Қарқаралы ауданының әкімдігінде жергілікті ауылшаруашылық колледжінің студенттеріне Мыңжасар Әдекенов атындағы стипендия және сертификаттарды тапсыру рәсімі өтті.
Шараға Қарқаралы ауданының әкімі Х. Мақсұтов, Қарағанды облыстық білім басқармасының басшысы А. Аймағамбетов, «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің басқарма төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері С.Әдекенов және Мыңжасар Әдекенов атындағы ауылшаруашылық колледжінің оқытушылары мен студенттері қатысты.
2015 жылдың желтоқсанында дарынды студенттерді қолдау мақсатында облыстың білім басқармасы «Мыңжасар Әдекенов атындағы стипендия» тағайындап, өңірдегі ауылшаруашылық және агротехникалық колледждер арасында конкурс жарияланған болатын.
Байқау қорытындысында М.Әдекенов атындағы Қарқаралы ауылшаруашылық колледжінің екі студенті Дамира Рысбай мен Рауан Қордабай ие болды. Жиырма мың теңге көлеміндегі ай сайын берілетін стипендиялық грантты оқу жылы ішінде «М. Әдекенов атындағы корпоративтік қор» төлеп отырады.
Қарқаралы ауылшаруашылық колледжі 80 жылдан астам тарихында ауыл шаруашылығының 15 мыңнан астам білікті маманын даярлап шығарған қабырғалы білім ұясы.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы