Ашығын айтайық, талантты ғалым, тамаша ұйымдастырушы деп айтуға тұрарлық бір жан болса, ол осы біздің ұстазымыз Тынысбек Қалменов. Бұл кісі қазақ математикасының бүгінгі таңдағы маңдайға басар мақтанышы, көрнекті ғалым, ұлт ғылымының шын жанашыры. Оның өмір жолына қарап, тек қана алдыңғы қатардан көрінген жан екенін аңғарамыз.
Тынысбек Шәріпұлы 1946 жылы сәуір айында Оңтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Төле би ауданы, Көксәйек ауылында дүниеге келген. 1953 жылы өзі қатарлы балалармен бірге ауылындағы білім ұясының табалдырығын аттап, кейін Шымкент қаласындағы Социалистік Еңбек Ері Маржан Тасова атындағы №12 интернатқа ауысып, мектепті алтын медальмен аяқтайды. Оқушы кезінде көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты атанады. Қазақтың ұлттық домбыра, асатаяқ, сыбызғы сияқты аспаптарын, сонымен қатар, баян мен гитараны да еркін меңгереді. Керемет әншілік қабілетін де айта кеткен жөн.
1964 жылы Новосібір мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне оқуға түсіп, Лениндік стипендиямен оқып, қызыл дипломмен үздік бітіреді. 1969-1972 жылдар аралығында КСРО ҒА Сібір бөлімшесінің Математика институтының аспиранты атанып, кандидаттық диссертациясын қорғады.
Елімізге танымал ғалым Мұқтарбай Өтелбаев 1972 жылы ҚазКСР Ғылым академиясының жас ғылыми қызметкері ретінде бір теореманы дәлелдеп жатқанда, залда отырған байырғы ғалымдар бұл дұрыс емес деп қарсы шығады. Сонда Мұқаң араларыңызда мына теореманы түсінетіндеріңіз бар ма деп сұрағанда, ортада отырған Тынысбек суырылып шығып, бірге дәлелдесіп қарсыластарынан басым түскендіктерін айтады. Сөйтіп, екеуінің ғылымдағы және өмірдегі достықтары осылайша басталады. Үлкен жүректі азамат академик Мұқтарбай Өтелбаевпен бірлесіп жас ғалымдарға семинарлар ұйымдастырып, іргелі іске білек сыбана кірісіп кетеді. Осы кездерде Мұқаң «Дифференциялды операторлар» теориясын Тынысбек замандасынан үйреніп, «Дифференциялды операторлардың тартылуы және кеңеюі» теориясын шешіп, көптеген ғылыми мақалаларды бірге жариялағанын еске алады. Бұл еңбектерді қазір әлем ғалымдары пайдаланады.
Кейіпкеріміз 1978 жылы КСРО-да жастарға берілетін ең жоғарғы марапат – ғылым мен техника саласындағы Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағын алады. Ал 1972-1985 жылдар аралығында ҚазКСР ҒА құрамындағы Математика және механика институтында кіші, аға, бас ғылыми қызметкер, лаборатория меңгерушісі болып кәсіби баспалдақтар бойынша жоғары қарай өрлей береді. Сол жылдары оның көптеген мақалалары Мәскеуде шығатын беделді ғылыми басылымдарда жарияланады. Оның ұстаздары КСРО ҒА корреспондент-мүшесі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Андрей Васильевич Бицадзе мен физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Адам Маремович Нахушевтің жетекшілігімен тың ізденістерге ден қойып, физика-математика ғылымы бойынша докторлық диссертациясын жазып, оны 1983 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі ғылыми кеңесте сәтті қорғап шығады. Мұны үлкен жетістік ретінде бағалауға болады. Өйткені, алдыңғы буынның айтулы өкілдері Асан Тайманов, Орынбек Жәутіков, Өмірзақ Сұлтанғазин, Мұқтарбай Өтелбаевтардан кейін Мәскеуді мойындатқан осы Тынысбек Қалменов болды.
ҚР ҰҒА академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор Р.Берсімбайдың әңгімесіне құлақ түріп көрелік. «Тынысбек Қалменовпен менің танысқаныма елу жылдан астам уақыт өтіпті. 1964 жылы біз Новосібір мемлекеттік университетіне оқуға түскен едік – дейді ол кісі. Тынысбектің математика саласында үлкен ғалым болып қалыптасуына есімдері дүние жүзіне белгілі ғалымдар ұстаздық ететін аталмыш оқу ордасы қомақты үлес қосты. Сабақтан бос уақытының бәрін ол университет кітапханасының оқу залында өткізетін. Факультетте және Математика институтындағы семинарларға қатысып, баяндама жасап, білімпаздығымен мамандардың көзіне бірден түсті. Аспирант кезінде Новосібір университетінің механика-математика факультетінің студенттеріне семинарлық сабақтар жүргізіп, дәріс берді. Математиктерге жақсы танымал профессор А.Нахушевтің жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғап, сол кездің өзінде-ақ келешекте ғылымда үлкен табыстарға жететін қабілетін байқатты. Кездесіп қалып әңгімелескен сәттерде ол КСРО ҒА корреспондент-мүшесі А.Бицадзе мен профессор А.Нахушевтің есімдерін әрдайым ілтипатпен атап, сол марғасқалардың өзіне көрсеткен әріптестік көмектерін айтатын.
1985-1991 жылдар аралығында қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да дифференциялды теңдеулер кафедрасының меңгерушісі, механика-математика факультетінің деканы болды. Ол кісі кафедраны, факультетті басқарған тұста университеттің қоғамдық, ғылыми істеріне белсенді араласып үнемі алдыңғы орындарда жүрді.
Техника ғылымдарының докторы, профессор Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Шәріпбай ағамыз бірде Тынысбек Қалменов туралы ағынан жарылып тұрып мынаны айтты. «1985 жылы Тынысбек Шәріпұлы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті механика-математика факультетінің деканы еді. Сол жылы «Информатика» жеке пән ретінде жоғары білім берудің барлық мамандықтарына енгізілсін деген Үкімет қаулысы шықты. Осы пән бойынша оқу үдерісін қамтамасыз ету үшін мені механика-математика факультетінде ашылған информатика кафедрасының меңгерушісі қызметіне шақырды. Мен оған келісім беріп, жаңа жұмысқа кірістім. Ал 1986 жылдың 16 желтоқсанында Алматыда жастар көтерілісі болды. Дәл сол күні сағат 11.30-да мен механика-математика факультеті ғимаратының 316-аудиториясында лекция оқуым керек болатын. Келсем студенттердің саны аз, сабаққа келмегендерді белгілеп, журналға қол қойдым да дәрісті бастап кеттім. Бірақ, біраз уақыттан кейін коридордан «алаңға жүріңдер» деген дауыстар естілді. Алдымдағы студенттер «ағай бізді де алаңға жіберіңізші» деп сұрай берген соң, сол жақта бір мереке басталған шығар деп ойлап, жібере салдым. Кешке алаңда көтеріліс болғанын теледидардан білдім. Осы оқиғадан біздің С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті көп жапа шекті. Біраз адамдар партиядан, жұмыстан, студенттер оқудан шығарылып, сотталып кетті.
1987 жылдың наурыз айында мені КГБ адамдары «Қазақстан» қонақ үйінің 8-қабатындағы бір бөлмеге шақырып, бірнеше сағат бойы таныс адамдардың атын атау үшін көптеген суреттерді көрсетіп, ұлтшылдық туралы түрлі сұрақтар қойып, соның ішінде 1983 жылы студенттердің дипломдық жұмыстарды қорғау бойынша мемлекеттік комиссия алдында неге қазақ тілі қамқорлықсыз қалған тіл деп айттың деген қитұрқы сөздер айтып мазамды алды.
Сол жылдың мамыр айының аяғында тағы да КГБ мені шақырып: «1986 жылдың 16 желтоқсанында сен неге студенттерді сабақтан босатып жібердің?» деген сұрақпен қорқытып, әбден әбігерімді шығарды. Мен сол күні өз сабағымды уақытында өткіздім, оған дәлелім бар деп тұрып алдым. Содан тергеуден шыға салып, артыма қарамай жүгірген бойда Тынысбек Шәріпұлының кабинетіне ентіге кіріп келдім. Сыртқа шығуға ымдап едім, ол кісі түсінді де, ғимараттың артындағы есікпен далаға шықтық. КГБ адамдары ешкімге айтпа десе де, болған жағдайды толық баяндадым. Ол кісі біраз ойланып тұрды да студенттерді түгендеген журналыңды менің сейфіме сал, оны менен басқа ешкім көре алмайды. Ал өзіңді докторантураға жіберейін. Жақында ректор жиналыста докторантураға бір орын бар деген, соны саған берейін. Сен мәскеуліктермен жұмыс жасап жүрсің ғой. Солардан өзіңді қабылдаймыз деген келісім хат алып кел деді. Сол күні кешке Мәскеуге ұшып кеттім де, үш жерден тиісті құжаттарды әкелдім. Ішінен М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің келісімін дұрыс көріп мені докторантураға жіберді. Бұйрықты Мәскеу университетіне шығартып, Зеленоградқа кетіп қалдым да, сол жердегі Ғылыми өндірістік орталықта жабық тақырып бойынша ғылыми зерттеулермен айналыстым. Сол кеткеннен Кеңес Одағы тарқағаннан кейін ғана елге оралдым». Ағамыз міне осылайша қуғын-сүргіннен аман алып қалған Тынысбек Шәріпұлына алғысын білдіреді.
Тынысбек Қалменов елдің экономикалық, әлеуметтік жағдайы қиын шақта ректорлық қызметке тағайындалған. Ол қазіргі М.Әуезов атындағы ОҚМУ материалдық-техникалық базасының нығаюына көп еңбек сіңірді. Бұл кісінің тұсында жаңадан мамандықтар ашылып, көптеген кафедралар ұйымдастырылды. Математика факультеті құрылды. Лабораториялық құрал-жабдықтар алынып, жастардың терең білім алуына жан-жақты жағдай жасалды. Студенттер мен аспиранттардың саны екі еселенді. Жаңа оқу ғимараттары салынып, ескілері күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл кісі басқарған тұста М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың елу жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде кеңінен аталып өтілді. Мұғалімдердің жалақысын сол 90-жылдардағы қиындықтарға қарамастан көтеріп, сырттан профессор-оқытушылар құрамын шақырып, үлкен ғылыми база қалыптастырды. Бүгінде шетелдерде, Қазақстанның түпкір-түпкірінде, әртүрлі деңгейдегі әкімшіліктер мен министрліктерде Тынысбек ағамыздың тәрбиелеген шәкірттері жауапты қызметтер атқаруда. Алдыңғы қатарлы шәкірттері облыстардың, қалалардың әкімі, министрліктің тізгінін де ұстап үлгерді.
1996 жылы Тынысбек Шәріпұлының тікелей ұйымдастыруымен Шымкент қаласында Қазақстан математиктерінің I съезі өткізілді. Оған алыс-жақын шетелдерден көптеген көрнекті ғалымдар қатысты. Съезде олар математика ғылымының мәйекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Математиканың түрлі салалары бойынша талқылаулар болып, алдағы даму бағыттары айқындалды. Бұл бүгінгі күнге дейін үлкен мәнге ие алқалы жиын болып тарихқа енді.
Қандай болмасын басшы ғалымдардың кеңсесіне кірсең үлкен үстел, қымбат сурет, бағалы мебель көресің. Ал Тынысбек Шәріпұлының кабинетіне барсаң ғылыми журналдар, әлем әдебиетінің классикалық туындылары, шәкірттерінің ғылыми еңбектері, ені екі, ұзындығы төрт метр тақта тұрады. Бұл оның ғылымға шын берілгендігінің белгісі. Көп ғалымдар Тынысбек Шәріпұлының алдында баяндама жасаудан жасқанып, есеп шығарып, теорема дәлелдеуден қаймығып тұрады. Өйткені, математик ғалымның терең энциклопедиялық білім иесі екендігін олардың бәрі біледі.
2013 жылы «Дифференциялдық теңдеулердің бастапқы-шекаралық есептер теориясы» атты жұмыстар топтамасы үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті Математика және математикалық модельдеу институтының бас директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Тынысбек Қалменов Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.
Тынысбек Шәріпұлы елу жылға жуық уақыттан бері математика ғылымының ішінде вольтерлік емес трикоми операторының проблемаларын шешумен, гиперболалық, эллипстік және аралас типтегі теңдеулер үшін локальді емес шекаралық есептердің спектрлік теориясын құрумен айналысып келеді. Сонымен қатар, еліміздегі аралас типтегі теңдеулер жүйесі мектебінің негізін қалаған ғалым. Бүгінгі күнге дейін Томсан Рейтерс базасының импакт фактор басылымдарында жарияланған 200-ден астам ғылыми мақалалардың авторы. Басқа да елеулі еңбектері баршылық.
Тынысбек Шәріпұлының Қазақ руханияты мен мәдениетіне, жаңа дәуірдегі Қазақстан ғылымына қосқан еңбегі мол. 1993 жылы Қазақстан Республикасының Президентi Н.Назарбаев пен Өзбекстан Президентi И.Кәрімов Төле би бабамыздың (халық арасында «Қарлығаш би», «Қарлығаш әулие» деген атпен де танымал болған) мазарына келiп, зиярат жасайды. Тозығы жеткен кесенені көріп көңілсіз қайтқан бір топ ел ағалары ақылдаса келе қайта жөндеу жүргізу қажет деп тауып Төле би қорын құрып, жаңғырту жұмыстарын бастап кетеді. Қордың басшысы Тынысбек Қалменов қаржы көзін тауып, сәулет өнерінің небір майталмандарын іске тартып, екі жылға жуық уақыт тер төгіп көп істі тындырады. Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков те бала-шағасын Қазақстанға көшіріп жіберіп, өзі Төле би бабамыздың басында күні-түні дамыл таппай, қона жатып қайта қалпына келтіру жұмыстарын жасайды. Құлпытасты дайындауға тамаша сәулетшілерді араластырып, өз ісінің шеберлеріне әсемдетіп Құраннан алынған қасиетті сөздерді қашап жаздырады. Ал алдыңғы бет жағына – Төле бидің туған және өмірден өткен жылдары көрсетіледі. Қапталына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тәңірім қазаққа елдікті де, ерлікті де, даналықты да берген» деген қанатты сөзін ойып жаздыртады. Бұған дейін кесене ресми түрде «Қарлығаш би кесенесі» деп аталып келгені мәлім. Бұл кісінің еңбегінің арқасында нақ осы жолы ғана «Төле би кесенесі» деген шынайы атын қайтара алдық.
Исі қазаққа аты мәшһүр болған Төле бабаның сүйегі Ташкент шаһарының қақ ортасында, Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ұрпағы – Шейх Хаванд Тахурмен қатар жатқаны белгілі. Заманында «ақылдың алдаспаны», «кемеңгердің кемелі», «білімдінің білгірі» атанған Шейх Хаванд Тахурдың XVI ғасырда салынған кесенесін Ташкенттегі аса көрнекті сәулет ескерткіштерінің бірегейі десе болады. Тынысбек ағамыз қосымша қаржы шығарып осы Шейх Хаванд Тахурдың кесенесіне, Төле би бабамыздың кесенесімен бірдей қайта жаңғырту жұмыстарын жасайды. Кесене жанынан бар жағдайы жасалған зияратхана салдырады. Жақын жылдары тағы да қосымша жаңғырту жұмыстарын жасап берді. Тынысбек Шәріпұлы болашақ ұрпақтар алдында өзінің зор міндетін осылайша абыроймен атқарды. Барлық алға қойған міндеттер орындалып, жұмыс аяқталғасын ел жанашырлары, атсалысқан азаматтар бірігіп имамға құран оқытты. Сол күннен бастап 26 мамыр Төле бидi еске алу күнiне айналды. Жыл сайын осы күні баба басына барып Құран оқытып, ас беру дәстүрге айналған.
Тынысбек Шәріпұлының осындай биік-биік белестерді бағындыруына ол кісінің үйіндегі аяулы апамыз Жанар Тұрдалықызының қосқан үлесі зор. Олар он баланы өмірге әкеліп, құтты орнына қондырып, үбірлі-шүбірлі ұрпақ өсірген, мерейлі отбасын ұстап отыр. Егер біреулер сен ғылымда кімнің баласысың, ұстазың кім деп сұрай қалса, мен академик Тынысбек Қалменовтің он бірінші баласымын және төл шәкіртімін деп жауап беремін.
Сүндет КӘРІМОВ,
техника ғылымдарының
кандидаты
АСТАНА