айқаста беларусь балуаны М.Симоновқа есе жіберіп алды. Әбекеңнің түрі бұзы­лып кеткен. Жақсылық та қатты өкінді. Қол­ға түсіп тұрған медаль уыстан шығып кеткені қалай дегендей бізге тұнжырай қарады. Бұл күні Роман Мелешин де ұтыл­ды. Сол күн біздер үшін сәтсіз аяқталды. Асхат үмітті ақтады Асхат Жіткеев татамиға шығатын 14-ші тамызда Қазақстаннан келген бір топ жанкүйер ерте тұрып ауқаттанып алдық та жабық стадионға келдік. Сырқаты сыр бере бастаған Әбекеңді ертіп алдық. «Уәде құдай сөзі, батамды бердім, Асхат бүгін қайтсе де бір медаль алады» деген балуанның сөзі майдай жағып барады. 100 келі салмақтағы дзюдошылар қос кілемде күресе бастады. Асхаттың қарсыласы – Кувейт балуаны Талал Але­нази. Асхат жарыс басталар алдында бізді алыстан көріп қалды да, жымиып қолын бұлғады. Оның үстіне Әбілсейіт ағаның «Асхат, саған сенеміз» деген дауысын естіген. Талалды да, келесі айналымда Босниядан келген Амель Мекичті де Асхат таза жеңді. Ширек финалда, жартылай финалда да Асхат шеберлігін көрсетіп, қарсыластарын еркін еңсерді. Өкінішке қарай, финалда монғол дзюдошысы Найдан Тувшинбаярға жол беріп қойды. Асхаттың күміс алқасына қуандық. Бейжіңдегі 12 күн зу етіп өте шықты. Қазақстандықтар Бейжіңде 2 алтын, 4 күміс, 7 қола медальмен командалық есеп­те 29-шы орынға табан тіреді. Қа­зақ­станның бас балуанымен бірге Таймураз Тигиев, Марид Муталимов, Әсет Мәмбетовтың күресін тамашалап, олардың күміс пен қоланы алған кез­дегі қуанышын бөлістік. Ал, Илья Ильиннің айды аспанға шығарып, алтыннан алқа тағынған кездегі атақты балуанның балаша қуанып, жылап жібергені барлығымыздың көңілімізді босатты. Қазақ елінің намысын жыртып, ел даңқын арттырған саңлақтарға балуан ағамыз батасын берді. Естен кетпес 12 күн «Комплит-сервис» халықаралық туристік компаниясы бізді Қытай қор­ғанына, басқа да тарихи орындарға алып барды. Мың жылдық тарихы бар қытай шайын ішіп көрдік. Зообаққа барған кезде панданы, құрып бара жатқан құстарды тамашаладық. Зообақта аңның 570 түрі, бес мыңнан астам құстар мен жануарлар бар екен. Әлемде тек Қытайда бар, саны күрт азайған панданың жанында балуан аға екеуміз ұзақ тұрып, тесіле қарадық. О, ғажап, қуыршақтай пан­даның көзінде жас тұр. Жүрегім дір ете қалды. Әбекең де толқыған сыңайлы. Зоо­бақтан шыққаннан соң ұзақ уақыт үнсіз қалды. ...Қайтарда да ұшақта қатар отырдық. Балуан өзінің жанкүйер ретінде қатысқан алғашқы Олимпиадасынан қатты әсер­ленген сияқты. Алайда, қоржындағы қос алтынға көңілі толмайтынын ашық білдірді. Әсіресе, күрестен көңілі қа­лып­ты. «Қазақтың қара домалақтары күрестен жирене бастаған ба? Өзің ой­лашы, осы жолы бір күміс пен бір қоланы легионерлер алып берді. Жақ­сылықтың алтынынан кейін қанша уақыт өтті. Шіркін, қазағымыз алтын­нан алқа тағынып, Бейжің төрінде Ән­ұранымыз шырқалғанын естісем деп келіп едім, ол арманым орындалмады. Күрес – қазақтың намысы, ар-абыройы. Барлығымыз күресті ауылда жүргенде бастадық. Демек, ауыл спортын жандандыру қажет. Бір кездері кез келген ауылда спорт нұсқаушысы деген штат болған. Қазір ол жоқ. Талантты балаларға көңіл бөліп, оларға тәжірибелі бапкерлер тәлім-тәрбие берсе, асығымыз алшысынан түсері сөзсіз. Қазақ елінің өсіп-өркендейтініне, спорттың алға басатынына өз басым сенемін», деп Әбілсейіт аға ағынан жарылды. ...Содан бері 8 жыл өтіпті. Өкінішке қарай, күрестің үш түрінен ұл-қыз­да­ры­­­мыз әзірше қазақтың бас балуаны Әбіл­сейіт Айханов армандаған алтын алқаға қол жеткізе алмай келеді. Алда – Рио-де-Жа­нейро Олимпиадасы. Мүмкін төрт айдан кейін сол арман орындалатын шығар. Рио төрінде қазақ балуандары Олимп шыңына көтеріліп жатса, бас балуанның рухы риза болар. Намысты жаныңдар, Әбілсейіт ағаның ізін басқан сайыпқырандар.  Оңдасын ЕЛУБАЙ, журналист