Қазіргі таңда қазақстандықтардың алдында қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқытуды жаңа сатыға көтеру – педагогика мен білім беру ісіндегі іргелі міндеттердің біріне айналып келеді. Бұл орайда Елбасы бастамасы бойынша «Үш тұғырлы тіл» мәдени жобасын дамыту басымдыққа ие. Соның ішінде жаңғыру жағдайында әлемдік интеграцияға кірігу тілі ретінде ағылшын тіліне баса мән беріліп отыр. Әлемдік білім беру кеңістігінде интеграциялық үрдістердің тереңдеп кең қанат жайған тұсында мұның өзі қажеттілік пен сұраныстан туындайды.
Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазіргі заманғы қазақстандық үшін үш тілді білу – әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты. Сондықтан, 2020 жылға қарай ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20 пайызды құрауы тиіс» екендігін атап көрсеткен болатын. Сөз жоқ, бұлай болуы өте жағымды әрі қажетті құбылыс дей аламыз. Оның үстіне бүгінде ағылшын тілін оқып-үйренуге тілек білдірушілер саны да өсіп келеді. Мұның өзі ағылшын тілі еліміздің оқу жүйесінде айрықша мәртебеге ие болғандығын айқындайды.
Ағылшын тілін мектеп қабырғасынан бастап жоғары оқу орындарында оқыту біздің ойымызша жаңа әдістемелік жүйе мен құралдардың қажеттілігін тудырады. Қазақ, орыс және ағылшын тілдері секілді үш тұғырлы тілді меңгеру – мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тұлғааралық және мәдени қарым-қатынастардың аса маңызды құралы.
Мемлекеттің халықаралық байланыстарының сапалық өзгерістері адамның тәжірибелік және зияткерлік іс-әрекетінде көптілдік сұранысқа ие болу қажеттілігін танытады. Қазіргі күні еліміздің басқа мемлекеттермен қарым-қатынасы жан-жақты дамып, жақсарып отырған кезде үш тілді еркін меңгерген, келешекте білімін түрлі саладағы қарым-қатынас жағдайында пайдалана алатын адамды мектеп қабырғасынан оқытып шығару – бәріміз үшін ортақ парыз. Мерейлі міндет.
Қазақстанның тәуелсіз елге айналып, әлемдік өркениеттің даму жолына түсуі тілдерді жетік меңгеруді талап етеді. Осыған орай, білім беру жүйесінде мұғалімдерге қойылатын талаптардың бірі – өмірден өз орнын таңдай алатын, өзара қарым-қатынаста өзін емін-еркін ұстап, кез келген ортаға тез бейімделетін, белгілі бір ғылым саласынан білімі мен білігін көрсетіп, өз ойы мен пікірін батыл айта алатын полимәдениетті жеке тұлға қалыптастыру болмақ.
Сонымен бірге, осы шеңберде бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу ісіне де осындай кешенді көзқарас тұрғысынан қарай білуіміз керек. Мұның өзі қазақ, орыс және ағылшын тілі пәндері мұғалімдеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. Қазіргі заман талабына сай мұғалімдер дәріс беруге үлкен дайындықпен келіп, жаңаша әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы сабақтарды түрлендіріп отырса нұр үстіне нұр. Болашақ ұрпақтың дамуы ұстаздардың белсенділігі мен білім деңгейіне және шығармашылық іс-әрекетіне байланысты екені кәміл.
«Үш тұғырлы тіл» идеясы мен бағдарламасының басты мақсаты жоғарыда айтылғандай қазақ, орыс және ағылшын тілдерін бірдей меңгеру. Бүгінгі таңда ағылшын тілін меңгеру дегеніміз – ғаламдық ақпараттар мен инновациялардың ағынына ілесу деген сөз. Қазақстандықтардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқып-үйренуіне жәрдемдесу үшін колледждер мен жоғары оқу орындарында болашақ ұстаздарды оқыту жүйесі мен үдерісіне қойылатын талаптарды одан әрі тереңдету қажет деген ойдамын.
Сондықтан, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ елінің бүгінгі ұрпағын үш тұғырлы тілді меңгеру қажеттілігі жөніндегі қойған талабын кеңінен және әріден ойластырылған қажетті қадам деп есептеуіміз керек. Елімізде қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін иеленген. Сондықтан, оны білу барша қазақстандықтардың ортақ парызы. Бүгінде мемлекет құраушы ұлттан өзге отандастарымыз арасында мемлекеттік тілді үйренгісі келетіндер үшін қажетті жағдайлар туғызылып отырғаны белгілі. Бұл бағытта тілді игеру мен меңгеру жөнінде арнайы курстар ұйымдастырылып жүргені осы пікіріміздің дәлелі. Кез келген тілді үйрену үшін ең алдымен тілдік орта қажет екені белгілі. Осы орайда осы ортаны қалыптастыруға еліміздің байырғы тұрғындары әрдайым бастамашы болғанын қалар едік.
Ал, орыс тілі – елімізде ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде емін-еркін қолданылып келеді. Ресей біздің ежелгі көршіміз. Көршінің тілін жетік білген жөн. Жетік меңгерген жөн. Әйтпесе болмайды. Көршінің тілін білу біздің ежелгі байланыстарымыз бен қарым-қатынастарымызды одан әрі тереңдете түседі. Елбасы атап көрсеткендей, біз бұл тілді меңгергенбіз. Алдағы кезде де орыс тілін емін-еркін меңгеруге ешқандай кедергі жоқ. Ең бастысы, ұмтылыс пен ынта-ықылас болса, кез келген қазақстандық үш тұғырлы тілді қиналмай меңгере алатыны анық. Бұл біздің әлеуметтік қауымдастық алдындағы біліміміз бен біліктілігімізді, абыройымыз бен парасат-пайымымызды көтере түспек.
Асқар АМАНБАЕВ,
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы
ОРАЛ