Астанадағы темір жол вокзалы ғимаратында пойыз билеттерін сататын арнайы терминалдардың таныстырылуы болып өтті. Жаңа терминалдар Астанамен қатар еліміздің үш қаласында, Алматы, Қарағанды және Ақтөбеде бір уақытта ашылды. Жалпы саны 10-ды құрайтын жаңа технологияның 3-еуі елордадағы вокзал ғимараттарында, ал біреуі «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ғимаратында орнатылған.
Жаңа технология жолаушылардың өз-өзіне қызмет көрсететін транзакциялық терминалы деп аталады. Заманауи 10 автоматты терминал өткен жылдың 31 желтоқсанынан бастап еліміздің 4 вокзалында және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бас ғимаратында пайдалануға беріліпті. Оны қолданысқа «Жолаушылар тасымалы» АҚ енгізіп отыр.
Терминал жолаушыға өз еркімен билетті таңдауға және сатып алуға, сондай-ақ интернет арқылы тапсырыс берген билеттерді басып шығаруға мүмкіндік береді. Құрал арқылы мемлекетаралық және республика ішінде қатынайтын барлық пойыздарға билет ресімдеуге болады. Жеке тұлғаға өз бетінше электронды технологияны пайдалану арқылы билеттерді тікелей ресімдеуге мүмкіндік беретін, оларды онлайн режімінде сатуға арналған құрылғының сыртқы пішіні банкоматқа ұқсас. Операциялық жүйемен қамтамасыз етілген бір терминалдың құны шамамен алғанда 50 мың доллар. Ресейден сатып алынған бұл технология болашақта тағы тапсырыспен алдырылуы мүмкін.
Жолаушы терминалдан өзіне керекті пойыз бағытын тауып, оның жүру және келу уақытын да таңдай алады. Билет құнын банк карточкасы арқылы төлейді. Төлқұжаттағы ақпараттарын жолаушы өз қолымен енгізген соң билет пен чекті сол сәтте алады. «Жолаушылар тасымалы» АҚ-тың стратегиялық даму және жаңа технологияны ендіру бойынша атқарушы директоры Асылхан Қалдыкөзовтің айтуынша, терминалдар арқылы сатып алынған билеттерге банк тарапынан комиссиялық төлемдер төленбейді екен. Оған қоса, терминал Қазақстандағы барлық банк түрлеріне қызмет көрсетеді. Болашақта мұндай терминалдар саны тағы 10-ға көбеймек. Олар облыс орталықтарындағы вокзалдарға орнатылады.
Жаңа технология екі режімде қызмет көрсетеді. Оның бірі – банктік төлем жүргізу арқылы билеттерді сатып алу, оларды басып шығару және жолаушыға билеттерді беру операциясы болса, екіншісі интернет арқылы немесе басқа да ӨҚТТ арқылы тапсырыс берілген және төленген билеттерді тапсырыс нөмірі бойынша беру.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.