Көктем оңтүстіктен басталады деген сөз бүгінде тәмсілге айналып кеткендей тілге еріксіз оралады. Көктем – қыста ілген жабағы жүнді сыпырып тастап, көңілге шаттық ұялататын көгілдір көйлек кигендей ғажап мезгіл ғой.
Наурызда республикалық ақындар айтысын өткізген оңтүстік енді «Театр көктемі-2016» облыстық фестивалін де жоғары дәрежеде өткізіп үлгерді.
Қазақта Рақымжан Отарбаевтай аса талантты қаламгер бар. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Күлия Айдарбекова фестивальдың репертуарын шығармаларының тынысы бөлек, шоқтығы биік жазушының туындыларына арнап, дұрыс іс қылды.
Өйткені, «Бармасаң, келмесең жат боласың» дегендей, Қазақстан атты құтты шаңырақтың астында отырып, Елбасы айтқандай, әр облыстың жеке хандық құрғандай бір-бірімен араласпауы өз-өзімен бұйығылануға алып келері хақ қой.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты шараға облыстың тоғыз театры қатысты. Барлығы арнаулы жүлделермен марапатталды. Асанәлі Әшімов, Есмұхан Обаев сынды театр тарландары қазылық еткен фестивальда әр театр өз бойы, талантына лайық сыбағаларына ие болды.
Әйтсе де бас жүлдеге автор арнайы тіккен автокөлік – біреу. «Қиналған Жамбыл жері осы» болған.
Фестивальдың жабылу салтанатында жүлде қоры 1 млн. теңге болатын «Ең үздік қойылым» аталымымен Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры марапатталса, «Ең үздік режиссура» аталымымен облыстық орыс драма театрының режиссері И.Вербицкий (жүлде қоры 500 мың теңге), «Актерлық ансамбльдік тұтастық» аталымымен облыстық әзіл-сықақ және сатира театры (500 000 теңге), «Тарихи тақырыпты үздік меңгергені үшін» аталымымен Түркістан қаласының сазды-драма театры (300 мың теңге), «Патриотизмді үздік бейнелегені үшін» аталымымен облыстық қуыршақ театры (300 000 теңге), «Ең үздік ер адам» аталымымен Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының актері С.Әріпханов (200 мың теңге), «Ең үздік әйел адам» аталымымен облыстық өзбек драма театрының актрисасы Д.Халметова (200 мың теңге), «Екінші пландағы ер адам» аталымымен облыстық өзбек драма театрының актері Ұ.Насыров (100 мың теңге), «Екінші пландағы әйел адам» аталымымен Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының актрисасы А.Нұртазина (100 мың теңге) марапатталды.
Ұлы Абайға арналған, қазақтың әдебиеті, театры әлеміндегі классиктері Мұхтар Әуезов, Латиф Хамиди және Ахмет Жұбановтың қаламы тиген, ұлы жүректерінен туған шығарма осылайша көш бастап, салтанатты шараның шымылдығын жапты.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы