19 Қаңтар, 2011

Жердің де, елдің де көркі тал болар

1376 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Жетісу жұртшылығы еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай әр ауылдық округте 20 мың ағаш егу жөнінде бастама көтерді Сол бастамаға ұйытқы болған рес­публикалық ғылыми-таным­дық, көпшілік «Гүлстан» журналы, Ал­ма­ты облысы «Жетісу жастары» жас­тар орталығы және «Гүлзар» қо­ғамдық бірлестігі Алматы қала­сын­да біраз қоғам қайрат­кер­ле­рі­нің, эко­лог-ғалымдардың, белгілі мамандардың, бұқа­ра­лық ақ­парат құралдары өкілдерінің басын қосып, дөң­ге­лек үс­тел өткізді. Ондағы мақсат – пікірге пікір қосып, осы­нау бас­таманы кең насихаттай отырып, оның өрісін кеңейту екен. Мұндай жиындарға қатысу жұртқа таңсық емес қой. Бірақ сол «Гүлзар» бірлестігі мен «Гүлстан» журналының кеңсе­сін, оның орналасқан жерін кө­ріп-ақ, біраз жайды ұққан­дай­сың. Қыстың қақаған аязында жасыл желек жамылған ғи­ма­ратқа кіріп, айналаң гүлге оран­ған жайға енгенде-ақ кө­ңі­ліңе бүгін болатын әңгімеге ай­рықша ынта-ықылас артады екен. Көңіл алдамапты, ба­рын­ша мазмұнды да қызықты әң­гіме-дүкен болды. Сырт қарағанда, бір ауыл­дық округте 20 мың ағаш отыр­ғызу оңай шаруа емес. Кө­ңілге күдік үйіріле берді. Ең ал­дымен егетін көшетің бар ма, жерге шаншар шыбығың бар ма дейсің. Онан соң жергілікті әкім­шілік тарапынан қандай қол­дау болады, олар шындап кіріспесе, ынталы істің тоқы­рай­тыны бар. Барлық күдікті соңғы кезде өзінің қоғамдық ісімен айрық­ша көзге түсіп жүрген азамат қызы­мыз, «Гүлстан» журналы­ның бас редакторы, бірлестік­тің төр­айы­мы Гөзел Құлжа­баева қарын­да­сы­мыздың сөзі шайдай ашқан. Жаңа жылдан екі күн бұрын Тал­дықорған қа­ласында Алматы об­лысының әкімі Серік Үмбетовтің қол­дауы­мен облыс жастарының 350 өкілі қатысқан жиында «Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесін әр ауылдық округте 20 мың ағаш егіп қарсы алайық!» деген үндеу қабылданыпты. Облыс әкімі қолдаса, ауданы бар, ауылы бар, барлығы қолдайтынына күмән жоқ. Бірақ сол қолдаудың өзі мынау алға қойған үлкен мақ­сатқа жеткізе ала ма? Бұған Гөзел Әлібекқызының жауабы да дайын екен. Бұрнағы жылы «Гүлстан» журналының баста­ма­шы­лығымен сол Алматы об­лысының Кербұлақ ауданын­дағы Басши және Нұрым ауыл­дарында мектеп оқушылары, ұстаздар және ауыл тұрғын­дары 20885 түп ағаш және 1200 түп көпжылдық гүл егіпті. Ал былтыр Басши ауылы­ның жеті тұрғыны өз шаруа­шылығының жерлеріне 900 түп ағаш көшетін отыр­ғызыпты. Дәл осындай мүмкіндік барлық ауылда бар. Содан да облыстың әр ауылдық округінде 20 мың түп ағаш егу ұраны, дұрыстап қолға алса, жүзеге ойдағыдай асатын мақсат. Осы жерде еліміздің табиғатының бас жанашыры десек, жара­сатын «Та­биғат» экологиялық қоз­ға­лы­сы­ның төрағасы Мэлс Елеу­сі­зов­тің ескертпесі де орынды естілді. – Жақсы бастамалар әрқашан туындап жатады. Бірақ соның баян­дылығына көбірек көңіл аударайықшы, – деді бас эколог. – Мұны мен өз тәжірибемнен ай­тып отырмын. Жыл сайын Алма­тының маңына ағаш егеміз. Әде­мі уәде беріп, соның күтімін мой­нына алғандар сөзінде тұрмай, еккеніміздің қурап қалғанына жа­нымыз күйзеледі. Ойларын ортаға салғанда, ғалымдардың (Т.Баймолдаев, Б.Сма­­нов) айтары істің ғылыми негізділігі, тілшілердің (С.Әбіш­қы­зы, Ж.Молдахметов, Ә.­Әб­ді­­райым­ұлы) айтары осынау бас­та­маның насихаты болса, ал істің жү­зеге асуы негізінен жергілікті би­лікте, олардың жұртты осынау игілікті шараға жұмылдыра білуінде. – Бәрімен де сөзге тоқ­тас­қанбыз. Олардың сөздерін жұрт естіген. Жергілікті әкімдік, ондағы жастар бастаманың басында жү­ре­ді, – деді бас бастамашы Гөзел Құлжабаева ханым. – Азамат­тық­қа сын болар іс қолға алынып отыр. Жетісулықтар осындай бір игі істі қолға алғанда, оны қолдауға бүкіл республика жұртшы­лы­ғын шақырып отыр. Иә, жақсы іс бүкіл республика көлемінде өрісін жайса, нұр үстіне нұр ғой. Тіпті кейбір орман-тоғайы тым сирек өңі­ріміз үшін оның маңызы өте-мөте зор. Жалпы, біздің рес­публикамызда мұндай игілікті шараны жүйелі жүзеге асы­рудың уақыты әлдеқашан келген, тіпті көп нәрседен кеш­теу қалып жүрміз десек те болады. Бұл өзі ұлттық дең­гейде халық болып мықтап қол­ға алатын-ақ шаруа. Осы жерде әлемдік тәжі­рибеге аз-кем көз жүгірткен де артықтық етпес. Италияда 1923 жылдан бастап 21 наурыз­да елде «Жаңару» және «Та­биғат» мерекесі өткізіліп, жаппай ағаш егу жүзеге асады екен. Бір жарым миллиардқа тарта халқы бар Қытайда 1981 жылдан бастап, 11 жастан 60 жас аралығындағы әр адам 3-5 түп ағаш егуге міндетті көрі­неді. Сонда бір жылда мың емес, миллион емес, бірнеше миллиард түп ағаш егіледі! АҚШ-та «Ағаш егу мерекесі» 1872 жылдан бері өткізілетін болса, соңғы жарты ғасыр бойы Вьетнамда бұқаралық ақпарат құралдары халықты ағаш егуге ша­қыруды өзінің міндеті са­найды. Оңтүстік Кореяда да заң­дастырылған «Ағаш егу мерекесі» бар. Ал Филиппиннің әр азаматы жыл сайын 5 түп ағаш отырғызбаса, азаматты­ғынан айырылады. 82 миллион халық жыл сайын 5 түп ағаш ексе, онда 410 миллион түп орман жайқалады деңіз. Қарап тұрсақ, сол елдердің барлығында да орман-тоғай жетерлік. Бірақ болған үстіне бола түссін дейді. Орманның, жасыл желектің мәнін біледі. Біз де білсек, артық емес-ау. Жетісулықтардың бастамасын жаппай қолдауға уақыт та молынан жетеді. Көктемге дейін әр ауылда ағаш егілетін жерді де айқындап, шаншылар шыбық, егілетін көшеттерді әзірлеуге де мүмкіндік бар. Тек ынта-ықылас, туған жерді түлетсек деген ізгі ниет болсын дейік. Мамадияр ЖАҚЫП.