21 Қаңтар, 2011

Жұмыс орнын ашу жақсара бермек

411 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өткен жылы «Жол картасымен» тиянағы келтірілген жұмыстарды биыл да жалғастыруды қарастыруда. Өңірде 2011-2015 жылдарға арналған даму бағдар­ламасы жасалып, оның шеңберінде халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға және жұмыссыздықты азайтуға бағытталған шаралар кешені қолға алынбақ. Бағдарлама бойынша 20000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 1327 жұмыс орны ашылады. Текелі қаласында «Грин Хаус-Зеленый Дом» жылыжайында 60 жұмыс орны, Қапшағай қаласындағы «Ильно Групп» серіктестігінде көп бағдарлы және иілген болат профиль шығару зауыты 90, «Парентерал Драгз Қазақстан» инфузионды ерітінділер үшін бір реттік жүйелер жасау зауыты 300 және Райымбек ауданының Шарын өзеніндегі ғасыр құрылысы – Мойнақ су электр стансасында қосымша 527 жұмыс орны құрылады деп жоспарланып отыр. Еңбек рыногын реттеу және халықты жұмыспен қамтуда 19579 адамды жұмысқа орналастыру, 9000 адамды қоғамдық жұмыстарға тарту, 552 адамға әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру жөніндегі бастама кезең-кезеңімен басталып кетті. Сонымен бірге 2840 адамды кәсіби және қайта даярлау, біліктілігін арттыру, 1125 оқу бітірген жас түлекті тәжірибеге қатыстыру жоспарланғаны да мәселенің мәнін аша түседі. Осылайша жастарды болашақ мамандықтарына баулу жайы шешімін табуда. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.