15 Сәуір, 2016

Ұмытылмас үлкен қасірет

445 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
IMG_0688Қазіргі аға ұрпақ олардың талайын бас­тан өткерген. Осы буынның бір өкілі жергілікті «Память» қоғамдық қорының төрағасы Болат САҒЫНДЫҚОВ соғыс деген сөзді естісе, аза бойы қаза болатынын жасырмайды. – Болат аға, мына заман не болып барады: адамдар қа­ты­гезденіп кетті ме, әлде барлық «кінәні» жаһандану дәуіріне аудара саламыз ба?  – «Заманың түлкі болса, тазы болып шалдың» керін келтіріп жатқан – өзіміз. Қарышты технологиялық дамудың жөні осы екен деп тұрақ­тылық, сенім мен қауіпсіздік ахуалын қалыптастырудың орнына жөн-жосықсыз қуатты қаруланудың, әскери-өнеркәсіптік кешеннің әлеуе­тін арттыра берсек, оның со­ңы адамзат өміріне зор қатер төн­діретінін елемеу мүмкін емес. Қазақ – жақсылықты қашанда алдан күтетін, қанша қиналса да, үмітін үзбейтін тәубешіл халық. Небір тығырыққа тірелсе де, алдымен ақыл-ойларға, парасатты шешімдерге жүгініп, тығырықтан шығу жолдарын қапысыз тауып отырған. Ұлтымыздың марғасқа ұлы Нұрсұлтан Назарбаев ата-бабаларымыздың ғасырлардан жалғасып, қанымызға сіңген, ұлттық болмысымыздың бір бөлшегіне айналған, онсыз ішкен асымыз бойымызға сіңбейтіндей, батқан күніміз атпайтындай көрінетін бейбіт ұғымдар мен парасатты байламдарды темірқазық етіп отыратыны Қазақстан тәжірибесінде мол. Жекелеген тұлғалардың бір ауыз сөзі өңмеңдеп алға ұмтылған талайлардың мысын басып, арынын тоқтатқан. Көпшілікпен, жұрт­шылықпен санасуға мәжбүр еткен. Елбасының Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV саммитте сөйлеген сөзін тыңдай отырып, бойымыздағы үрей-қорқыныштың орнын келешекке деген сенім күші еселей түс­кендей әсер алдым. Неге дейсіз ғой? Біріншіден, Президентіміз «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жария­лау арқылы жаһан жұртшылығын қауіпті қатердің алдын алуға, оған қарсы күш біріктіруге шақырды. Екін­шіден, өзара келіспеушілік, қыр­ғи-қабақ жанжалдардан гөрі ал­дыңғы орынға ғаламдық проб­ле­ма­лардың шыққанын, олар­дың ішін­де ядролық жарылыс қаупінің әлеуетін азайту, адамзат өмірін бірақ сәтте жоқ қылатын аса қуат­ты қару-жарақтардың таралуына тыйым салмай жағдайдың еш­қа­шан түзелмейтінін ұқтырды. Үшін­­шіден, қауіпсіздіктің өңір­лік жүйе­лерін құру үдерісін жедел­детуді ұсынды. «ХХІ ғасыр: соғыс­сыз әлем» кең ауқымды бағдар­ламаның түйі­нінде бейбітшілікті сақтау бо­йынша державалардың үйлесімді іс-қимылдары мен БҰҰ-ның көпқырлы операцияларының нәтижесінде тұ­тас­тай жанжал­дар мен соғыс­тарды ретке кел­тіру мүм­кін­дік­­тері ақыл-па­ра­саттар арқылы шешілгенін, сон­дықтан мемлекет басшылары мен саясаткерлерге адамзат үшін зор жауапкершілік жүктелетінін, қазір және таяу бола­ш­ақ­та бұдан көкейкесті міндет жоқ­тығын алға тартты. Өкініштісі сол, адамзатты өлім құшағына бөлеп, дүниенің астан-кестенін шығарған екі дүниежүзілік соғысты бастан өткерсек те, сабақ алғанымыз шамалы. Қазір кішігірім соғыстардың екпіні барған сайын  күше­йіп, үдеп барады. Олардың қаһарлы уыты, Жер-Анаға төнген қаупі ора­сан. Осындай текетірестер салдарынан лаңкестік әрекеттер де жанданып, кең ауқымды террорлық аймақтар пайда болды. Бәрінен де кейбір жетекші елдердің қит етсе ядролық қаруға жармасу арқылы қоқан-лоқы көрсетуі, мәселені саяси келісімдермен емес, тек күшпен шешуге ұмтылатыны шошындырады. – Вашингтонда өткен Ядро­лық қауіпсіздік жөніндегі сам­миттің өте жоғары болғанын, онда Елбасының сөйлеген сөзі, айтылған батыл ойлары мен ұсыныстары адамзатқа тыныш, бейбіт өмір ауадай қажет екенін әлемге тағы бір паш етті. Өзге елдер басшылары мен саясаткерлер үшін тәлім аларлық тәжірибелерге тоқталып өтсеңіз. – Ел тұтастығының тайға таңба басқандай ұлы белгісі – тәуел­сіз­дік. Оны анық сезіну үшін еге­мен­діктің елең-алаң шағын еске алу артықтық болмас. Сол кезден бастап Нұрсұлтан Әбішұлы халық­тар арасын­да дұрыс, тең сая­сат ұстанудың арқасында берік бір­лігіміз баянды тірлігімізге ұласып, ортақ мақсат жолында жұмыла жұмыс істеп келеміз. Президентіміз «өзара түсіністік, өзара сыйластық, өзің өмір сүріп жатқан жеріңді сыйлау, сол жердің байырғы төл халқының әдет-ғұрпын, салт-сана­сын, тілін, дінін сыйлау. Бере­ке, бірлік осындай» деген ұста­нымын еш өзгерткен емес. Айтпай ма, «Отан от басынан басталады» деп. Егерде өз іші­мізде басымыз бірікпей, ырың-жырыңға, у-шуға жол беріліп жатса, кімге өнеге көрсетіп, ақыл айтып жарытарсың? Мәселе елі­міздің қажетіне экономика­лық, саяси, дипломатиялық қа­рым-қатынастарды орайлас­тыра жасап, сабақтастықпен өрбіте білуде. Осы жерде 1993 жылғы сұх­батындағы: «Ел тыныш болса, Елбасының да жаны тыныш болады. Ты­ныштық Назарбаев үшін ғана керек де­ген шолақ ойдан аулақ бол­ған жөн. Тыныштық ең әуелі елге керек. Бұл – мен бо­ла­йын, басқа болсын, кез кел­ген Президенттің мақсаты. Мем­лекеттік идеологияның да, ұлт­тық идеологияның да бас­ты мұраты. Мұндай мұраттан қорқуға болмайды. Мұнсыз ел болу, жұрт болу, болашақта қай жолмен жүретінімізді анықтау қиын», деген пайымдары мани­фестегі «Миллиондаған адамды барған сайын мынадай сұрақтар толғандырады. Әлемдегі жағдай қай бағытта дамитын болады? Жетекші державалар арасындағы қарама-қайшылық­тар олардың арасындағы жаңа ұзақ мерзімді қарсы тұрушылыққа ұла­сып кетпей ме? Қай елдер жаһандық жә­не өңірлік державалар жүргізіп отыр­ған «прокси-соғыстардың» келесі құр­­бандығына айналуы мүмкін? Әзір­­ге гүлденіп тұрған кімнің жерін танк­тердің шынжыр табаны таптап, снарядтардың жарылысы боршалайды? Қай қалаларда балалар зымырандар отынан өлім құша бастайды?» – деген терең толғаныстармен толық үндесетінін аңғармау мүмкін емес. Бұдан шығатын қорытынды біреу-ақ: адамзат өте бір ауыр кезең­ге аяқ басты, оның жүгі де, сал­­мағы да ауыр. Айналамыз сынап­тай сырғып, әрлі-берлі толқып тұр. Іш­тен ыдырап, сөгіліп жатқан елдер қаншама! Оның салдарынан ме­млекеттік тұтастық шайқалуда. Бұрын-соңды адамзат басына дәл осындай зор қауіп төнбеген. Оның қасіретін Елбасы қолмен қойғандай дәл сипаттап берді. Оны елемеу, ескер­меу – адамзат болашағын ой­ла­мағандық. Меніңше, енді бір сам­мит төңірегінде ғана шектеліп қал­май, керісінше, осындай тарих та­ғы­лымдарына терең бойлап, сабақ ал­ған, ой қорытқан жөн. Билік, бай­лық үшін жүріп жатқан қанды қыр­ғын­дар үшін тұтас халықты, ұлт­ты құрбан етуге әсте жол беруге болмайды. Мемлекет басшысының жанай­қайы – жер жаһанды бүгінгі ішкі, сыртқы тығырықтардан аман сақтап қалудың кепілі. Әрине, әр мемлекет өз мүддесін ойлауға құ­қылы. Әркім әлемдік кеңіс­тік­ке шығу нұсқаларын өзін­ше іздес­ті­реді. Десек те, бағ­зы заман­дар­дан қалыптасқан бейбіт қарым-қатынастар саяси, басқа да мәмілелер жолымен неге шешіл­меске, оған кім кедергі деген сау­ал туады. Қай істе де жетіспей жат­қаны – сабырлылық, төзімділік, шыдамдылық. Кей елдер өрісі кең әлемдік өркениетке құлаш жазу қағидаттарын өздеріне икемдеп, қолдан жасап алғаны байқалады. Осындай ойлаудың тар шеңберінен шыға алмағаннан кейін күштінің әл­сізге күш көрсетуі басталады. Бұл – өте қауіпті құбылыс! Бүгін­де елдердің «аға»,«іні», «үлкен», «кіші» деп жікке бөліну дәу­рені келмеске кеткен. Мәселен, Сол­түстік Кореяның өзі ғана ядро­лық зымырандарды әлсін-әлсін сынау арқылы адамзатты бір тарының қауызына сыйдырып, демін іштен алдыруы соның бір дәлелі емес пе? Манифесте «қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайды және бола да алмайды, онда бәрі де жеңіледі» деп мәлімделуі – бұлтартпас ақиқат. – Сіз сияқты аға ұрпақ өкіл­дері «етікпен су кешкен, ауыз­дықпен су ішкен» небір қилы тағдырды бастан өткергендіктен, бүгінгідей «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тәуелсіз елі­міз­дің ғана емес, өзгелердің де ты­ныш­ты­ғын қалайды, ауыз­бірлігін тілейді. – Қазақ жұртының ұмытылмас қасіретті кезеңдері аз емес. Кеңес Одағы тұсында біздің ха­лық бәрінен көп жапа шекті, зәбір көрді. «Халық жауы» деп негіз­сіз айып тағылғандар саяси қуғындау кезінде атылды, түрмеге тоғытылды. Мен әкеден бір жасымда жетім қалып, анам­ның бауырында 6 бала өстік. Одан кейін фашистік Германия соғыс жариялап, ер азаматтар майданға аттан­ды. Ел ішінде кемпір-шалдар мен біз сияқты буыны қатпаған ойын балалары қалды. Балалықтың қызығын көрместен қалай есейгенімізді де білмей қалдық. Бір ғана Бостандық ауылынан соғысқа кеткендердің үштен екісі оралмады. Әлі күнге дейін соғыстың әр шаңыраққа әкел­ген қайғы-қасіреті санамызда жаң­ғырып тұр. Арада 70 жыл өтсе де, төрт жылғы қасіретті ұмыту мүмкін емес. Бүгінгідей алмағайып кезеңде түтініміздің түзу ұшқанына шүкір­шілік дейсің. Елдігімізді, тұтас­тығымызды сақтай алатын арқа сүйейтін, табан тірейтін ішкі-сыртқы сындарлы саясатымыздың барына қуана отырып, ертеңгі ұрпақ, тарих алдындағы жауапкер­шілікке алаңдайсың. Көптеген қарулы егес­тер жағдайды одан әрі ушықтырып жібере ме деп елеңдейсің. Өйткені, қауіпті отты ошақтардың кейбірі Қазақстанға таяу орналасқан. Тер­ро­ризмді, экстремизмді, есірткі биз­несін жалғыз-жарым мемлекет ең­сере алмайды. Осы бір көп қырлы түсі­нік­ті Елбасы саммитте ашық айтып, халықаралық қауіпсіздік жүйесі мен сенім шараларын құру жөніндегі батыл бастамалары жол іздеп табар жанды адастырмасы анық.  Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»  Солтүстік Қазақстан облысы