Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов Францияның Экономика, қоғам, қоршаған орта мәселелері жөніндегі кеңесі еуропалық және шетелдік істер бойынша секциясының төрағасы Жан-Мари Камбасереспен кездесті.
Кездесу барысында Ералы Тоғжанов шетелдік қонақты қоғамдық келісім мен ұлтаралық бірліктің қазақстандық моделімен таныстыра келіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихы, конституциялық мәртебесі, міндеттері және еліміздегі этносаралық келісімді нығайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы айтты. Ал 1995 жылғы 1 наурызда Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлығы шықты. Өз тарихында Ассамблея Президент жанындағы консультативті-кеңесші органнан мықты құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық органға дейін өсті», – деді Е.Тоғжанов.
Одан әрі Е.Тоғжанов Қазақстан халқы Ассамблеясы Парламент Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығына ие болғанын, осы арқылы Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі арта түскенін, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң қабылданғанын, осылайша бұл ұйым еліміздің саяси жүйесінің толыққанды бөлігіне айналғанын әрі оның қызметінің нормативтік-құқықтық негіздері айқындалғанын атап көрсетті.
Сонымен қатар, ол Ассамблеяның негізгі мақсат-міндетін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
«Ассамблеяның басты мақсаты – қазақ халқының топтастырушылық рөлін арқау ете отырып, қазақстандық бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру үдерісінде республикадағы этносаралық келісімді қамтамасыз ету. Ал ұйымның негізгі міндеті – этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау, ел бірлігін нығайту, Қазақстан қоғамының негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту», – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары.
Бұдан бөлек, Е.Тоғжанов Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсететінін, этномәдени бірлестіктердің күш біріктіруін қамтамасыз ететінін атап өтті.
Сондай-ақ, Е.Тоғжанов Ассамблеяға Қазақстан Президенті басшылық ететінін, ұйым құрылымдық жағынан Ассамблея сессияларынан, Ассамблея Кеңесі мен Хатшылығынан, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың ассамблеяларынан тұратынын жеткізді.
Кездесуге қатысқан Мәжіліс депутаты Наринэ Микаелян өз кезегінде елімізде барлық этностардың мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайлардың барлығы жасалып отырғанын көлденең тартты. Оның сөзіне қарағанда, Ассамблеяның еліміздің халықаралық беделін арттырудағы ықпалы өте зор.
Жан-Мари Камбасерес өз кезегінде елімізде тұрып жатқан түрлі этностық топтарға тең құқықтар мен мүмкіндіктер берудегі Қазақстанның оң тәжірибесін үйренудің артықшылықтары бар екенін атап көрсетті. Сонымен бірге, ол біздің елімізде жүргізіліп отырған бейбітшілік пен келісім саясатын Франция тарапы жоғары бағалайтынын жеткізді.
Бұған қоса, Жан-Мари Камбасерес Қазақстан халқы Ассамблеясының халықтық дипломатия институты үлгісіне бейімделе отырып, еліміздегі 100-ден аса этностың басын біріктіретін бірегей құрылымға айналғанына қызығушылығын білдірді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»